Біз «Ұят болмасын» форматында жұмыс жасаймыз!

Фотография - Біз «Ұят болмасын» форматында жұмыс жасаймыз!

Еуразия» бірінші арнасында «Ду қол шоколад!» әзіл-ысқақ шоуының жаңа сериялары эфирге дайындалуда

243 0

«Еуразия» бірінші арнасында «Ду қол шоколад!» әзіл-ысқақ шоуының жаңа сериялары эфирге дайындалуда. Өте қысқа уақыт ішінде аталмыш жоба өткір әзіл, қызықты алдау көріністерін сүйіп қарайтындардың құрметі мен ыстық ықыласына бөленіп үлгерді. Жаңа маусымда шоудың авторлары әрі жүргізушілері Марат Оралғазин, Әділет Жұмабек пен Еркебұлан Мырзабек өз көрермендерін бұрынғыдан да өткір әзілдермен таңғалдырмақшы. Біздің басылымымызға берген сұхбатында Марат Оралғазин қазақша әзіл мен «Еуразия» бірінші арнасындағы тосынсыйлар туралы айтып берді.

- Марат, қазір сізде түсіру кестесі аса тығыз екені белгілі. «Ду қол шоколад!» жобасының жаңа маусымында көрерменді немен таңғалдырмақшысыздар?

- Жаңа маусымда біз белгілі бір ережеге сыймайтын ескі форматты ұстанатын боламыз. Әдеттегідей бізде «алдандым» айдары, әзілдер, күлкі мен лирика болады. Бәрі бұрынғыша қалады, тек кейбір дүниелер енгіземіз. Біз бұрынғыша танымал әртістерді, қоғам қайраткерлерін, шоумендерді қонаққа шақырып, оларды алдап, студияда көңілді байқаулар ұйымдастыратын боламыз. Жобаның жаңа серияларында жаңа айдар болады: шетелдік және отандық орындаушылардың ескі әндеріне жаңа мәтіндер құрап, шоу қатысушыларымен бірге орындайтын боламыз.  Мысалы, жақында Дильназ Ахмадиева мынадай тапсырманы тамаша орындады: әнші Адельдің сарынына «Қызыл өрік» әнін салып айтты, ал Айқын «Get lucky» әнін қазақша айтты. Осының барлығын телекөрермендеріміз жобаның алдағы серияларынан тамашалай алады, күлкілі әрі қызықты болары сөзсіз.

- Түсіру үдерісі туралы көбірек айтып берсеңіз. Мысалы, мені қызықтыратын сұрақ: бағдарлама аясындағы барлық әзілдер сол жерде ойлап табыла ма әлде жақсылап ойластырылған сценарий ме?

- Жобада 6 адам жұмыс жасайды. Олардың үшеуі – біз, «Ду қол шоколад!» жүргізушілері. Барлығымыз сценарий жазумен де айналысамыз. Ал суырып салмалыққа қатысты, қайткенде де ең жақсы суырып салмалылық – жақсылап дайындалған дүние. Әрдайым әңгіме өрбитін өзек болады, соның маңайында әзілдер айтылып отырады.

- Ал алдаулар, мұны да сіздер ойлап табасыздар ма?

- Иә, дәл сол команда алдау айдарының сценарийін ойластырады.

- Осы кейіпкерлерді алдауға байланысты, көбінесе сөзсіз, сіздерде олар күлкілі болып жатады, алайда қатал әзілдер де кездеседі. Кейіпкерлер сіздерге көңілдері толмай, ренжіген кездер болды ма?

- Мұндай ешқашан болып көрмепті. Түсірілімнен кейін біз міндетті түрде кейіпкермен сөйлесеміз, әңгімелесіз, біз оларды көбінесе «объект» немесе «клиент» деп атаймыз. Монтаждан кейін оған түпкі нұсқаны көрсетеміз, егер барлығы ұнаса, эфирге шығарамыз, егер ұнамаса, өзгертіп жасаймыз. Бізде адамдардың көзінше кейіпкерді жерге қарату, беделін түсіру деген мақсат жоқ.  Біздің мақсатымыз – көңілді, қызықты дүние жасау, белгілі бір оқыс жағдайдағы әртістің іс-қимылдарын көрсету, оны басқа қырынан ашу. Қуанышқа орай, барлық кейіпкерлер бүгінгі таңға дейін барлығын түсініп келеді, және бас тарту деген болған емес. Алдын ала көрсету кезінде олар өздері көңілденіп, эфирді тағатсыздана күтеді.

- Өзіңіздің есіңізде кімді алдағандарыңыз есте қалды?

