8094

Ләйлә Сұлтанқызы "Әйел бақыты" бағдарламасының неге жабылғанын айтты

Ләйлә Сұлтанқызы Today.kz сайтына эксклюзивті сұхбат берді.
Фотография - Ләйлә Сұлтанқызы "Әйел бақыты" бағдарламасының неге жабылғанын айтты Сурет: today.kz

Ол журналистика мамандығы бойынша білімін аяқтап, алғаш телеарнаға келгенде, телевизия сыншылары "семізсің, экранға сыймайсың" деп талай бетін қайтарған. Бірақ оның сағы сынған жоқ. Керісінше, талпына жүріп, талмай еңбектеніп, ақыры телеарнаны тесіп шықты. Қазір ең рейтингті тележүргізушілердің бірі. Today.kz ақпарат агенттігіне сұхбат берген Ләйлә Сұлтанқызы "Қазақстан" телеарнасынан "Әйел бақыты" неге жабылғанын, болашақта тіпті кемпірлерге арналған арна ашуы мүмкін екенін айтты. 

Фото -

Ләйлә Сұлтанқызы, биыл жазда сіз бес жыл басқарған "Балапан" телеарнасындағы қызметіңізді аяқтадыңыз. Бес жыл әрине, көп уақыт, басшы ретінде мол тәжірибе жинадыңыз. Мүмкін, қазір басшылық қызметтен кеткен соң, еліміздегі жалғыз балалар телеарнасына балама телеарна ашу немесе басқа бір арнаны басқару ойыңызда жоқ па? Әлде шаршадыңыз ба?

- Шынымды айтсам, қазір басшылыққа кел деп отырған үш-төрт ұсыныс бар. Бірақ, білесіз бе, мен бес жыл бойы телеарна басқардым. Бес жыл ішінде мен балаларымның ең бір тәтті кезін өткізіп алдым. Балаларымның қалай өсіп кеткенін байқамай қалдым. Өкінішім демей-ақ қояйын бұны. Бірақ мен енді балаларыммен бірге өскім келеді, балаларыммен бірге есейіп, олардың ең бір қуанышты жылдарында жанында жүргім келеді. 

Яғни, үш-төрт ұсыныстың ешқайсысын қабылдамайсыз ғой?

Фото -

- Олай кесіп айтпай-ақ қояйын, өйткені, мен бұл ұсыныстардың біреуін міндетті түрде қабылдайтынымды білемін. Бәлкім жеке арнамды ашатын шығармын. "Жеке арнаңды аш" немесе "бірлесіп телеарна ашайық" деген де ұсыныстар да бар. Болмаса, мына арнаға басшылыққа келсең дұрыс болады деген ұсыныстар айтылды. Бірақ,дәл қазір мен олардың ешқайсысын қабылдамай отырмын. Өйткені дәл қазір менің жан-дүниемнің қалап отырғаны – балаларымның басы-қасында жүргенім. Қазіргі экрандағы жағдай өзіме ұнайды. Адамдар экрандағы Ләйләні көргісі келе ме, мен бұл ләззаттың ұзағырақ болғанын қалаймын. Бұл ләззатты менің командам да сезініп, мотивация алады. Көрдіңіз бе, ол бір-бірімен байланысты дүние.

Ал жалпы, менің қазіргі қалауым – отбасым. Балаларым мен жарыма бес жыл ішінде бөле алмай қалған уақыттың орнын толтырғым келеді. Отбасылық өмірде де дүмпулер болады екен. Мысалы, бір кездері күйбең тіршілікке алданып кетеміз, жарыңмен араң суып кетуі мүмкін, кейде керісінше, ерлі-зайыптылардың махаббаты жас кезіндей жана түсуі мүмкін. Мен дәл қазір қайта жанып жүрмін. Жұмыстан босап, оған (жарыма – авт.) бұрынғыдан көбірек көңіл бөле қалғаным сол екен, оның маған деген назары, сыйлығы, ынтасы екі еселеніп кетті. Кейде отырып алып, "осы жұмыс істемесем де жолдасым мені асырайды, таңнан кешке дейін шапқылайтындай не күн көре алмай жүрмін" деп ойлап қоямын. Бірақ шығармашылық адам болғаннан кейін жыбырлап отыра алмайды екенсің. Өзім сондай адаммын. 

