"Астана Опера" театрында "Париж Құдай Анасының соборының" тұсаукесері өтеді

Фотография - "Астана Опера" театрында "Париж Құдай Анасының соборының"  тұсаукесері өтеді

"Париж Құдай Анасының соборы" балеті Еуразияда алғаш рет қойылмақ.

329 0

Еуразияда алғаш рет "Париж Құдай Анасының соборы" балетінің тұсауы кесіледі. Спектакль 24 және 25 маусым күндері "Астана Опера" театрының Үлкен залының сахнасында өтеді, деп хабарлайды театрдың баспасөз қызметі.

"Ролан Пети балеттері" қоры (Франция) елордалық театрға аты аңызға айналған балетті қазақстандық сахнада қоюға эксклюзивті құқық берді. Қойылымды жүзеге асырмас бұрын, Қор өкілдері балеттік труппаның мүмкіндігін бағалады. Қазақстандық әртістердің шеберлік деңгейі жоғары екеніне көз жеткен соң, спектакльмен жұмыс басталды.

Либретто авторы әрі балетмейстері Ролан Пети (Виктор Гюгоның аттас романы бойынша). Сценографиясы Рене Аллионікі, костюмдер авторы - Ив Сен-Лоран. Хореографиясын жаңартқан – Луиджи Бонино, балет труппасының көркемдік жетекшісі – Алтынай Асылмұратова, ассистенті – Джиллиан Виттингем. Қоюшы дирижер – Арман Оразғалиев.

Француз хореографы Ролан Петидің ойластырғанын елордалық театрдың талантты әртістері жүзеге асырады. Эсмеральданың партиясын Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Мәдина Баспаева және халықаралық байқаулар жеңімпазы Әйгерім Бекетаева сомдайды. Квазимодо рөлінде – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Рүстем Сейітбеков пен халықаралық байқаулар жеңімпазы Бақтияр Адамжан. Фролло рөлінде Серік Нақыспеков пен Ғазиз Рысқұлов болса, Феб – Арман Оразов пен Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Жандос Әубәкіров.

"Бұл партияны орындау үшін мен біраз тер төктім. Луиджи Бонино хореографияның барлық қыр-сырын егжей-тегжейлі айтып та, көрсетіп те берді. Дайындықтың бірнеше кезеңінен өттік, техникалық ерекшеліктерді меңгеріп, көркемдік образда жұмыс жасадық. Репетиция балет залынан сахнаға ауысқанда, барлық әртістер өз кейіпкерін толыққанды аша білуі керек. Пластикасы үйреншікті болмағандықтан, бәрімізге қиындық тудырды. Менің кәсіби қоржынымда басқа да рөлдер көп, бірақ мұндай партияны алғаш рет орындаймын. Квазимодоның физикалық кемістігіне қарамастан, мен оның жанының тазалығын көрсете білуім керек. Алғашында дін қызметкері Клод Фроллоға адал болған кейіпкерім, кейін Эсмеральданың арқасында көзі ашылып, өзге тамаша әлемге тап болады да, қоңыраушы басқа адамға айналады. Мұндай балетті, мұндай партияны тек армандауға болады", - дейді Рүстем Сейітбеков.

"Париж Құдай Анасының соборы" балетіндегі мінсіз классикалық бидің әсемдігінде өткір гротеск, қанық заманауи пластика басым. Үлкен трагедиялық спектакльде ащы шындық пен ауыр қиял сәтті үйлескен.

Оқиғаның 1482 жылы Парижде өрбігенін естеріңізге саламыз. Спектакльдің негізгі төрт кейіпкері – бүкір қоңыраушы Квазимодо, сұлу Эсмеральда, дін қызметкері Клод Фролло және капитан Феб. Жарқыраған хореографиялық көріністер, аталған кейіпкерлер арасындағы трагедиялық оқиғаны баяндайды. Драма, жасамаған қылмысы үшін өлім жазасына кесілетін сұлу бойжеткеннің өмірі жайлы. Алайда түбінде әділеттілік орнап, жауыздық жазаланады.



Загрузка...

Пікір (0)

Input is not a number!
Input is not a email!
Input is not a number!