Әли Оқапов: "Атаққа таласып адамгершіліктен аттайтын мен емес..."

Фотография - Әли Оқапов: "Атаққа таласып адамгершіліктен аттайтын мен емес..."

Жалпы «Жыл жаңалығы» деген титул маған қатарынан үш рет бұйырды

522 0

– Әли, өткен жылдың қоры­тындысы бойынша «Жыл жаңа­лығы» атағын алдың. Қазақ шоу бизнесіне қандай жаңалық алып келдім деп ойлайсың?

– Жалпы «Жыл жаңалығы» деген титул маған қатарынан үш рет бұйырды. Ең алғашқысы 2012 жылы «Саз әлемі» жобасы: ата­ғымен қоса, ақшалай сыйлығы болды. Жобадан кейін сол қа­ражатқа «Алға» бейнебаянымды түсірдім. Сол себепті бұл байқауға алғысым шексіз. Содан өз шы­ғармашылығыма аса жақын деп есептейтін «ЕМА» байқауында күтпеген жерден жүлде бұйырды. Күтпеген жерден дейтінім, менің «Үздік бейнебаян» номинациясы бойынша жүлдегер атануға үмітім болды. «Алға» бейнебаянына се­нім арттым. Оның үстіне басқа номинацияларда бәсеке де жо­ға­ры болды. Шараның шарты бо­йын­ша 50 пайыз халықтың даусы арқылы, 50 пайыз әділ-қазылар мүшелерінің шешімімен жеңіс берілді. Осыдан кейін 2013 жылы бағыты мүлдем басқа кәсіби «Астана жұлдызы» жүлдесінің «Жыл жаңалығы» номинациясы деген марапатқа ие болдым. Байқау 30-40-қа жуық есімдері жасырын әділқазылардың шеші­мімен өтті. Кәсіби музыканттарға арналған байқауда марапатқа ие болу да шабытымды шыңдай түсті. Жоғарыда аталған Еуразия музыкалық жүлдесінің «Үздік орындаушы – 2013» номинациясы бойынша да жеңімпаз болдым. Бұл да күтпеген жетістік болды мен үшін.

– Аталған жүлделерді иелен­ген­нен кейін біраз сынға ұшы­радыңыз... Қалай қабылдадыңыз?

– Ол рас. Әсіресе, Еуразия му­зыкалық жүлдесінің «Үздік орын­даушы – 2013» номинация­сы бой­ын­ша танымал әнші Қай­рат Нұртаспен сынға түстім. Ха­лық Қайрат жеңеді деп күткенін мойындаймын және Қайрат осы атаққа лайықты деп санаймын. Бұл номинациядан үмітім аз болды. Дегенмен жеңісті мен ал­дым. Бірақ халық арасында мүл­дем шындыққа келмейтін «Қай­раттың «ПраймПлазада» болған келеңсіз оқиғасы болмағанда сөз­сіз жеңіске жетер еді», «Қайдан байқау әділ өтеді дейсің?! Халық артисінің баласы болғаннан соң алды жүлдені», тіпті «Қайраттың «ПраймПлазада» болған өкінішті оқиғасын Әли Оқапов әдейі ұйымдастырды» деген өте күлкілі және тағысын тағы қауесеттер әлеу­меттік желілерде, ғаламтор беттерінде өріп жүрді. Өзімнің жеке поштама келгендері де бол­ды. Қажет деп санағаныма жауап та бердім. Аталған сындардың көңіл-күйіме әсер еткені рас. Әйтсе де, өмірден безіп, құлазып кеткенім жоқ. Қажет деп санаған сынды қабылдадық. Қайраттан озып кету қауіпті дүние. Жан­күйерлердің маған қарсы ереуілге шығуы да мүмкін еді ғой. Сіздің газет арқылы сыншыларға берер жауабым:

Біріншіден, «ЕМА» музыка­лық байқауы тек атақ береді. Атаққа таласып адамгершіліктен аттайтын адам мен емес.