Фото -

Бұл сөзіңіздің жаны бар. Өйткені, "Әйел бақыты" жобасы аяқтала сала сіз көп үзіліс жасамай, Хабар арнасында "Тікелей эфир. Ләйлә Сұлтанқызымен" атты бағдарламаға келдіңіз. Бұл бағдарлама жуырда ашылғанына қарамастан, жоғары рейтинг жинаған екен. Бәлкім сіз "Әйел бақытындағы" аудиторияның бәрін осы "Тікелей эфирге" алып кеткен шығарсыз?

- Енді сіз өз сұрағыңызға өзіңіз жауап беріп отырсыз ғой. Бұл жағдайды телевизия саласының сарапшылары дұрыс түсіндіре алады. Мен қарапайым тілмен айтайын.

Біріншіден, бұл құбылыс біздің медианарықта қандай да бір ойыншылардың пайда болғанын көрсетеді. Яғни, осы адамның артынан аудитория ілесе алады деген түсінік пайда болды.Қазір телеарналарда мұндай адамдар көп емес. Мойындаймын. Бар. Бейсен Құранбек және оның командасы. Егер Бейсен Құранбек басқа арнадан басқа бағдарлама ашса, қазіргі аудиториясың бәрі сонда кетеді. Олай болатынына еш күмәнім жоқ. Өйткені Бейсен Құранбек – сынақтың түр-түрінен өтіп, осы жағдайға өзі жеткен адам. Нұрлан Қоянбаев, Тұрсынбек Қабатов, Аша Матай, Ринат Кертаев. Мәселе бағдарламасының жақсы, жаман екенінде емес, мәселе аудиторияның сенімінде. Бірақ бірден қайталап айтайын, бұл тізімдегі адамдар - жеке менің пікірім, менің түсінігімдегі ойыншылар. Енді бұл қатарға мен өзімді де 100 пайыз сеніммен қоса аламын. Өйткені оған көзім жетті. Бұл басы ғана, енді мұндай ойыншылардың саны көбейеді. Көбейген сайын, бәсеке күшейеді. Сөйтіп, мен келесі жолы ағылшын тілінде бағдарлама жүргізуге тырысамын. Немесе келесі жолы кемпірлеге арналған бағдарлама жүргіземін, кемпірлермен бірге жаттығу жасайтын бағдарлама ашатын шығармын, кім біледі. Өйткені бәсекеге төтеп беру керек. 

Фото -

Егер де сен телевизия саласындағы ғұмырыңды ұзартқың келсе, үнемі ізденіп, үнемі өзгеріп отыруың керек. Әлі күнге дейін өзім сценарий жазып, әлі күнге дейін кейіпкер, қонақ іздеп отырамын. Осы жолы да "Тікелей эфирді" бастар кезде мен бірінші рет бағдарлама жүргізіп отырғандай күйде болдым. Өйткені бұл жаңа туынды, жаңа жоба. 20 жылдық тәжірибем болса да, бәрібір адам қорқады. Және де мен де мынандай принцип бар: мен ешқашан да адамның мақтауына сенбеймін, сырттың сынына құлақ аспаймын, тек жанашырларымың айтқанын (сыны болсын, мақтауы болсын) тыңдаймын және өз түйсігіме, өз стратегияма, өз интуицияма ғана сенемін. Бұл дүниелер біріккенде, мені ешқашан алдаған емес. 

-Бәсекеге төтеп беру үшін, яғни, экраннан жоғалмау үшін тіпті кемпірлермен бірге жаттығу жасайтын бағдарлама ашатын шығармын деп отырсыз.

-Мүмкін. 

Фото -

- Сонда рейтинг жинау үшін телеарналарда міндетті түрде осындай шоу немесе әнші немесе басқа да жеңіл-желпі дүниелер ғана болуы керек па? 

