Белгілі ақын Қайрат Жұмағалиев өмірден озды

Фотография - Белгілі ақын Қайрат Жұмағалиев өмірден озды

Республикаға белгілі ақын Қайрат Жұмағалиев Алматы қаласында өмірден озғаны жөнінде суық хабар жетті.

257 0

Республикаға белгілі ақын Қайрат Жұмағалиев Алматы қаласында өмірден озғаны жөнінде суық хабар жетті.

2009 жылы туған жері Батыс Қазақстан облысына оралып, Орал қаласында тұрған ақын соңғы кезде сырқаттанып жүрген еді.

Атамекеніне шалқар сағыныш, асқақ арман құшағында келген ақын «Жайық Пресс» ЖШС-да бас директордың кеңесшісі ретінде қызмет етті. Еліне оралған қуаныш үстінде тың туындылар жазып, өткен жылы «Жарық дүние» атты өлеңдер кітабын шығарды. Кітабының аты сездіріп тұрғанындай, ақын жарық дүниемен қимай, қоштасып кеткендей.

Өткен жылы Ақ Жайық жұртшылығы ақын Қайрат Жұмағалиевтің 75 жылдық мерейтойын кеңінен атап өтті.

Ол 1937 жылы 16 қыркүйекте қазіргі Бөкей ордасы ауданы Бисен ауылдық округіне қарасты Жиекқұм елді мекенінің Бесқұдық деген жерінде дүниеге келді.

Жастайынан қиындық көрген ақын 1952 жылы Орда ауданы таратылып, жері полигонға берілген кезде анасы Жаңылғаныммен бірге Оңтүстік Қазақстан облысына көшірілді. Талай өткелектен өткенімен, әйтеуір тірі қалған ақын 1959 жылы ҚазМУ-дің филология факультетін бітіргеннен кейін «Жазушы» баспасында еңбек етіп, бас редактордың орынбасарлығына дейін көтерілді. 1985-1992 жылдары Қазақ республикалық теледидарында аға редактор, бас редактор, 1993-1996 жылдары ҚР Парламенті Сенатының аударма-редакциялық бөлімінде сектор меңгерушісі, кеңесші болды, «Сарыарқа» журналында да еңбек етті.

Көптеген жыр кітаптарының авторы. Көптеген туындыларды ана тіліне аударумен бірге өзінің де шығармалары шетел тілдерінде басылып шықты.

Көрнекті ақын, ардақты азамат алдағы жұма күні Алматы қаласында анасының жанына жерленбек.

«Жүрегім жыр толғайды,

Көңілім ортаймайды.

Анасы бар адамдар

Ешқашан қартаймайды» деп ғұмыр бойы анасын құрметтеудің үлгісін көрсеткен ақынның енді екінші, мәңгілік өмірі басталды.


Тегтер:

Кеш

Загрузка...

Пікір (0)

Input is not a number!
Input is not a email!
Input is not a number!