Дүкенбай Досжанның «Жібек жолы» романы Берлинде екінші рет неміс тілінде басылып шықты

Фотография - Дүкенбай Досжанның «Жібек жолы» романы Берлинде екінші рет неміс тілінде басылып шықты

ҚР Мемлекеттік сыйлығының иегері, көрнекті жазушы Дүкенбай Досжанның «Жібек жолы» романы неміс тілінде Берлин қаласында екінші мәрте жарық көрді

187 0

ҚР Мемлекеттік сыйлығының иегері, көрнекті жазушы Дүкенбай Досжанның «Жібек жолы» романы неміс тілінде Берлин қаласында екінші мәрте жарық көрді.

Бұл тарихи шығарманың алғашқы аудармасын 1987 жылы «Volk und Welt» баспасы шығарған болатын. Оның көркемдік жүйесі, психологиялық астары мен көшпелілер өркениеті құндылығының сырын ашқан қырларын жоғары бағалаған мәдениеттанушы, аударма шеберлері Лео Кошут және Рапрехт Вилноу туындыны қайтадан жаңғырта аударған. Бұл жолы роман «Verlag Hans Schiler» баспасынан 3 мың данамен жарық көріп отыр. Қазақ әдебиетінің көрнекті өкілдерін еуропаға танытуды мақсат тұтқан бұл шараға демеушілік жасаған - ҚР Сыртқы істер министрлігі. Айта кетер жайт, бұған дейін Германияда Әбіш Кекілбаев, Мұхтар Мағауин секілді қазақ классиктерінің шығармалары неміс тілді оқырманның назарына ұсынылған болатын.

Жалпы Дүкенбай Досжанның 1973 жылы қазақ тілінде жарық көрген «Жібек жолы» романы бұған дейін орыс, украин, мажар, моңғол, пуштун тілдеріне аударылып, 350 мың дана таралыммен әлемге таралған еді.

9 қыркүйекте 71 жасқа толғалы отырған әйгілі қаламгер, еңбек жолын 1963-56 жылдары «Жетісу» газетінде әдеби қызметкері болып бастап, 1966-1975 жылдары «Жазушы» баспасында аға редактор, 1976-1984 жылдары Қазақ КСР Баспа, Полиграфия және кітап саудасы істері жөніндегі мемлекеттік комитетінің бөлім меңгерушісі қызметін атқарды.

1964 жылы алғашқы өлеңдер жинағын жарыққа шығарған жазушы кейін 8 роман, 18 повесть және 100-ден астам әңгіменің авторы атанды. Шығармалары әлемнің 19 тіліне аударылып, 1974 жылы «Зауал» кітабы үшін «Молодая гвардия» баспасының «Қазіргі заманғы жақсы роман» сыйлығын, 1988 жылы Украинаның «Днепро» баспасынан шыққан «Жібек жолы» романы үшін «Тарихи тақырыптағы жақсы кітап» сыйлығын, 1987 жылы М.Әуезов атындағы ұлттық сыйлықтың, ал «Құм кітабы» үшін 1996 жылы ҚР Мемлекеттік сыйлығын иеленді.


Загрузка...

Пікір (0)

Input is not a number!
Input is not a email!
Input is not a number!