Әсия Бағдәулетқызы
Журналист
2125

"Сталиннің өліміне" неге тыйым салынады?

Фильмді көрсетпей қою көп жағдайда кері әсер береді.
Фотография - "Сталиннің өліміне" неге тыйым салынады? Сурет ашық дереккөзден алынды

Фильмді көрсетпей қою көп жағдайда кері әсер береді. Былтырғы Алексей Учительдің “Матильда” фильміне қатысты жағдай соны дәлелдейді. Иә, костюмдері әдемі, иә, актерлері кескінді, бірақ тарихи оқиғаға интерпретациясы сендірмейтін, қанты артықтау қосылып кеткен ортанқол ғана фильм. Бірақ оны шабуылдау арқылы оның бағасы артып, жоқ жерден иконокласт шығарма болып танылып, ақыры әжептәуір касса жинады.

“Сталиннің өліміне” де қатысты соған ұқсас оқиға бола ма деп ойлаймын. Фильмге деген қызығушылық тұрғысынан. Армандо Януччидің фильмі Англияда қазан айында жүріп өткен, “Рио Синема” мен “Принц Чарльз Синема” сияқты кинотеатр желілерінде әлі күнге дейін жүріп жатыр. Оның табысты болатыны, бритиштердің юмор туралы талғамына дөп түсуінде. Януччи бұған дейін үш фильм түсірген, бірақ мұнда көбіне телевизия арқылы, әсіресе АҚШ саясаты туралы  “Veep” және оған дейінгі англо/американ саясаты жайлы “The Thick of It” ситкомдарымен жақсы танымал.

“Сталиннің өлімі” де бритиш мәнердегі өте ақылды, күліп отырып ойландыратын, эмоцияға берілмейтін, ересек, тіпті цинистік көзқарастағы сатира. Ол әрине жалғыз бұлжымас шындықты айтуға ұмтылмайды, бірақ психологиялық қуаты нанымды. Диктатордың өлімінен кейін билікке талас қандай болатыны кулуарлардан, жеке кабинеттерден, жатын бөлмелерден сенуге болатындай етіп жеткізген. Әрине, бритиш интонациямен бірге бритиш ракурс та сіңген. Кей тұстарда бұл іштей сезіну емес, сырттай бақылау екені байқалады. Бірақ “бастан өткенді бұлжытпай” бейнелер еді дейтін Ресейдің өз кинематографы (Қазақстандікі екі бастан) дәл мұндай фильм түсіруге дайын емес. Постсоветтік режиссура не ашынған, ащы шығарма ұсынуы мүмкін, не әлі де “Сталин ұлы” мен “Сталин улының” ортасында қаңғалақтап жүруі мүмкін. Бұлай салқынқанды күле алу үшін сырттан қарау керек.

Ал фильмнің негізгі оқиға желісіне келсек, Сталиннің өлгені рас, “Дәрігерлер ісінен” кейін оның өлгенін дәйектейтін дәрігер табылмай қалғаны да рас. Хрущевтің билік үшін жанталаста озып кеткені де рас, қарулы қарсылас Берияны өртеп жібергені де рас. Біздің буынға оның бәрі тарих болу үшін де тым қайырымсыз секілді көрінеді. Бірақ дәлелденген фактілер ғой. Осы тақырыпта “Хрусталев, машину!” деген анағұрлым терең және күрделі фильм түсірген Алексей Герман, өз әкесі Юрий Герман туралы бір сұхбатында айтқаны бар еді. “Сталин жолдас қайтыс болыпты” дегенді естігенде “Өлді ме, сұмырай, өлді ме, енді бұдан жаман болмайды” деп бөлме ішінде жүріп кетті деп. Қысқасы, ақылды адамдар сол кездің өзінде Сталиннің сұмдықтарын түсінген.

Ал Сталиннің және басқа совет басшылардың абыройына сезімтал адамдар, кеңестік мишайғыш идеологияның ықпалынан әлі күнге дейін шыға алмаған, тарихи объективтілікті қабылдағысы келмейтін, өткен күнде өмір сүретін адамдар. Немесе сол Сталиннің ісін жалғастырушылар. Әйтпесе бұл фильмге не үшін тыйым салуға болатынын білмеймін. Дәл қазақ халқына тырнағы бәрінен де батып кеткен адам, қаншама халықты ақымақ қып ұстап, қанға тұншықтырған адам туралы естелікті оның сүйегі қурап қалғаннан кейін де аялайтындай не көрінгенін де түсінбеймін.

Януччи үшін бұл, диктаторлықтың, саяси күштердің табиғатын кезекті зерттеу ғана. Әлемдік саяси аренадағы Дональд Трамптан бастап біраз кісінің билікке келгенін ескерсеңіз, дәл қазір саяси шизофрения туралы фильм аса өзекті. 40-жылдары, Голливуд тым саяси жуас, тым “толерантты” кезде Чарли Чаплин “Ұлы диктатор” деген фильм түсірген. Сонда оның компаниясын соттай алатын немістер үндеген жоқ. Өйткені күлкілі диктатордан көсеміміз Гитлерді, анау қой отарындай халықтан өзімізді таныдық деп айтуға ауыз бармаған. “Сталиннің өлімінен” өзін таныса, оған тыйым салушы күштердің бейшаралығы ғана. 

Загрузка...