Алтайда аламан айтыс өтті

Фотография - Алтайда аламан айтыс өтті

Алтайдың XVII аймақтық ақындар айтысы Буыршын ауданының Ақкүнгейті жайлауында өтті

258 0

Алтайдың XVII аймақтық ақындар айтысы Буыршын ауданының Ақкүнгейті жайлауында өтті. Бұл туралы «Шыңжаң» газетінің тілшісі Қалиәкбар Үсемқанұлы хабарлайды.

 

Үш күнге жалғасқан аламан айтысқа Алтай аймағына қарасты 6 аудан, бір қаладан келген 40-тан астам жыр дүлдүлі қатысты. Әр ауданнан үкіленіп келген термешілер мен оркестр топтары да аламан айтыстың сахнасына сән, мазмұнына мән қосты. Сондай-ақ, ұлттық ат спорты түрлерінен аламан бәйге, жорға, қыз қуар, көкпар, теңге ілу ойындарына кезек беріліп, шаршы топта балуандар күш сынасты. Ішін қазақы үй жиһаздарымен толтырған қазақ киіз үйлері де бағаланып, үздік ұлттық киім үлгілерін дайындаған шеберлер анықталды.

Ақкүнгейтінің алқабын дыр-думанға бөлеп, айтысқа жиналған 50 мыңнан астам көрерменнің қағанағын қарық, сағанағын сарық қылған жыр додасының шымылдығы 12 маусымда жабылды. Сөз барымтасының бас бәйгесін халықаралық ақындар айтысының жеңімпазы, Шіңгіл ауданының ақыны Жәмиға Дәулетқызы еншіледі. Қытайдағы белгілі айтыс ақыны Шәкен Рахметоллаұлына «Құрмет сыйлығы» табысталды. Мәдени іс-шара соңында Буыршын ауданының әкімі Мұқият Нұрмұқанбетұлы айтыс туын Бурылтоғай ауданының әкімі Серік Қабікенұлына тапсырды.

Айта кетейік, Қазақ айтыс өнерін қорғау, насихаттау мақсатында Қытай Үкіметі жыл сайын миллиардтаған юань бөліп отырады. Ауыл, аудандарда жыл сайын, аймақтарда 2 жылда бір рет ақындар айтысы өткізілсе, Іле қазақ автономиялы облысының ақындар айтысы 3 жылда бір рет ұйымдастырылып келеді. Ал, Шыңжаң көлеміндегі өлкелік аламан айтыс 5 жылда бір рет дүркіреп өтіп келеді. Бұдан сырт Үрімжідегі Мәдениет басқармасы Рухани мұраларды зерттеу орталығында және Күйтің қаласындағы Күйтің педагогикалық институтында Айтыстану ғылыми орталығы жұмыс істеп келе жатыр. Аталмыш орталықтар айтыс өнерін арыдан зертеумен қатар, айтыс мәтіндерін қытай тіліне және ағылшын тіліне аудару, айтыс өнерін зерттеуге, дамытуға арналған конференциялар өткізу сияқты толып жатқан шараларды өткізу шараларын өз міндетіне алған.

 


Загрузка...

Пікір (0)

Input is not a number!
Input is not a email!
Input is not a number!