- Менің есімде атыс болған кез қалып қойды. Бұл кейіпкерлерді жаппай алдау көрінісі болатын. Біз белгілі бір әртістерді шақырдық. Шамси, Турал, Дилани, Пайкті киносынаққа, кастингке шақырдық. Кеңсежай жекеменшік секторда орналасты. Біздің «клиенттер» ұзын көшемен келе жатады да, есікке келіп, қоңырау шалады, ар жақтан есікті ұзақ ашпай тұрады. Бір кезде бұрыштан бір жігіт шыға келіп, шыж-пыж болады, оқ атылады, оның ізінен бір топ, қырықтай жігіт қуып келе жатыр, жаңағы жігіт аналардан қашып, біздің «клиенттің» артына тығылады. Клиент сасып қалады, қорғануға тырысады немесе қашып кетеді. Сол кезде әлдекім бізге қоңырау шалып, жігіттерді қорқақ етіп көрсеттіңдер деді. Алайда меніңше, олардың орнында кез келген адам сөйтер еді. Үш жігіттің біреуі қорыққаннан дуалдан асып секіріп, корей шіркеуінің аумағынан бір шыққан. Сол жақтан дереу Құдайдан көмек сұраса керек... (күледі).

- Алданған «клиенттер» кек алмады ма?

- Бізде белгілі бір қырағылық пайда болған. Осы жылдар ішінде бізден кек алып, бірнеше рет алдағысы келгендер болды. Алайда оларға қарағанда біз әбден тәжірибе жинап алған адамдармыз. Сондықтан қалыптан тыс әлдене орын ала бастаса, бірден түсіне қоямыз. Айтпақшы, кек алғыш әртістерден басқа, күнделікті өмірде бізді алдағысы келетіндер көп кезігеді. Таксиде, мейрамханада, күзетшілер. Бір күні такси ұстадым, мекенжайымды айттым да, отырдым. Бір кезде қарасам, жүргізуші тіптен басқа жаққа бұрып барады. Сәлден кейін маған қарап: «Давай, сені алдадым» дейді. Әбден күліп, ақшамызды беріп, ары қарай кеттік. Тағы мынадай жағдай болған. Бір өте танымал әртіс, тойларда ән айтады, жақсы ақшаға асабалық етеді, ол бізден қатты қорқады екен. Бір күні тойы өткелі жатқан «Еуразия» бірінші арнасының операторы қоңырау шалады, ол біздің кейіпкерді қатты сыйлайды екен. Содан тойын сол әртістің жүргізгенін өтініп сұрайды. «Мен сізге әдеттегі ақыдан екі есе төлеймін, алайда тойымды сіз жүргізгеніңізді қалаймын» дейді ғой. Әртіс «Сіз қайдансыз?» деп сұраса, жаңағы жігіт «Еуразия» бірінші арнасынан» деп жауап береді. Сөйтсе, әлгі әртіс тұтқаны тастап жібереді. Кейін «Ду қол шоколадтың» жігіттері мені алдағысы келді, алайда оларынан ештеңе шықпады» деп мақтаныпты. Сөйтіп жүріп, қалталы клиентінен айрылып қалған болатын. Мұндай оқиғалар өте көп.

- Марат, Қазақстанда әзіл-ысқақ бағдарламаларының белгілі бір нарығы қалыптасты. Отандық телевизиядағы бұл бағытқа қандай баға бересіз?

- Бүгінгі таңда біз алдау жанрын жақсылап игеріп алдық (күледі). Бүгінде әзіл-ысқақ бағдарламаларын жасап жүрген жігіттерде тәжірибе бар, нобайлар бар. Әрине, бюджеттері мысалы танкке тапсырыс беретіндей қомақты болмаса да, лайықты дүниелер жасап жатқанымызға сенімдімін.

- Сіз қазақ тіліндегі шоуды жасап жүрсіз. Сіздің аудиторияңыз тек қазақтілді деп атауға бола ма?

- Біздің бағдарламамыз ойын-сауық жанрында, сондықтан іс-қимылдарға құрылған. Сондықтан меніңше, ол тіпті мемлекеттік тілде сөйлемейтіндер үшін де түсінікті сияқты. Менің орыстілді достарым көп, олар «Ду қол шоколадта!» көргендерін сөз арасына қосып жатады. Мынадай жағдай болған: оны мен мақтан тұтамын. Ұлты орыс бір қыз қоңырау шалып, біздің жобамызға деген құрметін жеткізді. Мен алғысымды айттып, кейін мен ол қызбен қазақ тілінде жазыса бастадым. Ол біздің бағдарламаны түсіну үшін қазақ тілін үйрене бастапты. Меніңше бұл мақтанарлық жайт. Бір адамның болсын, қазақ тілін үйренуге деген ұмтылысын ояттық. Бұл біз үшін – үлкен нәтиже.

