Сәкен МАЙҒАЗИЕВ, әнші: «Бәріне әншіні ғана айыптау ағаттық...»

Фотография - Сәкен МАЙҒАЗИЕВ, әнші: «Бәріне әншіні ғана айыптау ағаттық...»

Соңғы кезде әншілердің концертін ұйымдастыруышлар өрескел қателікке бой алдырып, халықты әбігерге салуда

383 0

– Сәкен аға, соңғы кезде әншілердің концертін ұйымдастыруышлар өрескел қателікке бой алдырып, халықты әбігерге салуда. 5 қыркүйекте Астанадағы Конгресс-Холл сарайында өтетін әзіл-оспақ театрларының концертінде «Музарт» тобының өнер көрсетіні туралы жарнама шыққан болатын. Алайда, соңыра сіздердің қатыспайтындарыңыз белгілі болды.

Бұған не дейсіз?

– «Музарт» тобы ол концертке қатыспайды. Біздің сыртымыздан әлде біреулер жалған келісім беріп, жарнамаға шығарып жіберіпті. Біз осы өрескел қателік үшін халықтан кешірім сұраймыз. Осы мәселеге орай, әлеуметтік желілер арқылы тыңдармандарымызға түсіндірме жұмыстарын жүргіздік. Оның үстіне, елордадағы концерт билеттерін сататын кассаларға хабарласып, біздің аталған кешке қатыспайтынымыз туралы ескерттік.

– Ол алаяқтармен қалай күрес жүргізіп жатырсыздар. Құқық қорғау органдарына шағым түсірдіңіздер ме?

– Жоқ. Ешқандай құқық қорғау мекемелеріне шағым түсіріп, заң қуалаған жоқпыз. Алайда, заң органдары бұл мәселемен бел шеше араласатын мезгіл жетті деп санаймын. Жалпы, мұндай келеңсіздіктерге қазақ эстрадасында жүрген көптеген әншілер тап болып жатады. Өнер адамдарының атын жамылып, концерт қойып, қомақты қаржыға кенелгісі келетін алаяқтар көп.

– Күні кеше Қайрат Нұртастың Алматыдағы концерті жаппай тәртіпсіздікке ұласқанын білесіз. Жалпы, өнер адамдарының жұмысын заңдастыру керек деп санайсыз ба?

– Әлбетте, қажет. Парламент қабырғасында отырған халық қалаулылары «Мәдениет туралы» Заңға бірқатар толықтырулар енгізсе, нұр үстіне нұр. Қазір көптеген өнерпаздардың еңбектері еш кетіп жатыр. Неге дейсіз ғой? Себебі, пәленбай қаржыға шығарған күйтабақтарымызды әлде біреулер көшіріп, әп-сәтте елге таратып жібереді. Еңбегі еш болды деген осы емес пе? Қазақтың хас батыры Бауыржан Момышұлы атамыз халқына арнап: «Тәртіпсіз ел болмайды, тәртіпке бас иген құл болмайды», деген үлкен өсиет қалдырған. Бұл сөз, қай кезеңнің адамдары үшін де аса қымбат, аса қадірлі. Сондықтан заңды қабылданып қана қоймай, оны тиісінше орындау қажет.

Ал Қайрат Нұртасқа келер болсақ, концерттің үлкен дау-дамайға ұласуына ұйымдастырушылардың кінәсі бар сияқты. Өйткені, әншілер тек сахнаға шығып, тиісті өнерін көрсетеді. Ал концертке билет сату, көрермендер жинау, әншінің қауіпсіздігін қамтамасыз ету секілді мәселелермен ұйымдастырушылар айналысуы тиіс. Әрине, бұл жерде кімдікі дұрыс, кімдікі бұрыс екенін тап басып айту қиын. Алайда, мәселенің мән-жайын білек үшін Қайраттың өзіне хабарласып, ағалық пейілімді білдіргім келді. Бірақ, бірнеше күннен бері ұялы телефоны сөндірулі тұр.

– Жасырып не керек, көп өнері иелері шақырылған жерлерге кешігіп келеді. Бұл да халықтың қытығына тиіп жүр деп ойламайсыз ба?

