Астанада «Домбыра party» және «поэзия түні» өтеді

Фотография - Астанада «Домбыра party» және «поэзия түні» өтеді

28 қарашада ҚР Ұлттық академиялық кітапханасында «Жауһар жыр планетасына түнгі саяхат» атты поэзия түні әлеуметтік-мәдени акция өтеді.

454 0

28 қарашада ҚР Ұлттық академиялық кітапханасында «Жауһар жыр планетасына түнгі саяхат» атты поэзия түні әлеуметтік-мәдени акция өтеді.

Сағат 18.00-22.00 аралығында өтетін іс-шара көрнекті, әсерлі «Кітапхана шақырады, поэзия шақырады» атты флеш-мобтан басталады. Акцияның жыр бөлігі Қазақстанның халық жазушысы Фариза Оңғарсынованың шығармашылығына арналады. «Шаңырақ» этнографиялық залында Фариза Оңғарсынованың туған жері «Манаш» ауылы қонады, ал музыкалық мейманжайда «Поэзия патшайымы» кітап көрмесі, «Жүректерге бір жылу әкелейін...» атты жыр кеші өтеді. Фариза Оңғарсынованың лирикасына арналып «Тартынбай сөйлер асылмын...» әдеби сайысы мен «Қырмызы бояулар сөйлесін...» тақырыбында жас суретшілер аллеясы болады. Ал Интернет залда қазақстандық ұлттық электрондық кітапхана мен басқа сайттарда орналасқан қазақстандық авторлардың шығармаларымен танысуға болады.

Сондай-ақ, келушілер «Домбыра party» атауымен өтетін домбырашылар кешіне және «Әдеби караоке» музыкалық кешіне қатысады. «КварталEast-West» тақырыбы аясында Үндістанды зерделеу орталығы, француз, корей кварталында болып, аталған елдердің салт-дәстүрлері мен әдеби қызығушылықтарымен танысуға болады. «Көркем әдебиет абонементі» залында «Балалар еліне саяхат» атты жүздесуде ең көп оқитын оқырманды марапаттау өтеді.

Мұнымен қоса, кітапхана қорынан ең үлкен кітап, ең кішкентай кітап, ең сирек кітап, ең жаңа кітап, т.б. ұсынылатын «Ең, ең, ең...» кітап көрмесі ұйымдастырылады. Бұл - кітаптардан жасалған «Шабыт бағы» инсталляциялық көрмесі.

Кітапхананың меймандары белгілі адамдардың «Кітапхана аллеясында» фотосуреттері көрмесін тамашалайды. Сонымен бірге ниет білдіргендер түнгі шолғыншымен бірге кітапхананың ең қастерлі жері - кітап сақтау қорында болып, кітап патшалығының салтанатын сезіне алады.

Бұдан бөлек, «Менің қолтаңбам» атты мүмкіндігі шектеулі оқырмандардың өздері қолдан жасаған бұйымдардың көрмесі ашылады. Білуге құмар жандар телескоп арқылы түнгі қаланы тамашалай алады және «Поэзиямен жұлдыз жорамал» бөлімінен оқырмандар өзі туралы біле алады.

Поэзия мерекесінің соңы би марафонымен жалғасады.


Тегтер:

Кеш

Загрузка...

Пікір (0)

Input is not a number!
Input is not a email!
Input is not a number!