"Астана Операда" театрында "Экрандағы әуендер" концертінің жалғасы өтеді

Фотография - "Астана Операда" театрында  "Экрандағы әуендер" концертінің жалғасы өтеді

Концерт бағдарламасы ересектермен қатар, балалар арасында да жоғары сұранысқа ие.

168 0

26 маусым күні "Астана Опера" театрының Камералық залында театрдың Камералық оркестрі, хоры және солисттерінің қатысуымен "Экрандағы әуендер" концертінің жалғасы өтеді, деп хабарлайды "Астана Опера" театрының баспасөз қызметі.

Былтырғы концерт - кино әуені - өткенге оралтып, қазіргі уақытты сезінуге және болашаққа көз жүгіртуге мүмкіндік бере отырып, адам жанына ерекше әсер сыйлайтын музыкалық жанрдың ерекше түрі екендігін дәлелдеді.

"Бағдарлама толықтай жаңартылып, отандық кинолардан аспапты композициялар, кеңестік және қазіргі кезеңдегі фильмдердің музыкалары енгізілді. Шетелдік мультфильмдердің музыкалары да қойылатындықтан, балаларға да қызықты болары анық. Үлкен экранда түрлі кинолардан үзінді көрсетіледі. Былтырғы бағдарламамен салыстырғанда, бұл жолы айтарлықтай өзгертіліп, бір жарым сағатқа созылатын 20 нөмір дайындалды. Хор бэк-вокал сияқты шырқап, сондай-ақ оның орындауында екі а-капельді джаз шығармалары ұсынылады", - дейді концертмейстер әрі дирижер, республикалық байқаулардың жеңімпазы Әлихан Ыдырысов.

Бұл кеште тек хор ғана емес, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Сүндет Байғожин, Рамзат Балакишиев, Қазбек Досмұхамбетов, Константин Стригин, Анастасия Медетова, Айша Орынбасарова, Балжан Сапарова (флейта), Динара Сартай (фортепиано) сынды танымал солисттер де өнер көрсетеді.

Бағдарламада Әлихан Ыдырысовтың өңдеуіндегі Элтон Джон, Алан Менкен, Төлеген Мұхамеджанов, Эндрю Ллойд Уэббер, Микаэл Таривердиев, Эннио Морриконе, Джон Уильямс, Андрей Петров, Руфус Уэйнрайт, Астор Пьяццолла және тағы басқа әйгілі композиторлардың музыкалары орындалады.

«Арыстан-патша», «Джунгли кітабы», «Сұлу мен құбыжық», «Шрек» мультфильмдері мен «Махаббат стансасы», «Рэкетир», «Фара», «Көлеңкемен арпалыс», «Опера елесі», «Тағдыр тәлкегі», «Бір күні Америкада», «Шиндлер тізімі», «Екеуге арналған вокзал», «Әйел иісі» мен басқа да фильмдерден музыкалық композициялар ұсынылады.

Әлихан Ыдырысов ендігі арманыңыз қандай дегенде, Үлкен залда үлкен Симфониялық оркестрдің қатысуымен концерт өткізу екендігін жеткізді. Олай болса, концерттің жалғасын күтеміз.

 



Загрузка...

Пікір (0)

Input is not a number!
Input is not a email!
Input is not a number!