Шәмші туралы роман жарыққа шықты

Фотография - Шәмші туралы роман жарыққа шықты

Халқымыздың біртуар перзенті, әрбір әні жұртшылық жүрегінен орын алған тамаша композитор Шәмші Қалдаяқов туралы «Өнер» баспасынан биыл жазушы Еркінбай Әкімқұловтың «Шәмші Қалдаяқов – ән патшасы» атты жаңа романы жарық көрді.

289 0

Халқымыздың біртуар перзенті, әрбір әні жұртшылық жүрегінен орын алған тамаша композитор Шәмші Қалдаяқов туралы «Өнер» баспасынан биыл жазушы Еркінбай Әкімқұловтың «Шәмші Қалдаяқов – ән патшасы» атты жаңа романы жарық көрді.

Бүгінде осы кітап туралы, ондағы деректердің молдығы, романның көркемдік сапасы, тілінің тартымдылығы жөнінде жақсы да жылы пікірлер айтылуда.

Бұл романның көпшілікке ұнауы оның шыншылдығы мен көркемдігінде ғана емес, Шәкеңнің өмір жолы туралы оқырманға толық мағлұмат беруінде, қамтыған оқиғаларының молдығында, өнер иесінің өмірін ел тарихымен, өткен дәуірмен байланысты суреттеуінде деп ойлаймыз.

Жазушы Еркінбай Әкімқұловпен кітап жайында әңгімелескенімізде өзінің Шәкеңді жас кезінен, сонау 1956 жылғы консерваториядағы студенттік кезінен білетінін, пәтерде де бірге тұрғанын, оқу бітіргеннен кейін де ұмытып кетпей өмір жолындағы отбасы, дос-жаран ретінде бірге жүрген, жас күндегі араласқан кездерін әңгімелеп берді.

Сондықтан роман оқиғасы Шәкеңнің өз атынан айтылып, кітаптың мазмұн жүйесі бір-біріне жалғасып жатқан жиырма бес жүйелі тарауға бөлінген. Шығарма ұлы сазгердің туған жер, өскен ортасы, Отырар өлкесі, туған ауылы, балалық шағы, мектептегі оқушылық кезі туралы да толық мәліметтер береді. Мұндағы оқиғалар жазушылық қиялға ғана емес өмірден алынған нақты деректерге көбірек сүйенеді.

Шәмшінің әскерден кейін Ташкент қаласындағы музыка училищесінде оқып, кейін Алматыға ауысып келгенге дейінгі өмір жолы, одан былайғы 60-шы жылдардан кейінгі көпшілікке біршама таныс болса да жазушы онда бұрынғы айтылып жүрген жайларды қайталап кетпеген.

Жазушы композитордың өз талантын ел игілігіне жарату жолындағы жанкешті еңбекқорлығын, биік мұратты көздейтін адамшылық қасиеттері мен шынайы өнер тудыру жолында маңына өнер адамдарын топтастыра білетін ерекше дарындылығын көрсете білген.

Шәмші бейнесін сомдауда жазушы оның шығармашылық жолын, елдегі түрлі оқиғалармен, адамдар тағдырымен байланыстыра қарап, оны тынымсыз ізденіс үстіндегі көңілі сергек ерекше өнер иесі етіп бейнелейді. Оның ақын, композитор достарының арасында орны бөлек, құрмет иесі, әрдайым қай ортада жүрсе де өз орнын білетін көңілі таза, жүрегі дарқан, ешқашан иман, адамгершілік шегінен аттамайтын дара тұлға ретіндегі бейнесін жасап шығарған. Сол дәуірде Шәмшімен замандас болған Әсет Бейсеуов, Әбілахат Еспаев, Нұрғиса Тілендиев, Ілия Жақанов, Мұхтар Шаханов, Төлеген Айбергенов, Қабдыкәрім Ыдырысов, Жәнібек Кәрменов, Жұмекен Нәжімеденов сияқты өнер майталмандарымен қоса ел басқарған басшылар да романда кездесіп отырады. Олардың ішінде Д.Қонаев, Ө.Жәнібеков, Н.Назарбаев сияқты партия басшыларымен қоса облыстық, аудандық деңгейдегі басшылық қызметтегі, мәдениет саласы адамдарының да бейнесі көрініс тапқан.

