991

Жанар Мақашевамен бір сахнада ойнағым келеді – Азамат Сатыбалды

Танымал театр және кино актері Азамат Сатыбалды биыл тағы бір көркем туындының түсірілімін бастайды.
Фотография - Жанар Мақашевамен бір сахнада ойнағым келеді – Азамат Сатыбалды Сурет: instagram.com/azamatc

Танымал актер, телевизиялық жобалардың тізгіншісі Азамат Сатыбалды биыл тағы бір көркем туындының түсірілімін қолға алады, деп xабарлайды Today.kz.

"Бір сен үшін" фильмі 5-6 жылдай менің ойымда жүрген дүние болды. Идея өзіме келгеннен кейін біраз ойландым. Кетпей қойды, мүлдем кетпей қойды. Одан кейін сценарий жазуға тура келді. Ақша да табыла қалды, барлығы табыла қалды. Сонымен кино түсіріп кеттім. Менің басты мақсатым адамға ой салу болды. Ақша тапқым келсе комедия түсірер едім. Басты мақсатым ақша табу емес", – деді Азамат Сатыбалды.

Актер "Бір сен үшін" фильмінің ізін суытпай екінші кинокартинаны жарыққа шығаруға еңбектеніп кеткен. Қазір фильмнің сценарийі дайын тұр. Кинокартина "Родной" деген атаумен шығады.

"Басқа, бірінші фильмге ұқсамайды. Жанры – драма. Маусымның басында түсірілімді бастаймыз. Биылғы жылдың аяғы, болмаса келесі жылдың басында прокатқа шығады. Қазір соның дайындығы жүріп жатыр", – деді Азамат Сатыбалды.

Сондай-ақ, 8 наурыз Халықаралық әйелдер мерекесі өткеннен соң ел көлемінде фильмнің кастингі өтеді. Кастингте Азамат Сатыбалдының бала кезін сомдайтын 8 бен 13 жас аралығындағы егіз ұл ізделеді.

Азамат Сатыбалды өзінің жеке театры туралы да айтып берді.

"Жанар Мақашева деген актрисаны жақсы көремін. Мен Жанар Мақашевамен сахнада ойнағым келеді. Бірақ ол ТЮЗ-да (Ғабит Мүсірепов атындағы қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театры, – ред.). Бізді еш уақытта қоспайды. Содан кейін мен жеке театр аштым. Мысалы, мен Жанар Мақашевамен жеке спектакльде ойнаймын. Өзіңе ұнаған, өзің қадірлейтін, өзің талантына бас иетін актерлармен сахнада кездесу, иық тірестіру, іштей жарысу актер үшін керек нәрсе. Менің Әуезов театрында тынысым тарылған жоқ. Өзімнің ойларымды жеке театрымда қоюға бел шештім", – деді актер Азамат Сатыбалды.

Азамат Сатыбалды бастаған театр ұжымы наурыз айының басында Қазақстан бойынша гострольге аттанады.

Естеріңізге сала кетейік, Азамат Сатыбалды Баян Алагөзова түсірген "Қозы Көрпеш–Баян Сұлу" телесериалын сынаған еді. 


Загрузка...