"72 сағатта үйлену" филімі көрерменге жол тартты

Фотография - "72 сағатта үйлену" филімі көрерменге жол тартты

"72 сағатта үйлену» комедиясының режиссері Еркебұлан Жолдасов той алдындағы ауыл көрінісін жеткізгісі келгендей.

1400 0

Соңғы жылдары қазақстандық фильмдердің дені той төңірегінде түсіріліп жатыр. "Той десе қу бас домалайды" деген қазақтың жанды жерін тапқан сияқты режиссерлер. Қалыңдық, күйеу жігіт, тойға дайындық, құдалық, бәрі қазақтың табиғатына жақын, әзіл жазуға ыңғайлы тақырыптардың бірі. Дегенмен, осы уақытқа дейін той жайлы түсіріліп келген комедиялардың көбі қала қазақтарының әзіліне жақын болғандай. Мысалы, "Келинка Сабина", "Свадьба на троих" әзіл-қалжыңы жарасқан комедиялар болғанымен, қазақтың төл әзілін көрсете алмағандай. Қалай болғанда да нағыз тойдың көкесі — ауылда.

16

"72 сағатта үйлену» комедиясының режиссері Еркебұлан Жолдасов дәл осы той алдындағы ауыл көрінісін жеткізгісі келгендей. Құда күтіп толғанған ата-ана, бауырсақ пісірген ауыл әйелдері, отын тасыған күйеулер, аяққа оратылып, келінді ғажайып бір періште келетіндей күткен балалар, тірлікті реттеп жүріп ұрсып жүретін жеңгелер… бәрі-бәрі қамтылған. Бір сәтке режиссер адамды ауыл атмосферасына бөлеп, ата-әжеңе, ауылыңа сағынышыңды тербейді.

15

Фильм желісі бойынша атасы мен апасының қолында өскен Бақыт Астанада оқып жүріп Айгүл есімді қаланың, әрі байдың қызына ғашық болады. Одан үйленуге келісімін алған ол, ауылына хабар беріп, келін әкеле жатқанын айтады. Бірақ бәрі тақаған сәтте қыздың әкесі қарсы болып, үйіне қамап қояды. Сөйтіп ауылына жалғыз қайтқан Бақыт не істерін білмей, достарына келіп мұңын шағады. Қиын сәтте қол ұшын бермесе — оның несі дос? Осы желеумен достары Бақытты 72 сағатта үйлендірудің қамына кіріседі…

14

Басты рөлді сомдаған Жігер Ауыпбаев премьерадан бірнеше күн бұрын көлік апатына ұшырағандығы қауым жұртты дүрліктіріп қойды. Фильм премьерасынан бұрын, оның денсаулығына көбірек алаңдағанымыз рас. Дегенмен, дебютант атына сай жігерлі екен — жұмысына адалдығын, көрермендеріне деген жауапкершілігін білдіріп, премьераға келді. Келді де, көпшіліктен жылы сөз, мадақ естіп кетті. Өйткені ол расында соған лайық болды. Ең бастысы ғашық жігіттің рөліне ене алды. Айгүл (Динара Абдуллина) екеуінің фильмдегі қарым-қатынасына сенесің.

jiger

Фильмде жалпы мамандандырылған актерлер ойнағандықтан, олардың рөлдеріне мін таға алмайсың. Атасы мен апасының рөлін сомдаған Сағат Жылгелдиев пен Жібек Лебаева, жеңгесінің рөлін сомдаған Жұлдызай Дүйсенбиева, ауыл әйелін сомдаған Құрманай Бахтиярқызы және әлбетте, "Өнер қырандары" әзіл-сықақ театрының актерлері Жанболат Найзабеков, Құдірет Топаев, Әнуар Шымырқұлов бәрі жабылып қазақы болмысты, қазақи әзіл-қалжыңды жоғары деңгейде жеткізген.

0wsLaWOZN_U

Кемшіліктер де жоқ емес, әсіресе дыбысталуы мен музыкалық әрлеу жағынан олқылықтар баршылық. Алайда, кинодан алатын көңіл-күйге бұл қатты әсер етпейді. Фильм прокатқа орыс тілінде де шығады екен. Бірақ бұл фильмді ауылда өскен, ауыл атмосферасын сезінген адам ғана түсінеді деп ойлаймын. Сондықтан ауылды сағынсаңыз — "72 сағатта үйлену" фильміне барып сағынышыңызды басып қайтыңыз!




Загрузка...

Пікір (0)

Input is not a number!
Input is not a email!
Input is not a number!