-Қазір көрерменнің көңілін, талғамын дөп басып таба алмайтын кезеңге тап болдық. Бір қызығы, қоғамда қатты талқыланып жатқан тақырыпты эфирге алып шықсаң, ешкім көрмей қоятын кездер болады. Кейде "бұны кім көреді" деген тақырыбың өзің күтпеген рейтинг әкеп жатады. Бұл қоғамға бәрібір береріміз көп болу керек, көрермен өзі арасынан біреуін таңдап алады. Менің ойымша, эфирде шоу да, драма да, экшн да, жылау да, күлу де, бір сөзбен айтсақ, бүкіл эмоция болуы керек. Әрине, "әртістерді жарнамалайды, телеарна түгел шоу" деп жиі сөгеді. Бірақ бүкіл әлем осындай кезеңде отыр. Неге Ким Кардашян немесе Селена Гомес туралы ақпаратты оқырман көп оқиды? Маған сол сұраққа кім жауап береді? Роналдудың атақты футболист екенін білеміз, бірақ оның көбіне жасап жүргені жарнама, шоу, бизнес, табыс қой. Неге бізде өсек-аяңды жазатын сайттар көп оқылады? Қылмыс, зорлық-зомбылық. Көрдіңіз бе, біз соған келе жатырмыз. Біз қаласақ та, қаламасақ та, солай болады. 

Фото -

Түсінікті. Енді өзіңіз айтпақшы, өсек-аяң көп оқылатын заманда сіз туралы да көп жазып, рейтинг жинайтындар бар. Әсіресе, Сіз Қазақстан телерадио корпорациясынан кеткенде, бірі жаңа басшысы "Ерлан Қаринмен келіспей кетті" деп жазса, енді біреулер "Динара Сәтжанмен тіл табыса алмай кетті" деген сыбыс шығарды.  Бірі "қаржыны бөлісе алмады" дейді. Бізге жағдайдың шынымен қалай болғанын айтып беріңізші.

-Мына әңгімелерді мен шетелде жүріп естідім. Біріншіден, корпорациядан кетуімнің шын себебін түсіндіре кетейін. Менің кетуіме Қарин мырзаның да, Динара Сәтжанның да қатысы жоқ. Мен бұл кісілерді жиі көремін және сәлемім түзу. Мен ешкіммен ұрсысқан жоқпын. Ешкім мені ренжіткен жоқ, маған ешкім "кет" деген жоқ. "Кет" деп айту үшін қандай да бір себеп, сол себептің салдары болу керек. Ондай болған жоқ.

Корпорациядан кетуімнің шын себебі мынада: мен Ерлан мырзамен келісіп, балаларымның оқуына байланысты, екі-үш айға шет елге кеткен едім. Мен сол жақта жүргенде телеарна күзге арналған жаңа бағдарламалардың сеткасын құрған. Мен жоқ болғанмен, "Әйел бақытын" жасап отырған компанияның басшысы қалды, жоба жетекшісі Нариман Қойшыбаев қалды. "Телеарнаның күзгі сеткасына "Әйел бақыты" қосыла ма, жоқ па?" деген сұрақ бойынша жоба жетекшісі заңгерлеріммен және экономистеріммен бірге "Қазақстан" телеарнасының басшыларымен келіссөз жүргізе береді. Келіссөздер де сол бір-екі айға созылды. Міне, менің мүддемді айтатын Нариман мен телеарна бір мәмілеге келді. Әйел тақырыбын соңғы 4-5 жылда осындай жағдайға дейін көтеріп, көптеген мәселені көрерменмен бірлесе шешіп, бұл бағытта айтылмаған, көтерілмеген мәселе қалмады-ау деп шештік. Сол себепті хабардың жабылуын екі тарап бірлесе отырып шешті."Әйел бақыты" бес жыл эфирде жүрген бағдарлама болғандықтан, бір жағынан дәмі де кетті. Міне, сондықтан, біз жобаны тоқтаттық. Келісім жүргізген адамдар маған "ренішіңіз жоқ па?" деп сұрады. Әрине, жоқ. Жоба біткенмен, арада  сыйластық пен әріптестік қарым-қатынас қалды, әрине. Бұл - жұмыс, бұл - қозғалыс, өзгеріс. Басқа ешқандай себеп жоқ.

