Павлодарлықтар ақын, жазушы Мұзафар Әлімбаевтың 90 жылдығын тойлауда

Фотография - Павлодарлықтар ақын, жазушы Мұзафар Әлімбаевтың 90 жылдығын тойлауда

Павлодар облысы ақиық ақын, балалар жазушысы, Қазақстан жазушылар одағының мүшесі Мұзафар Әлімбаевтың 90 жылдық мерейтойын тойлауда

358 0

Павлодар облысы ақиық ақын, балалар жазушысы, Қазақстан жазушылар одағының мүшесі Мұзафар Әлімбаевтың 90 жылдық мерейтойын тойлауда.

Облыс әкімінің баспасөз қызметінен хабарлағандай, кеше облыс орталығындағы Достық үйінде абыз ақынның мерейтойына орай филология ғылымдарының кандидаты, профессор Бақыт Баткееваның «Ақиық ақын Мұзағаң» атты кітабы мен «Ертіс-Баян кітапханасы» сериясындағы ақын шығармашылығына арналған кітаптардың тұсаукесері өтті.

Павлодар мемлекеттік педагогикалық институтында студенттермен кездесу өтіп, филология факультетінің 5 студентіне М. Әлімбаев атындағы шәкіртақы табысталды.

«Туған ел! Сенің даңқың маған мерей» атты мерейтойлық кеште халық жазушысы, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, ҚР еңбек сіңірген мәдениет қайраткері, Ұлы Отан соғысының ардагері, Павлодар облысының Құрметті азаматы Мұзафар Әлімбаевты өңір басшысы Ерлан Арын, академик, философия ғылымдарының докторы, профессор Ғарифолла Есім, қазақстандық ақын, тәуелсіз еліміздің алғашқы Әнұраны авторларының бірі Жадыра Дәрібаева, т.б. құттықтады.

Мұнда ақынның сөзіне жазылған «Маралдым», «Ақмаңдайлым» сынды танымал әуезді әндері шарықтады.

Торқалы тойға жиналған жұртшылық назарына Мұзағаның еңбектері қойылған «Көркіндей өмірінің көркем гүлі...» атты кітап көрмесі ұсынылды.

«Мұзафар Әлімбаев қазақ балалар әдебиетінің дамуына сүбелі үлес қосты. Ол - «Балдырған» балалар журналының негізін қалаушы», - деп атап өтті облыс әкімі Ерлан Арын.

Бүгін мерейтойлық іс-шаралар Шарбақты ауданында жалғасады. Ақын шығармашылығының табынушылары Жылбұлақ орта мектебіндегі М. Әлімбаев атындағы дәріс залында болып, «Туған жерім - төрім мәңгілік» атты салтанатты шара мен мерейтой иесінің құрметіне өткізілетін спорттық жарыстарға қатыса алады.


Загрузка...

Пікір (0)

Input is not a number!
Input is not a email!
Input is not a number!