1 мамырда "Астана Опера" театрында мерекелік концерт өтеді

Фотография - 1 мамырда "Астана Опера" театрында мерекелік концерт өтеді

Концертке қатысатын қазақстандық классикалық вокал жұлдыздары өнер көрсетеді

291 0

Қазақстан халқының бірлігі күні астаналық тұрғындар мен қонақтарға елордалық театрдың жарық жұлдыздарының орындауында тыңдармандардың ең танымал әрі сүйікті ұлттық сазды әуендері, ұлттық әндері мен билері, республикамыздың танымал композиторларының шығармалары ұсынылады, деп хабарлайды "Астана Опера" театрының баспасөз қызметі.

Концертке қатысатын қазақстандық классикалық вокал жұлдыздары – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Татарстанның еңбек сіңірген әртісі Нұрлан Бекмұхамбетов, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері Дина Хамзина, Жан Тәпин, Жанат Шыбықпаев, Маргарита Дворецкая, Башқұртстанның еңбек сіңірген әртісі Әлфия Кәрімова, халықаралық байқаулардың лауреаттары Мейір Бәйнешов, Евгений Чайников, Салтанат Мұратбекова, Айзада Қапонова, Татьяна Вицинская, Талғат Ғалеев, Болат Есімханов, Ескендір Әбжанов, Елена Ганжа, Роза Нұркей, Рамзат Балакишиев, Қазыбек Досмұхамбетов, Мәдина Исламова және басқалары. Олардың қатарына қосылатын астаналық балеттің шеберлері – халықаралық конкурстардың лауреаттары Әнел Рүстемова, Бақтияр Адамжан, Арман Оразов, Елдар Сәрсембаев, Асқар Саржанов, Нәзира Заетова, Айжан Қажыбаева және т. б.

Сонымен қатар тыңдарманды Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері Абзал Мұхитдинов пен Айдар Әбжаханов, сондай-ақ Арман Оразғалиев пен Руслан Баймурзин басшылық ететін «Астана Опера» Симфониялық оркестрінің асқақ өнері қуантады. Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, бас хормейстер Ержан Дәуітовтің жетекшілігіндегі театрдың тамаша хоры, ерекше балет труппасы (көркемдік жетекшісі Ресейдің халық әртісі Алтынай Асылмұратова, балет труппасының директоры - Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Тұрсынбек Нұрқалиев) айрықша нөмірлер дайындаған.

Театр режиссері Наталья Кагадий салтанатты кеште өнер сүйер қауымды не күтіп тұрғаны жайлы әңгімеледі.

"Тыңдарманға мерекелік көңіл-күй сыйлау және халықтар бірлігінің рухын жеткізу – біздің міндетіміз. Біз бәріміз – көрермендер мен әртістер – ондаған жылдар бойы қонақжай қазақстандық шаңырақ астында тату-тәтті, бейбіт өмір сүріп жатырмыз. Біздің «театр атты үйіміздің» көпұлтты труппасы қазақстандық музыкалық өнерді дамыту жолында ұйымшылдықпен жұмыс істеп келеді", - деп атап өтті Наталья Кагадий.

Концертте қазақстандық композитор-классиктердің симфониялық музыкасы, ариялары мен белгілі операларынан көрініс қойылып, қазақ, орыс, украин, башқұрт және басқа да халық әндері мен билері орындалады. Ұлттық музыка дәстүрінің ең бай үлгілері әлем халықтарының шығармаларымен ұсынылады.

Концерт 18:00 басталады, билет бағасы 500 теңгеден жоғары.




Загрузка...

Пікір (0)

Input is not a number!
Input is not a email!
Input is not a number!