Астанада Оралхан Бөкей оқулары басталды

Фотография - Астанада Оралхан Бөкей оқулары басталды

Бүгін Астанада Оралхан Бөкей атындағы көркемсөз оқу шеберлерінің XVII республикалық байқауы басталды.

800 0

 Бүгін Астанада Оралхан Бөкей атындағы көркемсөз оқу шеберлерінің XVII республикалық байқауы басталды. Елордадағы қорытынды жарысқа Астана, Алматы қалаларынан және облыстардан жеңімпаз атанған 16 үміткер келіп, суреткер жазушы Оралхан Бөкейдің шығармаларымен қатар, өзге де ақын-жазушылардың  шығармаларын мәнерлеп оқуда.
Жалпы, дәстүрге айналған Оралхан Бөкей оқуларына 16-22 жас аралығындағы талапкерлер қатыстырылады. Байқау ережесіне сай, үміткер адам оқитын  монологтың ұзақтығы 2-3 минуттан аспауы қажет әрі үміткер монолог пен шығарма үзіндісін жатқа білуі тиіс. Жарыстың үш тапсырмасын орындаған, атап айтсақ, прозаның, драмалық шығарманың үзіндісін және бір өлеңді мәнерлеп оқыған қатысушылар қазылар алқасының тарапынан тиісті бағасын алып, жеңімпаз балдық көрсеткіш бойынша анықталады.

Ш.Шаяхметов атындағы Тілдерді дамыту республикалық үйлестіру-әдістемелік орталығының директоры Ербол Тілешовтің айтуынша, бүгінгі байқауға зиялы қауым өкілдері мен ғалымдар төрелік етеді.

"Оралхан Бөкей оқулары еліміздің өңір-өңірінде сәуір айында басталған болатын. Тамызда біз облыстық және қалалық байқаулардың жеңімпаздарынан осы республикалық жарысқа өтініш қабылдай бастадық. Биылғы Оралхан Бөкей оқуларының жеңімпаздарын тек түстен кейін анықтаймыз. Ал, жалпы, қатысып жатқан балалардың бойынан таланат пен талпынысты байқау қиын емес. Жалпы, қазір жастар кітап оқымайды деген әңгіме жиі айтылады. Оқушылар кітап емес, интернетке жүгінеді. Әрине, бұл заман талабы шығар, бірақ, кітап еш уақытта ұмытылмайды. Бүгінгі байқаудың мақсаты да сол - кітап әр уақытта адамның рухани азығы болып қала беретінін дәлелдеу", - дейді Е.Тілешов.

Қазақтың қадірлі жазушысы Оралхан Бөкейдің дүниеден озғанына биыл 22 жыл болды. Суреткер жазушы, дарынды журналист тірі болғанда, 28 қыркүйек күні 72 жасқа толар еді. Қазақ әдебиетінің ерекше классигі Оралхан Бөкейдің "Қайдасың қасқа құлыным?", "Біздің жақта қыс ұзақ", "Ұйқым келмейді" сынды әңгімелер жинағы мен повестері мектеп оқушыларынан бастап, ересектер де үнемі қызыға, көзге жас ала оқитын шығармалар болып қала бермек. Оралхан Бөкей 1993 жылы туған жерінен жырақта, Үндістанның Дели қаласында дүниеден озған болатын.



Загрузка...

Пікір (0)

Input is not a number!
Input is not a email!
Input is not a number!