– Әрине, ондай жайттардың анда-санда орын алып тұртатынын жоққа шығармаймын. Мен басқа әншілер үшін жауап бермей-ақ қояйын. Ал «Музарт» тобын тілге тиек етер болсақ, біз шақырған жерден қалмаймыз, шақырмаған жерге бармаймыз. Рас, кейде мемлекеттік маңызы жоғары іс-шараларға қатысу керек болса, алдында келісіп қойған кісілерге ескертіп, кешірім сұраймыз. Бірақ, жауапсыздыққа салынып, ел-жұртты сарғая күттірген кезіміз болған емес...

– Сәкен аға, жалпы концертке келетін халықтың мәдениеті қандай деңгейде?

– Аллаға шүкір, қазақ өнерін бағалайтын халықтың мәдениеті өте жоғары деп санаймын. «Музарттың» шығармашылық кештеріне келетін жұрттың оғаш қылық көрсеткенін көзіміз көрген емес. Біз әр концерттің соңында Нұрғиса Тілендиевтің «Өз елім» әнін шырқаймыз. Осынау патриоттық әнді орындағанда залда отырған мыңдаған көрермен аяқтарынан тік тұрып, қошеметтерін көрсетіп жатады. Еліміздің қай өңірінде өнер көрсетсек те, жергілікті халық туған ұлдарындай көріп, алақандарына салып аялайды. Бұдан кейін елдің мәдениеті төмен деп қалай айтуға болады?


– Соңғы кезде әншілер мемлекетке салық төлеп жүр. Бұған қалай қарайсыз?

– Толық қолдаймыз. Осыдан бірнеше жыл бұрын әншілердің той-томалақтардан тапқан табысынан мемлекетке салық төлеу туралы заң өз күшіне енген болатын. Содан бері «Музарт» тобының арт-директоры Ерлан Жүнісбай тиісті салықты төлейді. Қанша және қай уақытта төлейтінен бейхабармыз. Жалпы, топтың әкімшілік жұмыстарымен сол кісі айналысады.

– Жуырда «Музарт» тобы қай аймақтарға гастрольдік сапармен шығады. Алдағы жоспарларыңыз туралы өз ауызыңыздан естісек...

– Алла қаласа, қыркүйек айының 15 жұлдызынан бастап, Қытай Халық Республикасына гастрольдік сапармен жол тартқалы отырмыз. Аспан асты еліндегі қандастарымызды қазақтың саз өнеріне сусындатып, қайтуды көздеп отырмыз. Бұйыртса, екі аптаның ішінде қазақтар көп шоғырланған 15 қаланы аралау жоспарда тұр. Ал қазан айында еліміздің кейбір аймақтарына тобымыздың жеке концертін қою ниетімізде бар.

– Жалпы, шығармашылықтарыңызда қандай жаңалықтар орын алып жатыр?

– «Музарт» тобы үнемі ізденіс үстінде жүреді. Жаңа әндер жазып, тыңдармандарымызды қуантқымыз келеді. Жуырда Арман Дүйсеновтың екі әнін жаздық. Бұл жаңа әндер әлі еш жерде орындалған жоқ. Құдай қаласа, 3 қазан күні Алматыдағы Республика сарайында белгілі сазгер, ақын Арман Дүйсенов бауырымыздың авторлық кеші өтеді. Бұйыртса, сол кеште жоғары да атап өткен екі әнімізді шырқаймыз. Әзірге тосын сыйымыз құпия болып қала берсін...

– Сіздің жуырда екінші рет әке атанғаңыздан хабардармыз. Отбасыңызда орын алып жатқан қуанышыңызбен бөліссеңіз.

..

– Аллаға сансыз шүкір, 14 жылдық үзілістен соң екінші рет әке атандым. Қызымыздың есімі – Раяна. Есімін дін жолында жүрген үлкен имам ағаларымыз қойды. Оның үстіне, қызымыз қасиетті Рамазан айында өмір есігін ашқандықтан осы есімді таңдадық. Раяна сөзін арабшадан аударғанда «жұмаққа кіретін қақпа» деген мағана береді. Бұл есім Раянаның әжесіне де қатты ұнады. Қызым аздап жылап, түнде ұйқы бермейді (күліп). Мен бүкіл қазақтың қыздарына ана бақытына жетулеріне, ал жігіттерге әке атануды шын жүректен тілеймін...


– Әңгімеңізге көп рахмет


Сұхбаттасқан - Индира БАЙҚОНЫСОВА


Тегтер:

музыка

Загрузка...

Пікір (0)

Input is not a number!
Input is not a email!
Input is not a number!