Оралхан жайында деректі фильм түсірілмек

Фотография - Оралхан жайында деректі фильм түсірілмек

Катонқарағай ауылында орнатылған Оралхан Бөкей ескерткішінің ашылуында облыс әкімі Бердібек Сапарбаев, Мәдениет және ақпарат министрлігінің жауапты хатшысы Жанна Құрманғалиева, «Қазақфильм» акционерлік қоғамының президенті Ермек Аманшаев келіп, дүбірлі думанға қосылды

321 0

Катонқарағай ауылында орнатылған Оралхан Бөкей ескерткішінің ашылуында облыс әкімі Бердібек Сапарбаев, Мәдениет және ақпарат министрлігінің жауапты хатшысы Жанна Құрманғалиева, «Қазақфильм» акционерлік қоғамының президенті Ермек Аманшаев келіп, дүбірлі думанға қосылды, деп хабарлайды Altaynews.kz.

Қадырбек Кәкімовтің қолымен қашалған сұңғақ мүсіннің алдында тұрып тебірене сөйлеген меймандар кеңес билігі орнаған тұстан бері Катонқарағай өлкесінде қазақ перзентіне арнап орнатылған тұңғыш мүсін осы екенін ерекше атап жатты. Ал аймақ басшысы ескерткішке алғаш болып тәу етуге келген ағайынға тағы бір жағымды жаңалықты жеткізді.

«Өнер адамының, әдебиет өкілінің ғұмыры - мәңгілік. Олардың арқасында елдің, жердің аты шығады. Бұл тұрғыда Оралханның сіңірген еңбегі ұшан-теңіз. Оның қай шығармасын алсаңыз да, ең негізгі ой өзегі туған жер мен туған елді сүюге шақырады. Егер әр азамат сол Орекеңнің өсиетін орындап, өз отанын Оралхандай сүйе білсе, әркез алға жылжи берер едік. Ел үшін қызмет еткен адамды ұмытпай, оның еңбегін жандандыруымыз керек. Оралханның шығармаларын насихаттап, жас ұрпақ санасына сіңіру - біздің міндетіміз. Кешеден бері дүбірлеп той өткізіп, том-том кітаптарын шығарып жатқандағы негізгі мақсат - жазушының есімі мен тұңғиық әлемін ел жадына тоқу. Ескерткіш деген - тарихи құндылық. Осы ескерткіш арқылы жас буынның назары Оралхан әлеміне ауады. Осыған дейін қаламгердің бір ескерткіші Өскеменде орнатылғанын біліп отырсыздар. Өскеменде Оралханның мүсіні қасқайып тұруы түсінген адамға үлкен бетбұрыс. Ал бүгінгі ескерткіштің Катонқарағайдың тура ортасынан орын тебуіне тер төгіп, қажыр қайраты мен мәрттігін паш еткен жергілікті кәсіпкерлерге ел атынан алғыс айтқым келеді. Сондай-ақ, осы тойдың мәнді де мазмұнды өтуіне күш салып жүрген жерлес ақын-жазушыларға да ризамыз. Кітап пен ескерткіштен бөлек Оралхан жайында деректі фильм түсірілмек. Ол фильмге осы тойдың жарқын сәттері де кіретін болады», - деді облыс басшысы.

Мәдениет және ақпарат министрлігінің жауапты хатшысы Жанна Құрманғалиева министр Мұхтар Құл-Мұхаммедтің құттықтау хатын оқып, өз лебізін де білдірді.

«Бәріміз Оралхан Бөкей шығармаларымен сусындап өстік. Мұндай көркем жерде туып, талантты болмау мүмкін емес шығар. Бұл той - руханиятты құрметтейтін қауымның тойы. Басты тілегім, Оралханды тек мерейтой қарсаңында ғана емес, ғұмыр бойы оқыңыздар», - деді ол.

Жазушының жан досы, қаламгер Төлен Әбдік ескерткіштің ашылғанына шексіз қуанышты екенін айта келе, бұл шараны тарихи оқиғаға балады. Досының құйрықты жұлдыздай бір-ақ сәтте ортадан кеткенін қабырғасы қайыса еске алған ол Оралханның сүйсе өртеніп тұрып сүйетін, ашуланса айбыны тау қопаратын, шынайы талант болғанын айтты. Жазушы жан досының қаралы асында да, алпыс жылдық мерейтойында да ауыр естеліктердің әсерінен төсек тартып келе алмағанын жасырмады. Төр Алтайға бірінші рет келіп тұрса да, ежелден таныс ортаға түскендей әсерде болса керек.

«Бүгін біз Оралханның өзі өлсе де, сөзі өлмегенін көрдік. Ал бұл ескерткіш оның мәңгілік сапарындағы тағы бір белесі болмақ», - деп ағынан жарылды.

Ермек Аманшаев өңір басшысының деректі фильм түсіру жайындағы жаңалығы жүзеге аса бастағанын жеткізді. Жәнібек Жетіруов режиссерлық ететін деректі фильмнің негізгі шикізаты дайын тұрғанын айта келе, өзін шығармашылық айдынына жетелеп әкеп қосқан адам Оралхан болғанын мәлімдеді. Айналасы гүлдестелермен көмкерілген ескерткіштің жанына субұрқақ та орнатылыпты. Бұл жер ауылдың ең көрнекі орнына айналары сөзсіз. Жұрттың бір бөлігі жерлес жазушының ескерткішіне гүл қойып, мәре-сәре болып жатқанда ғылым мен театрға жаны жақын, зиялы шоғыр ауылдың Мәдениет үйіне ағылған. Бұл жерде «Көркемсөздің құлагері» атты ғылыми-практикалық конференция мен Семей қалалық театрының «Атаукере» қойылымы өтті. Оралхан әлемі оң жамбасына келген әдебиет білгірлері оның проза айдынында алар орнын тағы да бір сатыға өсіріп, тұңғиық әлемінің тұнық бастауларын нұсқады. Ал театр тарландары «Қауіпті будан» атты повесінде жазушы сұңғылалықпен сезіп, жұртын сақтандырған кесапаттардың қазақ өміріне қандай таңба қалдырғанын еске салуға тырысты.


Загрузка...

Пікір (0)

Input is not a number!
Input is not a email!
Input is not a number!