Қазақ хандығының 550 жылдығына орай Ақтөбеде өткен айтыс мәресіне жетті

Фотография - Қазақ хандығының 550 жылдығына орай Ақтөбеде өткен айтыс мәресіне жетті

1 қазан күні Ақтөбеде Қазақ хандығының 550 жылдығы аясында "Нұр Отан" партиясының қолдауымен Ақтөбе облысы әкімдігі ұйымдастырған "Бабадан қалған байтағым" атты ақындар айтысы өтті, деп хабарлайды "Нұр Отан" партиясының баспасөз қызметінен

1066 0

1 қазан күні Ақтөбеде Қазақ хандығының 550 жылдығы аясында "Нұр Отан" партиясының қолдауымен Ақтөбе облысы әкімдігі ұйымдастырған "Бабадан қалған байтағым" атты ақындар айтысы өтті, деп хабарлайды "Нұр Отан" партиясының баспасөз қызметінен.

Шараның мақсаты - айтыс өнерін мәдениетіміздің баға жетпес асыл мұрасы ретінде халыққа жан-жақты насихаттау, елдегі халықтар достығын, береке-бірлікті және саяси тұрақтылықты, аймақтағы ауқымды жұмыстарды жырға қосу.

Ақындар айтысына еліміздің өңірлерінен қатысқан 18 ақын өнерсүйер қауымды өрелі ой, терең толғамдарымен тәнті етіп, рухты жырымен сусындатты, елдікті, тәуелсіздікті жырлады.

Айтысты Қазақстан Республикасының  еңбек сіңірген қайраткері, М.Мақатаев атындағы сыйлықтың екі мәрте лауреаты, ақын, журналист Жүрсін Ерман жүргізді.

Ақындарға қазақ өнері мен әдебиетінде, тарихында өзіндік орны бар  елге белгілі азаматтар - "Қазақфильм" киностудиясының және М.Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрының актері, режиссер, Қазақстанның халық әртісі, КСРО халық әртісі Асанәлі Әшімов, Қазақстанның халық әртісі Алтынбек Қоразбаев, Қазақстан Жазушылар одағының Мұқағали Мақатаев және Халықаралық Жамбыл атындағы сыйлықтарының лауреаты, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Несіпбек Айтов баға берді.

Қазылар алқасының шешімі бойынша белгілі айтыскер ақын Әсем Ережеқызы бас жүлдеге лайық деп танылып, 1200000 теңге сыйақыға ие болды. Ақтөбенің жас жүйрігі Жәнібек Бейбітов бірінші жүлдеге (1 млн. теңге) лайық деп табылды. Астана қаласынан қатысып, әдемі әзілімен, терең ойларымен халық сүйіспеншілігіне бөленген ақын Айнұр Тұрсынбаева екінші (700 мың теңге), ақтөбелік ақын Ершат Қайболдин үшінші орынды (500 мың теңге) иеленді. Қатысқан барлық ақындарға 100 мың теңгеден ынталандыру сыйлықтары табыс етілді. Облыс әкімі Бердібек Сапарбаев барлық ақындарға  және өнерімен ерекшеленген Айнұр Тұрсынбаева, Ринат Заитовқа, Әсем Ережеқызына қосымша сый-сияпат көрсетті. Сонымен қатар бірлік пен татулықты көбірек жырға қосқан 4 ақын (Марат Ахметов, Шалқарбай Ізбасаров, Айтбек Тұрсынбаев, Аруна Керімбек) Қазақстан халқы Ассамблеясының сыйлығын иеленді.

Айтыстың бас жүлдесін табыстаған Қазақстанның халық әртісі, КСРО халық әртісі Асанәлі Әшімов өз сөзінде Ұлы Отан соғысында ерліктің үлгісін көрсеткен батырлардың құрметіне айтыс арнаудың реті келгенін атап өтті.

Айта кетейік, "Нұр Отан" партиясы бүгінде ақындар айтысын тікелей қолдап келеді. Сонымен қатар, ұлттық өнер мен мәдениетті дамытуға бағытталған көптеген жобаларға қамқорлық көрсетуде.


Загрузка...

Пікір (0)

Input is not a number!
Input is not a email!
Input is not a number!