Ернар Айдар: "Қайрат Нұртасқа еліктемегенмін, еліктемеймін де"

Фотография - Ернар Айдар: "Қайрат Нұртасқа еліктемегенмін, еліктемеймін де"

Назарларыңызға жас әнші Ернар Айдардың "Жұлдыздар отбасы" журналы оқырмандарының сауалына берген жауаптарын ұсынамыз.

1428 0

 Назарларыңызға жас әнші Ернар Айдардың "Жұлдыздар отбасы" журналы оқырмандарының сауалына берген жауаптарын ұсынамыз.  

– Сіз Қайрат Нұртасқа еліктейсіз бе?

Аймереке, Өскемен

– Абай атамыз "Біріңді, қазақ, бірің дос, көрмесең істің бәрі бос" деген, қазақ болған соң біз бір-бірімізге бауырмыз. Мен Қайрат Нұртасқа еліктемегенмін, еліктемеймін де. Мен де пендемін, мүмкін, қимылдарымнан бір сәйкестік көріп қалған боларсыздар. Қайрат Нұртас болып тойларда ән салып жүрген бір жігіт бар. Оған еліктейтіндер, ұқсайтындар тіптен көп. Неге соларды айтпайсыздар?! Мен сахнада амандассам, "Қайрат Нұртас сияқты сәлем берді" дейді. Сонда амандасу үшін артқа қарап еңкеюім керек пе?! Мен ақсарымын, ал Қайрат – қараторы жігіт. Қараторы мен ақсарыны әкеп теңестіріп, салыстырып жатады. Қайратпен салыстыратындай мен оның бағындырған белестеріне жеткен де жоқпын. Сондықтан мені онымен салыстырудың қажеті жоқ. Қайрат екеуміз өмірде доспыз. Осындай сұрақтарыңызбен сіздер бізді бір-бірімізге қарсы қоясыздар. Қайраттың да, менің де әндерімді тыңдайсыздар. Одан да екеумізге жанашыр болып жүрсеңіздерші.

– Кумиріңіз кім?

– Қазақ эстрадасындағы кумирім – Мейрамбек Бесбаев. Бала кезімізде Тоқтар Серіков, Досымжан Таңатаров, "МузАрт", "Нұр-Мұқасан" топтарындағы ағаларымыздың әндерін тебірене тыңдайтынмын. Осы кісілерді үлгі тұтып, еліктеп өстім.

– Өзбектің әнін ұрлағаныңыз рас па? сол шудың арты не болды?
Күлиза, Шымкент

– Бұл шуды "Гәкку" телеарнасы көтерді. "Шайхана" деген әнді ұрлап алған жоқпыз, келісіп алдық. Соны "Гәкку" телеарнасы ешкімнен рұқсат сұрамай, "Ернар Айдар сотталады, DJ Мейрам сотқа береді" деп жіберіпті. Біз DJ Мейраммен кездестік, ол: "Мен ешкімге олай айтпадым. Әнді айта беріңдер", – деді. Әнді автордың өзінен сұрап алғанбыз. Бір әнге бола не үшін соттасуымыз керек?! Менің репертуарымдағы сегіз ән шетелдікі шығар. Ал қалған сексені – қазақ сазгерлерінің әндері. Неге соларды көрмейді де, арасынан өзбектің әнін көріп қалады?! Телеарнаның неліктен мұндай шу көтергенін білмеймін. Тіпті оларға ренжімеймін де. Ерте ме, кеш пе, кез келген адам өз ісіне жауап береді.

– Соңғы кезде Қайрат Нұртас екеуіңіз жиі концерт беретін болдыңыздар. сын айтылмады ма?

– Әрине, сын айтылды. Жеке концертіңді жиі беріп кетсең, "Неге жиі береді?" дейді, ал егер өткізбесең, "Неге концерт бермейді?" деп жатады. Біз өзімізді жарнамалау үшін емес, сұраныс болғандықтан және ұйымдастырушылар шақырған соң барамыз. Халық сағынып тұрса, біз концерт беруден неге бас тартуымыз керек?! Алыс ауылдағы тыңдарманға көтеріңкі көңіл-күй сыйлаған жақсы ғой. Өнер адамы бір жерде тұрып қалмауы керек. Біз концерт беру арқылы тынбай жұмыс істеп келеміз.

– Халықты жалықтырып жібермейсіздер ме?

– "Халық мені сағынбайды" дей алмаймын. Семейде бір айдың ішінде екі концерт бердім. "Шақырған жерден қалма, шақырмаған жерге барма» дейді. Сондықтан шақырған жерден мүмкіндігінше қалмаймын.

"Жұлдыздар отбасы" журналы



Загрузка...

Пікір (0)

Input is not a number!
Input is not a email!
Input is not a number!