Екіншіден, Қайрат Нұртастың анасы продюсер ретінде барлық жұмысы мен шығармашылығын мақсатты түрде баласына арнаған жан. Оларда бірігіп істелетін жұмыс бар. Ал менің анам қанша жерден халық артисі болғанымен менің шығармашылығыма мүл­дем қатысы жоқ. Тіпті анам кей­бір бейнебаянымды халықпен бірге көріп жатады. Сол себепті ренжитін кездері де болады.

– Өте танымал әнші болу үшін ән айтып, би билеу жеткілікті ме? Басқа әншілерден ерекшелігім деп нені айтар едіңіз?

– Жоқ, жеткіліксіз. Кез кел­ген артист сегіз қырлы болуы ке­рек. Сол кезде ғана халық күткен шоу жасай аламыз. Ерекшелігім деп кәсіби білімім бар екенін айта аламын. Қазірде аузын ашқанның барлығы бір нота білмей-ақ әнші болып жүр ғой. Олардың қасында әрдайым музыкадан кәсіби білімі бар мамандар жүреді. Кейде екеуара көңілден шығатын жақсы жобалар жасалады. Кейде артист пен композитор, музыкалық про­дюсер бір-бірімен түсінісе алмай жатады. Мен өз әнімді қала­ға­нымша өзім жазамын. Көңіл­де­гідей шығатын кезі көп. Музы­каның негізі классика дейтін бол­сақ, осы салада білімім бар.

Екіншіден, сахнаға жалғыз шы­ғып бір әнді айтып кете бере­тін артистер ұнамайды. Тіпті есеп беру концертін дәл сол қалыпта өткізетін әншілер де кездеседі. Сахнаға әр шыққан сайын әртүрлі қимылда би ұйымдастырып, ке­мін­де екі адаммен шығуға тыры­самын.

– Әндеріңіз қалай жазылады?

– Барлық айтатын әндерімнің әуенін өзім жаздым. Жаза беремін де... Ал әуенді өз өмірімде болған оқиғалар, ұмытылмас сәттер негізінде жазамын. Сөзін ақын аға-бауырларымызға әуеннің маз­мұнын түсіндіру арқылы жаз­­­ды­ра­мын. Анамның айтатыны бар: «Шымшық сойса да қасапшы сойсын» деген. Қолымнан келетін музыканы жазу, өңдеу жұмы­с­та­рын өзім жасаймын. Қалған жұ­мысты қажет саланың маман­да­рына тапсырамын. Әрдайым үйлесім тауып жатады.

 

– Жақында «Жыл студенті» титулында алып үлгердіңіз. Қандай әсерде болдыңыз?

– Әрине, күтпедім. Себебі көпшілік менің студент екенімді де білмейді. Т.Жүргенов атындағы Өнер академиясының эстрадалық вокал мамандығы бойынша 4-курс студентімін. Ұстазым Тол­қын Забирова. Алла қаласа емти­ханды сәтті тапсырсам биыл бітіремін. Қазір сол сы­нақ­тарды тапсырып жатырмын.

Бір күні ұялы телефоныма қоңырау шалынды. Астана қала­сында үздік студенттерді мара­паттау рәсімі өтетінін айтып, мені қонақ ретінде шақырды. Жас студент – ол менің тыңдарманым. Ол жақта жастар жақсы қабыл­дайтынын білдім. Сол себепті қолдау көрсетуге келістім. Содан «Үздік» студенттерді әртүрлі номинация бойынша марапаттау жиыны болып жатты. Үздіктердің қатары біткен уақытта «Студент­тер ассоциациясының» төрайымы шығып құттықтау сөзін сөйледі. Сосын «Жыл студентінің» есімін жариялайық» деді де менің есі­мімді атады. Күтпедім, бірақ қуандым.

– Анаңыздың арманы сіздің жоғары дәрежелі пианист болға­ныңыз екен... Бұл салаға бару ойыңызда болды ма?