Роман тақырыбы бір адамның өмірін қозғай отырып 1960-90 жылдардағы оқиғаларды қамтыған, тұтас бір дәуірдегі өнер саласы адамдарының тірлігі, іс-әрекеттері, тағдыр-тауқыметтері бейнеленген. Кітаптағы оқиға желісі ширақ, оқушыны еліктіріп, қиялын қозғап, бірден-бірге жетелеп отырады. Романның көркемдігімен қоса деректі болуы, оған ондаған қосалқы кейіпкерлердің еніп, бірге суреттеліп жүруі салмақ қосып, мазмұн ауқымын да кеңейте түскен. Оның өмірінің түрлі кезеңдері өз ортасында алынып, романдағы оқиға бірде Отырарда, бірде Шымкентте, бірде Алматыда, бірде алыс ауданда өтіп жатады. Романда Жамбыл, Шымкент облыстары көбірек суреттелген, жазушы сондай-ақ Шәмші Қалдаяқовтың Семейге келіп Абай елін аралағанын, Көкшетауда Ақан мен Біржан ән тудырған өлкені көріп сүйсінген, сол туралы тебіреніп шабытты шығармалар тудырған шағын да көрсетуді жазуды ұмытпаған.

Шәмшінің өнері еленіп, ел құрметіне бөленіп, абыройы асқақтаған да, көзге еленбей елеусіз қалып, белгілі мәдени шаралар аяқталған соң ел көзінен ұмыт болып, тасада қалған, түрлі қауесет пен әңгімеге арқау болған оқиғалар да аз емес. Бірақ жазушы ұлы композиторды өршіл өнер иесі, ештеңеге мойымаған, қиындыққа қасқайып қарсы жүрген ерекше тұлға етіп биіктете алған.

«Оны біз сол кезде дәл қазіргідей халық қошеметі мен сүйіспеншілігіне бөленеді деп ойлаған жоқ едік,– деп мойындайды ол туралы Еркінбай Әкімқұлов,– біз оны өнерлі азамат деп сыйладық, ел қатарлы бірге жүрдік, басына қиындық түссе дос ретінде шамамыз келгенше көмектестік. Бірақ Шәмші өзінің кім екенін білді, сезетін іштей. Алла тағала оған сездірген болу керек. Қазір Шәмші айтты деген сөздердің өзі ел аузында бірқыдыру. Бұл анау-мынау адамның аузынан шыға қоятын сөздер емес. Шынын айту керек, ол ұлы адам еді. Оқымаған кітабы болмайтын» дейді Ерекең.

Еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін бұрын еңбегі жеткілікті дәрежеде еленбей келген тұлғалардың біразы өзінің лайықты мәртебесін алғаны белгілі. Көп ұзамай солардың ішінде композитор Шәмші Қалдаяқов еңбегі де мәдениет пен өнер саласына берілетін мемлекеттік сыйлыққа ие болды. Бұл туралы да айтыла келіп, романда тәуелсіз еліміздің Әнұранына айналған «Менің Қазақстаным» әніне, еліміздің Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың өнер саласына жасаған қамқорлығына тоқтала келіп, жазушы өнер иесінің алға қойған көп арманы жүзеге асқанын айтады. Жарыққа шыққан соң көп ұзамай осы кітаптың бір данасын баспа атынан Елбасына жіберілді. Көп ұзамай жазушы Е.Әкімқұловтың атына қуанышты хабар да жетті. Қазақстан Республикасы Президенті кеңсесінің бастығы Махмұт Базарқұлұлы Қасымбековтің атынан қуанышты хабар келді. Онда былай деп жазылған.

«Құрметті Еркінбай Әкімқұлов!

Халқымыздың мақтанышы – тамаша композитор Шәмші Қалдаяқов туралы жазған роман-эссеңіз Мемлекет басшысы Н.Ә.Назарбаевқа берілді. Нұрсұлтан Әбішұлы қолтаңба жазып сыйлаған тартуыңыз үшін Сізге шынайы ризашылығын білдіріп, мықты денсаулық пен шығармашылық табыстар тілеген сәлемін жеткізуді тапсырды.

Осы жауапты пайдалана отырып, жылы лебізді қолтаңба жазып сыйлаған кітабыңыз үшін өз алғысымды да білдіргім келеді. Ұлы композитор туралы оны жақыннан білетін қаламгер жазған кітаптың оқырман ойынан шығуына тілектеспін. Ән патшасының рухы сізді әрдайым желеп-жебей жүрсін» деп өз тілегін білдіріпті.

Осы тілекті кітаппен танысып шыққан оқушы қауым да әдебиетіміздің жаңа туындысын қуанышпен қолдай жүреді деп сенеміз.


Тегтер:

Кеш

Загрузка...

Пікір (0)

Input is not a number!
Input is not a email!
Input is not a number!