«Астана Опера» - өнердің алтын ордасы

Фотография - «Астана Опера» - өнердің алтын ордасы

Астана қаласының бұқаралық ақпарат құралдары Елордадағы «Астана Опера» мемлекеттік опера және балет театрымен танысып шықты

218 0

Астана қаласының бұқаралық ақпарат құралдары Елордадағы «Астана Опера» мемлекеттік опера және балет театрымен танысып шықты.

Астананың төрінде жаңа театрдың салынуы – Қазақстанның мәдени өміріндегі маңызды оқиға. Театр басшылығы өнер ордасының қызметін, жалпы театр өнерін әлемдік деңгейге көтеруді мақсат етіп қойған.

«Баршаңызға белгілі президент Н.Назарбаев бұл театрға «Астана Опера» атауын өзі берген болатын. Парижде – Гранд опера, Мәскеуде – Үлкен театр, Копенгагенде – атақты Копенгаген театры, Италияда – әйгілі Ла Скала театрлары бар. Ал «Астана Опера» біздің еліміздің ұлттық брендіне айналуы тиіс», - деді театр директоры Төлеген Мұхамеджанов.

Жаңа театрдың ерекше мақтанышы – сахна көлемінің орасан кеңдігі. Ені мен ұзындығы 18 метр болатын сахна үшке бөлінген: негізгі сахна, арьерсахна және екі қапталындағы қалталар. Осының арқасында спектакль бір мезгілде 3 декорациямен үзіліссіз жүреді. Таға тәрізді көрермендер залы 1250 адамға есептелген. Оркестрлік шұңқырға 120 адам сыяды.

Театрдың 26 ауқымды дайындық залдары, оның ішінде 4 хор, 4 оркестр және 4 балет дайындығы залдары, 4, 6, 8-орындық 60 гримдеу бөлмесі бар. Балет дайындығы залдарының едендеріне төселген арнайы жабындар Еуроодақ елдерінен әкелінген.

Жуырда Астанаға Монакодан, Копенгеннен, Мәскеуден келген мамандар Театрдың жабдықталуына жоғары бағаларын берген болатын.

Баспасөз қызметі мамандарының мәлімдеуінше, биылғы жылдың күзінде театр қабырғасында балет би мектебі ашылмақ.

БАҚ өкілдері театр әртістерінің дайындығына қатысып, олардың шеберліктеріне куә болды.

21 маусым күні театрдың ашылу салтанатында Астана жұртшылығы әртістердің өнерін тамашалай алады. Театр Мұқан Төлебаевтың 100 жылдығына орай қазақ музыкасының інжу-маржаны «Біржан-Сара» премьерасымен ашылмақ. Опера қазақ тілінде микрофонсыз қойылады.

Т. Мұхамеджановтың айтуынша, қазіргі кезде театр ұжымы іріктеп алынған мамандармен жартылай жұмыс істеп келеді. Қыркүйек айының 4-5 күндері байқау ұйымдастырылып, арнайы құрылған комиссия әртістерді іріктейді. Осыдан кейін театр өз қызметін толыққанды атқаруға кіріседі.

 


Загрузка...

Пікір (0)

Input is not a number!
Input is not a email!
Input is not a number!