– Ол рас. Бұл арманының негізі – әкемнің жолымен жүрсе дегенінде болу керек. Әр музы­канттың өз аспабы болады. Мен музыкада пианиноны таңдадым. Бұл салада орта білімім бар. Анам тек пианист емес дирижер, му­зыкалық продюсер, жоба жетек­шісі сынды саланың маманы бол­ғанымды қалады. Себебі әкем атал­ған салалардың бәрін мең­герді. Тасқын Оқапов – мен үшін қазақтан шыққан тұңғыш прод­юсер. Көзі тірісінде «Арай», «А-сту­­дио», «Роза Рымбаева» және тағы басқа есімі әлі күнге ел есінде жүрген тарихи жобалар жа­сап кетті. Әлі де жасар ма еді...

Бірде 17-18 жасымда анама эс­традаға барғым келетінін айт­тым. Таңдауымды қолдады. Себебі өмір өзімдікі ғой. Бірақ кез­келген дүние болашақтың ен­­шісін­де. Әртүрлі өзгерістер болуы да.

 

– Эстраданы таңдағаныңыз үшін өкінген сәттер болды ма?

– Әртүрлі сынды естігенде өкінетін сәттер болады. Әсіресе, «неге батыстың стиліндегі әнді көшіріп айтады?», «Қазақ баласы ғой, қазақ әнін неге айтпасқа?» деген пікірлерді естігенде, «халық мені түсінбесе, бұл салада не істеп жүрмін?» деп ойланам. Менің орын­дауымда Шәкәрім Құ­дай­бердінің «Еңлік-Кебек» дейтін қазақы әні бар. Бірақ дәл осы стиліммен де жақсы көретін тың­дармандардың демеуін көргенде қайта шабыт аламын. Ең бастысы, өзіме ұнайды. Эстрада мен үшін мәңгілікке таңдалған сала. Себебі дүние есігін ашқаннан сахнаның иісін сезіп өстім. Бірақ Тәңір мен табиғат маған ерекше қуатты дауыс берген жоқ. Роза Рым­баеваның талантына бұйырған бақ менде жоқ. Сол себепті де келешекте өзімді әншілігіммен бірге музыка­лық продюсер ре­тінде көремін. Әрине, бұл дүние уақыт еншісін­де.

– Әншіліктен басқа қандай мамандық таңдайтын едіңіз...

– Еш ойланбастан әскери мамандықты таңдар едім. Бұл саланы ерекше құрметтеймін. «Алға» бейнебаянымның әскери-патриоттық бағытта болуының себебі де сол. Бала күнгі арманым. Денсаулығымның жарамағаны себепті екі рет әскери тексеруден өте алмадым. Мені қабылда­ма­ды.

– Сіздің «Алға» деп аталатын патриоттық жанрдағы бейне­бая­ныңызды халық жақсы қабылда­ды. Бұл жанрда басқа бейнебаян жасау жоспарда бар ма?

– Тыңдарманға ерекше рух беретін патриоттық бейнебаян жасағым келгені рас. Барлығының шынайы болғанын қаладым. Сол мақсатта «Алға» клипін жасадық. Талдықорғанның әскери базасы­на үш ай көлемінде хат жазып жү­ріп рұқсат алдық. Киген киім­деріміз, бейнеде көрсетілген әс­кери көліктердің барлығы шын болды. Тіпті клипте билеген сә­тімде аяғымнан шыққан отты да графиканың көмегімен емес, бәтіңкеге мата орап, оған солярка майын құйып, отты тұтаттық. Ая­ғым күйіп қалмау үшін 30 секунд қана билеуім керек болды. Қа­сы­мызда өрт сөндіруші қыз­мет­керлер көмек көрсетті.

Қазір патриоттық жанрда түсірілетін бейнебаяндар көбейіп кетті. Бұл тақырыпта шыны мен жалғаны аралас әндер де жазылып жатыр. Мысалы, «Алашұлы» то­бы, Ерболат Құдайберген, «Ұлы­тау» сынды артистердің патриот­тық бағытта айтылған әндеріне тыңдарман ретінде сенемін. Менің рухымды көтеретіні рас. Ал атын атамай-ақ қояйын, кей­бір әншілердің осы бағытта жа­саған дүниелерін қабылдай алмаймын. Сол себепті патриот­тық жанрда тағы бейнебаян жасау жоспары кейінге қалды.