Сондықтан әлгіндей алып-қашпа әңгімелерді естігенде мен де қатты таңғалдым. Бұл әрине, біріншіден, бізді танымайтын, екіншіден, еріккен адамдардың әңгімесі. Әйтпесе, бізді танитын адам менің Қарин мырзамен, Динара ханымен сәлемім түзу екенін біледі. Ал, еріккен деп отырғаным, менің ойымша, қазір өсек-аяңды тек еріккен, бос уақыты көп, жұмысы жоқ, өзі түк істей алмаған соң, біреулердің жасағанын көре алмайтын адамдар ғана таратады. 

Фото -

-  "Балапан" телеарнасын басқарып жүріп, сіз 2014 жылы "Мәдениет саласының үздігі" марапатын, кейін "Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері" атағын алдыңыз. Кейбір жобаларыңыз Халықаралық "Тэфи" мен  Қазақстандағы "Тұмар" байқауларының сыйлығын алды. Өз басыңыз Қазақстандағы балалар телевизиясына қосқан ең басты үлесім қандай деп ойлайсыз? Жас көрермендерді отандық өнімге тарта алдыңыздар ма?

- Біз бағалаудың қандай да бір өлшеміне бағынатын болсақ, телеарнадағы ол өлшем "рейтинг" деп аталады. Рейтинг тілімен сөйлесек, "Балапан" - өзін мойындатқан арна. "Балапан" - бір жүйеге қойылған арна. Ол бір адамның жұмысы емес. Ол команданың, қоғамдағы белсенді азаматтардың жұмысы. Атауы айтып тұрғандай, "Балапан" үшін десек, көп адам жылып кете ме, мейірімі ояна ма, әйтеуір, "Балапанға" қатысты мәселелер тезірек шешіліп кететін. Менің ойымша, кез келген адам ең жақсыны баласына бергісі келеді ғой, сондықтан да бұл телеарнаның жұлдызы жана түсті.

Фото -

Мен келгенде "Балапан" бір жаста болатын. Мен бес жыл басқардым, менен кейін Жанар ханым өз орнына шықты. Қандай үлес қосып кеткенімді көрермен айтсын. Ал, жалпы, осындай телеарна жасауға мүмкіндік берген басшыларға рақмет. Екіншіден, сол мүмкіндікті дұрыс түсініп, дұрыс пайдаланған командама рақмет. Үшіншіден, жобалардың қызықты етіп шығуына үлесін қосқан ата-аналарға рақмет.

- Ләйлә ханым, осы біздің отандық телеарна саласында, жалпы, Қазақстанда әйел басшы болу қаншалықты қиын?

- Біздің елдегі гендерлік саясатты, әйелдерге жасап отырған жағдайды ескеретін болсақ, Қазақстанда әйел басшы  болу қиын деп айтпас едім. Керісінше, әйел басшыға жұмыста қиын емес, үйде қиындау. Үйге көбірек көңіл бөлінбей қалуы мүмкін, "балаларыма дұрыс көңіл бөле алмай қалдым ба?" деген қорқыныш болады, "жарыма көп уақыт бөле алмадым ба?" деген қорқыныш, комплекс пайда болуы мүмкін. Сіз "басшы" болдыңыз деп әсіре сілтеп жібердіңіз. Шынын айтқанда, мен еш уақытта өзімді басшы ретінде сезініп, басшылық мүмкіндігімді асыра пайдаланған жоқпын.

Шығармашылықтың адамы болған соң, мен көп жағдайда көп шешімді творчество тұрғысынан қабылдаймын. Бәлкім бұл менің  қателігім де шығар. Бірақ журналистика – мен үшін творчество, бұл іздену, бұл зерттеу. Бұл – үнемі даму үстінде болу деп ұғамын. Сондықтан телеарналарды басқарып жүрген еліміздегі қыз-келіншектерің барлығы жеке өмірінде де, жұмыста да бақытты деп ойлаймын. Ал, ондай қыз-келіншектер көп. Алма ханым "Хабарды" басқарып отыр, Ләззат ханым "Астана" телеарнасын басқарып отыр, Светлана ханым "Еуразия-1" арнасында, Нұржан ханым  лауазымды қызметте. Телеарналардағы екінші басшылардың көбі әйел адамдар. Бір қызығы, бұл әріптестерімнің бәрі үлкен буын емес, жас, орта жастағы адамдар. Сондықтан менің айтарым, қолдарынан келгеннен кейін отыр ғой.