- Ал қазақ және орыс тілдеріндегі әзілдер бір-бірінен ерекшелене ме?

- Ерекшеленбейді. Белгілі бір сөз орамдары, фразеологизмдер, сөздерді ойнатуға негізделетін қандай да бір әзілдер бар, менталитет ескеріледі. Осы тұрғыдан әрине ерекшеленеді. Біз қозғамайтын тақырыптар болады. Бізді балалар, әжелер, аналар көреді, белгілі бір жауапкершілік арқалаймыз, сондықтан «ұят болмасын» дейміз. Жалпы қазақтар «ұят болмасын» деп барлығын жасайды – беске оқиды, грантқа түседі, жұмысқа барады және тағысын тағылар. Біз де «ұят болмасын» форматында жұмыс істейміз (күледі).

- Сіз қазір ғаламтор желісінде Елбасының орыстілді халыққа төзімдірек болып, оларды шала қазақ деп атамауға шақыруына байланысты пікірталастар өрбігенін білетін шығарсыз. Сіздерде мемлекеттік тілде сөйлемейтін қонақтар жиі кездеседі. Бұл сіздердің аталмыш мәселеге түсіністікпен қарағандарыңызды білдіре ме?

- Бұған адамдар кінәлі емес, жүйе кінәлі. 70 жыл бойы біз төселген жолмен жүрдік. Белгілі бір мақсат болды, қазақша мектеп деген болмады. Адам бір сәтте қазақ тілінде сөйлеп кете алмайды. Бұған түсіністікпен қарау керек. Әрине, бұл дұрыс бағыт, біз Қазақстанда тұрғандықтан, қоғамды «қазақшаландыру» жүруі тиіс, алайда бұл сатылы түрде жүзеге асуы керек. Және мемлекет тіл игеруге жағдай жасауы тиіс. Меніңше нәтижелер көрініп жүр. Адамдарды төпелеуге болмайды, бұлай іс өнбейді, мұнымен біз тек басқыншылық жасаймыз. Бәрі уақытымен түзеледі.

- Марат, отандық телевизияның қазақтілді контентіне қандай баға бересіз?

- Мен тек «Еуразия» бірінші арнасын мысалға келтіре отырып, баға бере аламын. Себебі, басқа арналарды қарауға өкінішке орай уақыт жоқ. Басшылық мемлекеттік тілдегі контентті кеңейту үшін барлығын жасауда. «Еуразия» бірінші арнасы – бұл бренд, бұл жоғары деңгей, бұл сапа, сұлулық дегеннің синонимі. Бізге осы арнаға арнап, бағдарлама жасау туралы ұсыныс түскенде, біздің алдымызға қойған мақсатымыз – деңгейге сәйкес болу, бар контенттен кем болмау болды. Біз 2008 жылы Ресейден мамандар шақырдық, олармен бірлесіп, СТС арнасындағы «Шесть кадров» скетчкомы мен «Папины дочки» ситкомын жазуға қатыстық, олардан көп нәрсені үйреніп, «Ду қол шоколадқа!» қатысты көптеген кеңестер тыңдадық. Біз декорацияларды да өз қолымызбен әзірледік, себебі ешкімге сеніп тапсыра алмадық, білек сыбана жұмыс жасадық. Мен мұндай бағдарламалар жыл сайын, ай сайын көбейе береді деген ойдамын.

- Жақындап қалған Жаңа жыл туралы әңгімелессек. Телекөрермендерді қалай құттықтайтындарыңыз туралы бір ойлар бар ма? Өздеріңіз оны қалай атап өтпексіздер?

- Белгілі бір ойлар бар. Біз қазақстандық сыйлық жасап, оны мысалы «Алтын Алдар» деп атағымыз келеді. Әзіл түрінде біз алдаған барлық қатысушыларға сыйлық бермекпіз. Бір сөзбен, үлкен жаңажылдық мереке болады, басқа тосынсыйлар туралы ашып айта алмаймын. Біздің жеке жоспарларымызға қатысты, корпоративтер болса да, отбасыны бірінші кезекке қоямыз. Соңғы жылдары отбасымен қарсы алатын болдық. Мен сіздер экраннан көріп жүрген адамдар туралы айтып отырмын. Себебі Жаңа жылды қалай қарсы алсаң, оны солай өткізесің дейді ғой.

- Әңгімеңізге және Бізге, телекөрермендеріңізге сыйлайтын көңіл күй үшін алғыс айтамыз!


Тегтер:

музыка

Загрузка...

Пікір (0)

Input is not a number!
Input is not a email!
Input is not a number!