– Әлеуметтік желілерден бай­қаймыз басқа қалаларда, шет мем­лекеттерде концерт беріп жүрсіз. Бұл арнайы шақырту ма, жеке концерт пе?

– Екеуі де. Арнайы шараларға қонақ ретінде шақыртып жатады. Әрдайым баруға тырысамын. Кей­де өзге қаланың арнайы ұй­ым­дастырушылары жеке концерт беруге шақырады. Сол себепті жеке концертім болатын кездер де кездеседі. Журналистер «Алма­ты немесе Астана қалаларында неге концерт бермейсіз, өзге қалада беріп жүрсіз ғой?» деген сұрақтарды көп қояды. Бұл қалаларда концерт өткізуге әлі дайын емеспін. Әлі де қалып­тасуым қажет. Концерт беру жа­қын жоспарда бар деп айту қиын. Себебі үлкен дайындық керек.

– Ерболат Беделхан, Луина­мен дуэт шығару жоспарда бар деген болатынсыз. Жоспар орын­далды ма?

– Орындалу барысында. Луи­намен қазақ тілінде ән жаз­дық. Қазір өңделіп жатыр. Ер­болат Беделханмен дуэт жазу туралы келісім бар. Бірақ уақыт­тың тығыздығына байланысты ән жазу жағы кейінге қалды­рылуда. Міндетті түрде жазамыз және жақын арада сіздер де тыңдайсыздар деп ойлаймын.


– Хоббиің қандай?

– Әуен жазу, ән айту, бей­небаян түсіру жаныма рақат сыйлайды. Ал қарапайым қазақ­тың қарадома­лақ баласы ретінде атпен шабу­ды жақсы көремін.

– Әли, өзіңіз қатарлас жастар арасында әндеріңіз сұранысқа ие. Бұған дейін жасаған біраз дүние­леріңізбен таныспыз. Болашақ жоспарларыңызды білсек?

– Ең маңызды жоспарым – ал­ғашқы үнтаспамды жарыққа шығарамын. «Музыка» немесе «Арманға» деген атаумен шығуы мүмкін. Әзірге таңдалып жатыр. Кем дегенде он бес ән кіреді. Қазіргі уақытта 37 авторлық әнім бар. Солардың ішінен таңдаулы деген үздік он бес ән үнтаспаға енеді.

Музыкалық продюсер болу­ды бастаймын. Мен таңдаған артистің аты әзірге құпия. Қазір Әли Оқапов есімді әншінің про­дюсерімін. Осы саланы бастау арқылы да әкеме бір қадам жа­қын­дай түсетін сияқтымын. Музыкалық білімім бар, эстрада да жүрмін, қолымнан келеді деп сенемін.

– Қыздар хатты көп жазатын болар?

– Иә, өте көп жазады. Ба­сында әрқайсысына жауап жазу­ға тырысатынмын. Қазір игеру мүмкін емес. Уақыт та жоқ. Оның үстіне хаттар бір мазмұнда болады. Жауап жазбағаныма ре­нішін білдірген хаттар да келеді. Қанша жерден ренжіп жатса да, өкінішке қарай, жауап жаза ал­маймын.

– Демек, сүйіктің бар ғой...

– Жоқ, мәселе сүйгенімде емес. Онда мазмұны ұқсас хат­тарға «Айқын» газеті арқылы жауап берейін. Құрметті қыздар, Баян Есентаеваның күйеубала туралы айтқаны тек қалжың. Оның қызы Айсәулемен тек достық қарым-қатынастамыз. Сүйіктімді әлі кездестірмедім. Отбасын құру да жоспарда жоқ. Анам үйге келін түсір деп асық­тырып жатқан жоқ. Біреуге ессіз ғашық болып, аяқ-асты үйленіп кетпесем, отау құру мәселесі ал­дағы уақыттың еншісінде.


Тегтер:

музыка

Загрузка...

Пікір (0)

Input is not a number!
Input is not a email!
Input is not a number!