Елбасының ақталған үміті – "Астана Опера" сахнасында!

Фотография - Елбасының ақталған үміті – "Астана Опера" сахнасында!

Президент талантты да танымал әнші Мария Мудряктың өнерін тамашалады.

1381 0

Мемлекет басшысы әйгілі "Травиата" операсын көріп, бір кезде өзі жолын ашып, батасын берген талантты да танымал әнші Мария Мудряктың өнерін тамашалады. Бұл туралы Ақорданың Фейсбуктегі ресми парақшасында хабарланған.

Бес жасында "Әлемнің ең жас опера әншісі" ретінде Гиннестің рекордтар кітабына енген павлодарлық Мария Мудряк Президентпен тұңғыш рет 2001 жылғы 24 тамызда Нұрсұлтан Назарбаевтың Павлодар өңіріне кезекті сапары аясында өткен шарада кездескен еді. Балғын әнші Мемлекет басшысы алдында «Жаңбыр», "Көңілді жел" атты екі әнді тамылжыта шырқап берді. Риза болған Елбасы жанына шақырғанда ол Президентке сыртында "Планетадағы ең кішкентай әнші – Маша" деп жазылған дискісін сыйлайды.

"Қолымды қысып тұрып жылы лебіз білдірген Нұрсұлтан Әбішұлы: "Ән айтқанды жақсы көресің бе, әлде қуыршақпен ойнағанды ма?", – деп сұрады. "Әрине, ән салған ұнайды", – дегенім есімде. Ол кісі күліп, "Егер жақсы оқысаң, мен сені үлкен оқуға түсіремін. Танымал әнші боласың», – дегенде қуанышымда шек болмады. Естелік ретінде маған қол сағатын сыйға тартты. Қазір ол сыйлық Г.Потанин атындағы қалалық өлкетану музейінде тұр. Ал арада үш жыл өткен соң Нұрсұлтан Әбішұлы уәдесін орындап, мені өзім де ойламаған шыңдарға бағыттап жіберді", – дейді балалық шағының ерекше сәтін сағынышпен еске алған Маша.

Әлемде сирек кездесетін, ең жоғарғы әйел даусы саналатын драмалық сопрано иесі Маша Мудряк Елбасының қолдауы мен тікелей көмегі арқасында 10 жасында "Болашақ" бағдарламасы бойынша Миландағы (Италия) Жоғары музыка академиясының ең жас студенті атанды.

– Маша ерекше қамқорлық көрсетіп, өз қызындай аялаған Нұрсұлтан Әбішұлына өнердегі жетістіктері туралы есеп беріп тұрады, – дейді әкесі. – Президент оны үнемі елде өтетін маңызды концерттерден қалдырмай, шақыртып жүреді. Амстердамдағы байқауға қатысқанда да жеңіске жетуіне тілектестігін білдірді. Кейін Еуропаның атақты сахналары мен конкурстарында Қазақстанның атын шығарудан жалықпау керектігін тапсырды. Уақыты жеткенде елге оралып, "Астана Опера" театрынан көргісі келетінін де айтыпты.

... Нұрсұлтан Әбішұлының айтқаны арада он шақты жыл өткен соң айдай ақиқатқа айналды: бүгінде Мария Мудряк – "Астана Операның" жетекші солисінің бірі, әлемге Ла Скала театрының үлкен сахнасында итальян операсының талғампаз тыңдармандарын тәнті еткен ол 2013 жылы өткен опера әншілерінің "Бельведер" халықаралық конкурсы қорытындысы бойынша «әлемдегі ең үздік опера әншілерінің» ондығы қатарына енді. Елбасы үмітін ақтап, ел мақтаны болды деген осы емес пе?!

(Материалға Президенттің Баспасөз қызметі мен "Айқын" газетінің бірлескен жобасы ретінде 2014 жылы жарыққа шыққан "Президент пен перзент" кітабынан үзінділер пайдаланылды)



Загрузка...

Пікір (0)

Input is not a number!
Input is not a email!
Input is not a number!