Ташкентте қазақ тілі мен әдебиетіне арналған конференция өтті

Фотография - Ташкентте қазақ тілі мен әдебиетіне арналған конференция өтті

Низами атындағы Ташкент мемлекеттік педагогикалық университетінде қазіргі қазақ тілі мен әдебиетінің теориялық және әдістемелік мәселелеріне арналған ғылыми конференция өтті.

244 0

Низами атындағы Ташкент мемлекеттік педагогикалық университетінде қазіргі қазақ тілі мен әдебиетінің теориялық және әдістемелік мәселелеріне арналған ғылыми конференция өтті.

Конференция осы университетте қазақ тілі мен әдебиеті бөлімі ашылуының 60 жылдығына орайластырылып отыр.

Оның ашылуында сөз сөйлеген Қазақстан Республикасының Өзбекстан Ресубликасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Бөрібай Жексембин биылғы жазда ҚР Президентінің өзбек еліне сапары кезінде бірқатар екіжақты құжаттарға қол қойылғанын атап өтті.

«Биылғы жылы «Қазақстан мен Өзбекстан арасында мәңгілік достық туралы» Келісімге қол қойылғанына 15 жыл болды, сондай-ақ екі халыққа ортақ ұлы тұлға Төле бидің туғанына 350 жыл толып отыр», - деді дипломатиялық өкілдік басшысы.

«Қазақстан қазіргі таңда Өзбекстанның сыртқы сауда айналымында Ресей мен қытайдан кейін үшінші орында. Сонымен қатар екі ел президенттері үкіметтерге сауда көлемін тағы 1,5-2 есе ұлғайту жөнінде тапсырма берді», - деп атап өтті елші.

Б. Жексембиннің айтуынша, жергілікті қазақтардың жас ұрпағына туған тілін, әдебиетін үйретуде кафедраның еңбегі елеулі. Онда 500-ден астам қазақ тілді мектеп, мерзімді басылымдар және т.б. үшін қажетті мамандарды даярлайды.

«Елшілік тарапынан қазақ тілі мен әдебиеті кафедрасына барлық қажетті көмек көрсетілуде. Ағымдағы жылы қазақ көркем әдебиеті, оқу құралдары бойынша мыңнан астам кітап берілді... Кафедраға материалдық-техникалық көмекті одан әрі де көрсете береміз», - деді Б. Жексембин.

Қазақстанның Өзбекстандағы елшісі хабарлағандай, ҚР Білім және ғылым министрі Аслан Сәрінжіповтің арнайы бұйрығымен Низами атындағы ТМПУ қазақ тілі мен әдебиетін оқыту әдістемесі кафедрасының меңгерушісі Ергеш Әбдуәлитовке «Қазақстан Республикасының білім беру ісінің құрметті қызметкері» атағы берілді. Елші педагогқа осы төсбелгіні табыс етті.


Тегтер:

тіл

Загрузка...

Пікір (0)

Input is not a number!
Input is not a email!
Input is not a number!