Фото -

- Сонда сізге басшы ретінде кадр сыртында жүрген ұнай ма, әлде жүргізуші, журналист ретінде кадр ішінде жүрген ұнай ма?

- Әр кезде әрқалай. Кадрдың ішінде жүргенім ұнайтын жобалар да бар, кадрдың сыртында отырып, ләззат алатын жобалар бар.  Мен бұл екі жұмысты бөле-жарып, мынау жақсы, анау жаман дегім келмейді. Өйткені, бұл екі жұмыстың рахаты сенің ыңғайыңа байланысты. Яғни, саған қойылып отырған талапқа байланысты. Бәлкім, мені күнде экраннан көріп жүрген көрермен мені басшы ретінде елестете алмайтын шығар. Ал, қол астымда жұмыс істеген адам кадр ішінде отырған тележүргізуші Ләйләні қабылдай алмауы мүмкін. Өйткені кадр ішіндегі Ләйлә мен кадр сыртындағы Ләйләнің айырмашылығы, алшақтығы бар. Бірақ "бітті, мен экраннан кетемін, басшы ғана боламын" деген ой жоқ. Экраннан кетіп үлгеремін әлі-ақ. Әзірге, экранға сыйып отырмын ба, отыра берейін. Баяғыда экранға сыймайсың деп қуып жіберген толық кезімде (күледі). Сондықтан, шүкір, жүре тұрайын. Менің пайдам тимесе, ешкімге зияным тиіп жатқан жоқ.

- "Семіз болдым" демекші, сіздің салмақ тастағаныңызды пайдаланып, интернетте әртүрлі жарнама жасайтындар толып жүр. Қыста бір сұхбатыңызда ондайларды сотқа беремін деп едіңіз, не болды?

-Ех... (күрсініп қояды – авт.). Ондайлар көп екен. Тыйым сала алмайды екенсің, мұндай жарнаманың қайдан шығып жатқанын тауып, түбіне жете алмайды екенсің. Тоқтатуға әрекет жасап көрдік, бірақ, түбі жоқ. Іздей береміз, іздей береміз, соңында ол жарнама беруші ешкім естімеген Аралдың бір түпкірінде тіркелген болып шығады. Ал отыр да ізде деген сөз. Осы мен қалай арықтағанымды талай рет өз аузымнан айтып бердім, бірақ соны еститін құлақ болса ғой. Қазір міне сіз сұхбат алып отырсыз, сұхбатыңыз шыққаннан кейін бес минуттан соң маған "дәрі ішіп арықтағаныңыз рас па?" деген сұрақ тағы келеді.

Енді жалықпай тағы айта кетейін. Мен дәрі де, шөп те, препарат та, капсула да ішіп арықтаған жоқпын. Гипноз жасатқан жоқпын. Кейде салмақ қосып алып, тағы арықтайтыным бар. Ал шын мәнінде мен дұрыс тамақтың, еңбектің арқасында ғана осы формаға келдім. 

Фото -

- Ләйлә ханым, соңғы сұрақ. Сіз осы Қазақстанның Опра Уинфриі боламын деп армандайсыз ба?

- Несі бар? Сіз маған сол атақты беріп отырсаңыз, онда бұл басы ғана деп түсінейін. Опрадан да басқа да жүргізушілер көп қой. Әрине ол әлемдік медиамагнаттардың ішінде боландықтан, дүйім жұртқа аты таныс. Сол Америкада да, сол Бахрейнде де, сол Үндістанда да өзінің Опра Уинфриі бар. Ал енді "қазақтың Опра Уинфриі" деген атақты осыған дейін де естідім, рақмет шынайы көңіліңізге. Мен бұндай атаққа өмір бойы тырмыстым деп айтпаймын. Бірақ қандай да бір жақсы теңеу болса, неге қабылдамасқа?

- Сұхбатыңызға рақмет! Алдағы жоспарларыңызға тек табыс тілейміз!

Сұхбаттасқан: Кенжекей Тоқтамұрат