1117

Астанада 500 домбырашы бір уақытта күй тартты

Қазақстан халқының бірлігі күні алғаш рет Астанада "Ұлы дала үні" атты домбыралар флешмобы ұйымдастырылды.
Фотография - Астанада 500 домбырашы бір уақытта күй тартты Сурет: Астана қаласының Мәдениет және спорт басқармасының баспасөз қызметі

Елорданың 20 жылдығына орай Қазақстан халқының бірлігі күні алғаш рет Астанада "Ұлы дала үні" атты домбыралар флешмобы ұйымдастырылды. Шараға қатысқан 500 адамның ішінде әуесқой да, кәсіпқой да домбырашылар бар, деп хабарлайды Today.kz Астана қаласының Мәдениет және спорт басқармасының баспасөз қызметіне сілтеме жасап. 

Шараны тамашалау үшін "Бәйтерек" монументінің алдындағы алаңға жиналғандар көп болды. Шара "NOMAD" инструменталды жобасы мен Қазақ ұлттық өнер университетінің оқытушылары мен студенттерінің күй тартысымен басталды. Содан кейін халық ішінен жиналған 500 домбырашы бір адамдай "Сарыарқа", "Балбырауын", "Адай" және "Ерке сылқым" күйлерін орындады. Оркестрде студенттер де, мектеп оқушылары да, қызметі музыкамен байланысты емес жандар да музыканттармен тең ойнады.

Фото -

"Менің мамандығым бағдарламалаушы, бірақ домбыраны мектепте жүріп қолға алғам. Флешмоб жайлы кездейсоқ білдім – апам жарнаманы әлеуметтік желіден көрді. Осы сияқты шараға алғаш рет қатысып отырмын, біраз толқыдым. Біз ойнаған күйлерді барша халық жақсы біледі. Біз жақсы орындадық деп ойлаймын! Қаламызда осындай шаралар көп болса екен деймін", – деп Астана тұрғыны Нұралы Жүнісбаев өз әсерімен бөлісті.

Анар Ақпайқызы №3 музыка мектебінде домбырада ойнауды үйретеді. Ол да флешмобтың өтетіні туралы әлеуметтік желілерден білген. Педагог оқушыларды мұндай ауқымды шараға қатыстыруға бел буған.

"Бүгін менің оқушыларым – 20 домбырашы ересектермен бірге ойнады. Олардың жасы 8-ден 14-ке дейін. Олар үшін бұл машықтарын жетілдірудің, не үйренгендерін көрсетудің бірден-бір мүмкіндік. Ұйымдастырушыларға осындай мереке үшін алғысымызды білдіреміз", – деді педагог.

Айта кетейік, домбыра-флешмобты қалалық Мәдениет және спорт басқармасы мен "Байтақ" қоғамдық қозғалысы ұйымдастырды. Шараның мақсаты – ұлттық құндылықтарды насихаттау, сақтау және дәріптеу.

Фото -

Музыканттар домбыраларын күйге келтіргенше көрермендер арасында ұтыс ойын өткізілді. Шара барысында үш домбыра ойнатылды. Флешмобқа дейін бірнеше күн қалғанда Dombyra-Flashmobресми инстаграм парақшасында қатысушыларды тіркеу жарияланды. Жүзден аса тіркелген көрерменге реттік нөмір берілді. Нақ осы номерлер бойынша кездейсоқ таңдау жолымен музыкалық аспаптардың иелері анықталды.  

Ашық аспан астында өткен шағын домбырашылар концертіне қатысқандар арасында Астана қаласының Мәдениет және спорт басқармасының басшысы Болат Мажағұлов, "Алтын домбыра" сыйлығының екі дүркін иегері Мұхтар Ниязов, халықаралық және республикалық айтыстардың жеңімпазы Мейірбек Сұлтанхан, айтыскер, ақын Серікзат Дүйсенғазин де болды. 

Фото -

Фото -