742

Қарағандыда «Сарыарқа кітапханасы» басылымының 100 томдығы таныстырылды

Қарағандыда Сәкен Сейфуллин атындағы Қазақ драма театрында 100 томдық «Сарыарқа кітапханасы» әдеби жинағының таныстырылымы өтті.
Фотография - Қарағандыда «Сарыарқа кітапханасы» басылымының 100 томдығы таныстырылды

Қарағандыда Сәкен Сейфуллин атындағы Қазақ драма театрында 100 томдық «Сарыарқа кітапханасы» әдеби жинағының таныстырылымы өтті.  

Шара Қазақ хандығының 550 жылдығы мен Қазақстан халқы Ассамблеясының 20 жылдығына орайластырылды.

Мақсат - Сарыарқа жазушылары мен ақындарының шығармашылығын жүйелеу. Елордалық «Фолиант» баспасында шыққан еңбекте 800 автордың шығармасы жинақталған. 
Әр томның тиражы - 800 дана.  Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа жеке том арналды. Онда журналистердің болашақ Ұлт көшбасшысының Қарметкомбинатта жұмыс істеп жүрген кезінде жазған материалдары бар.

«Тәуелсіздік жылдарындағы Сарыарқа» томы да жергілікті БАҚ-та қазақ және орыс тілдерінде жарияланған материалдардан топтастырылған.

 «Жаңа дәуір әдебиеті» сериясында алашордашылар Әлихан Бөкейханов, Жақып Ақбаев, Әлімхан Ермековтың туындылары жинақталған. Қарлагта қамауда болғандардың туындылары да шет қалмады. Екі том жас жазушылар мен ақындардың шығармаларына арналды. 

Қарағанды облысының әкімі Нұрмұхамбет Әбдібеков көп томдық жалғасын табатынына уәде берді.

Облыстық мәдениет басқармасының ақпаратынша, антологияны құрастыруға екі жылдай уақыт кеткен.  Оны басып шығаруға 90 млн. теңге жұмсалған, қаражат 2013-2014 жж облыстық бюджеттен бөлінген.  Кітаптар облыстағы және республикадағы кітапханаларға тапсырылады.

Антологияның таныстырылымына ҚР Сенаты және Парламентінің депутаттары, еліміздің мемлекеттік, шығармашылық және қоғамдық қайраткерлері қатысты.

 

ҚазАқпарат

Загрузка...