«Жанды баурап әкететін балет» - итальяндықтар «Астана Опера» өнерін осылай бағалады (ФОТО)

Фотография - «Жанды баурап әкететін балет» - итальяндықтар «Астана Опера» өнерін осылай бағалады (ФОТО)

Италиядағы «Астана Операның» Гала балеті демде өте шықты. Елордалық театрдың «Карло Феличедегі» гастролінің үшінші күнінде ине шаншыр жер болған жоқ. Көрермен бір ауыздан: «Керемет, таңғажайып, естен кетпес, бұл бір жаныңды баурап алатын балет екен» десті.

1526 0

Италиядағы «Астана Операның» Гала балеті демде өте шықты. Елордалық театрдың «Карло Феличедегі» гастролінің үшінші күнінде ине шаншыр жер болған жоқ. Көрермен бір ауыздан: «Керемет, таңғажайып, естен кетпес, бұл бір жаныңды баурап алатын балет екен» десті.

Әлеумет әртістер билеген кезде олардың техникалық деңгейіне ғана емес, сондай-ақ актерлық шеберлігіне, ұлттық ерекшелікке таңдай қақты. Классикалық номерлермен қатар Галада, К. Күмісбековтің музыкасына қойылған Ғ. Бөрібаеваның хореографиясындағы «Биші қайың» және Н. А. Тілендиевтің музыкасына қойылған З. Райбаевтың хореографиясындағы «Ата толғауы» билері бар. Итальяндық көрермен өздері үшін таңсық қазақ билерінің орындалуын үлкен қызығушылықпен қадағалап, жарқыраған костюмдерге көз тойдырумен болды.

Жас әртістер – халықаралық конкурстардың лауреаттары Әйгерім Бекетаева мен Еркін Рахметоллаев «Аққу көлі» балетіндегі номерлерін тамаша орындап шықты. В. Вайноненнің хореографиясындағы «Жаңғақ шаққыш» балетінен адажио ұсынған ҚР еңбек сіңірген қайраткері Тайыр Гатауов пен Назерке Аймұхамедоваға көрермен көпке дейін қошемет көрсетіп, жібермеді. В. Соловьев-Седойдың «Тарас Бульба» балетінен Гопак орындаған Еркін Рахметоллаев, Арман Оразов, Серік Нақыспеков пен Елдар Сәрсембаев әлеуметке ерекше жалын, көңіл-күй сыйлады. А. Аданның «Жизель» балетінен Pas de deux орындап шыққан ҚР еңбек сіңірген қайраткері Гауһар Усина мен халықаралық конкурстардың лауреаты Досжан Табылды көрерменнің ыстық ықыласына бөленді.

Гала балеттің бағдарламасын «Қыпшақтар биі» - А. Бородиннің «Игорь князь» операсынан көрініс аяқтады. Труппа барын салып биледі. Солисттер бірнеше мәрте тағзым етіп, гүлін жаудырған көпшіліктің әр номер сайын шапалағы толастаған жоқ. Концерттен кейін олар қолтаңбаларын таратып, баспасөз өкілдерімен жүздесіп жатты.

Итальяндық журналисттің, осынша күшті қайдан аласыз деген сұрағына Әйгерім Бекетаева жауап берді. – Мен балетті және барлық көрерменді жақсы көремін, солар үшін сахнаға қайта-қайта шыға бергім келеді. Ду қол шапалақ – бұл ең биік марапат. Осының барлығы мені кәсібіммен бұрынғыдан бетер белсенді айналысуға ынталандырады. Мен «Карло Феличе» сахнасында өнер көрсеткеніме өте қуаныштымын, бұл екі мемлекет арасындағы мәдени алмасу деп білемін.

Таңданысын жасырмаған итальяндық Паоло Марино есімді көрермен «Астана Опера» труппасының сапары Генуя қаласы үшін шынымен де маңызды оқиға екенін атап өтті. – Біз бүгін кәсіби тұрғыда шыңдалған ұжымды тамашаладық деп есептеймін, қазір біз көбіне модернді тамашалайтындықтан, бұл бізде сирек қойылады, көптен бері сағынып жүрген классикалық балеттен біраз сусындадық.

Балетқұмар Тереза Греко «Астана Опера» труппасының өнеріне осымен екінші рет куәгер болғанын айтады. – Өткен кеште мен «Спартак» спектаклін тамашаладым, бишілердің деңгейі жақсы, әртістер қатарын бұзған жоқ, нық-нық және түзу қимылдады. Бүгін мен Гала балетте болдым, қазақ биі біз үшін бұрын-соңды көрмеген өнер екенін айтқым келеді, керемет екен. Қымбат костюмдер, ұлттық нақыштар, сән-салтанатқа көзің тоймайды. Труппаның шеберлігінде мін жоқ, мен тәнті болдым! «Астана Опера» ұжымына бүгінгі кеш үшін алғысымды білдіргім келеді.

 



Загрузка...

Пікір (0)

  • Кіру
  • Тіркелу
  • Құпия сөзді ұмыттыңыз ба?