"Тілім менің – тірлігімнің айғағы" атты білім сайысы өтті

Фотография - "Тілім менің – тірлігімнің айғағы" атты білім сайысы өтті

Нұрша Оразахынованың "Сатылай кешенді оқыту" технологиясы бойынша өткен білім сайысына елордалық 57 команда қатысты.

156 0

Сәуір айының 9-ы күні Астана қаласындағы Жамбыл Жабаев атындағы №4 мектеп-гимназиясында "Тілім менің – тірлігімнің айғағы" атты IV қалалық олимпиада өтті. 

Нұрша Оразахынованың "Сатылай кешенді оқыту" технологиясы бойынша өткен білім сайысына елорда бойынша "Мөлдір" балабақшасынан – 2, Қазақ ұлттық өнер университетінен – 1, сондай-ақ, 8 мектептен 57 команда қатысты. Қалалық ауызша командалық олимпиадада барлығы 296 бала білімдерін сынға салса, оларға қазақ тілі, әдебиет, орыс тілі, ағылшын тілі, тарих, математика, география, биология, физика пәндері бойынша 72 мұғалім жетекшілік етті.

Астана қаласы Білім басқармасының мұрындық болуымен өткен олимпиаданы ұйымдастыруға №71 "Мөлдір" балабақшасы, №4 Ж.Жабаев атындағы мектеп-гимназиясы, №81 жалпы білім беретін орта мектеп, №66 мектеп-лицейі, сонымен қатар, №74 мектеп-гимназиясы да бір кісідей атсалысты. Ал, ұйымдастыру алқасының құрамына – елордалық Білім басқармасы бастығының орынбасары Бағлан Сматаева, технология авторы, Қазақстан Республикасы Кіші ғылым академиясының вице-президенті, Қазақ ұлттық педагогикалық университеті филологиялық пәндерді оқыту әдістемесі кафедрасының профессоры, педагогика ғылымдарының докторы, Ресей Жаратылыстану ғылымдар академиясының мүше корреспонденті Нұрша Оразахынова және Астана қаласы бойынша «Сатылай кешенді оқыту» технологиясының тәжірибелік алаң педагогтары енді.

Жүз жылдық тарихы бар білім ошағында өткен дода қатысушылардың "Сатылай кешенді оқыту" технологиясының әнұранын орындауымен басталды. Кейін әр команда көрермендер алдында өздерін таныстырды.

Олимпиадаға қазылық жасаған Астана қаласы Білім басқармасының ғылыми-әдістемелік жұмыстар жөніндегі әдіскері Роза Қасқабаева шара шымылдығын құттықтау сөзімен ашып, сайысқа қатысушыларға сәттілік тіледі. "Еліміз үш тұғырлы тіл саясатын қолға алғалы бері қазақ тілінің қасиетін танытар іс-шаралар көптеп ұйымастырылып келеді. Ана тілінің қадірін қанына сіңіріп өскен жас ұрпақ орыс және ағылшын тілдерін жетік меңгеру арқылы болашаққа сенімді, нық қадам жасай алады. Бүгінгі сайыс – соның бір айғағы. Білім бәйгесінде тек үздіктер озық шықсын!", – деді Роза Қасымқызы.

Білікті мамандар қазылық жасаған олимпиадада 300-ге жуық оқушы "Сатылай кешенді оқыту" технологиясы бойынша білімдерін сарапқа салды. Балабақшаның даярлық тобындағы бүлдіршіндерден бастап, 7-сынып оқушыларына дейінгі аралықты қамтыған білім бәсекесінде балалар қазақ, орыс, ағылшын тілі пәндерінен бөлек, жаратылыстану пәндері бойынша да берілген тапсырмаларды ауызша орындап шықты.

Додаға тыңғылықты дайындықпен келіп, технологияны әр пән бойынша сауатты қолдана білген жүлдегер командалар сыныптық дәрежелері бойынша 1 және 2-орындарды жеңіп алса, сайысқа қатысқан әр балаға Астана қаласы білім басқармасының атынан мақтау грамотасы табыс етілді. Сондай-ақ, аталған сынға шәкірттерін жан-жақты дайындап, жетекшілік еткен ұстаздар мен бәйгенің жоғары деңгейде өтуіне атсалысқан алқа мүшелері де марапатталды.

Марапаттау рәсімінде Нұрша Алжанбайқызы: "Жыл өткен сайын технологияға қызығушылық білдіріп, үйреніп, білімдерін жетілдіріп жүрген оқушылардың да, мұғалімдердің саны да артып келеді. Бұл, әрине, қуанарлық жағдай. Заманауи білім берудің тетігіне айналған оқыту тәсілін алдағы уақытта әлі де жетілдіре, толықтыра түсеміз деген сенімдемін", – деп, барлық қатысушыға алғыс білдірді.

Айта кетейік, олимпиада барысында өзгелерден озық шығып, көп ұпай жинаған командалар биыл мамыр айында Алматы қаласында өтетін республикалық сайысқа қатысып, білім ордаларының намысын қорғамақ.



Загрузка...

Пікір (0)

Input is not a number!
Input is not a email!
Input is not a number!