«Астана Опера» сахнасында Борис Эйфман қоятын «Роден» балетінің тұсауы кесілді

Фотография - «Астана Опера» сахнасында Борис Эйфман қоятын «Роден» балетінің тұсауы кесілді

Кеше «Астана Опера» театрының сахнасында Ресейдің халық әртісі Борис Эйфман қоятын «Роден» балеттік спектаклінің тұсауы кесілді

171 0

Кеше «Астана Опера» театрының сахнасында Ресейдің халық әртісі Борис Эйфман қоятын «Роден» балеттік спектаклінің тұсауы кесілді.

Басты рөлде Огюст Роденді дарынды Жәнібек Иманқұлов сомдайды, Камилла Клодельді жас әрі жігерлі Әйгерім Бекетаева, екінші құрамда Роденнің рөлінде Рүстем Сейітбеков, Камилланы Гауһар Усина ойнайы. Әртістерді дайындаумен петерборлық ұстаздар Ольга Толмакова мен Олег Парадник айналысты.

«Роден» балеті - ұлы мүсінші Огюст Роден мен оның жас оқушысы Камилла Клодельдің қайғылы өмірі жайлы баяндайтын жоғары деңгейлі көркем шығарма. Қос ғашықтың сезімге толы романында қызғаныш пен түйіні шешілмес түсініспеушілік араласып, шығармашылық одаққа түйіседі. Эйфман әйелдер мінезінің трансформациясы: Розаның (Роденнің некедегі әйелі) күйеуіне қол жеткізем деп сәтсіз аяқталатын күресін; ұстазымен айырылысқандықтан шығармашылық табысының шырқау шыңында есінен адасып, 26 жылдан кейін көз жұматын оқушы Камилла Клодельдің махаббатын епті бейнелейді. Роден болса, қиын кезеңге тап болып, қатты азап шегеді. Ол үшін ұлы мүсінші атанудың құны қымбатқа түседі, жан тыныштығынан, денсаулығы мен бақытынан айырылады.

Үш бірдей тағдырдың қайғылы аяқталатынына қарамастан балет түңілтеді деуге болмайды, себебі мүсіншілер шеберханасындағы шығармашылық үрдісі кезіндегі қуанышты сәттер, әсерлі «Канкан» биі қойылатын кабареден көрініс «Роден» балетін жарқын етіп, сезімге толтырады.

«Астана Опера» балетінің көркемдік жетекшісі Нұрқалиев Тұрсынбек, классикалық би билейтін әртістер үшін «Модерн» стиліндегі шығармаларды орындау қиынға соққанын атап өтті. «Ырғақты, стильді, техникалық элементтерді меңгеру қажет. «Астана Опера» балетінің әртістері - әмбебап, олар екі ай тынбай жұмыс істеудің арқасында Борис Эйфманнан есетін эмоцияны ұғынды», - дейді Нұрқалиев.


Загрузка...

Пікір (0)

Input is not a number!
Input is not a email!
Input is not a number!