10330

Доцент Мейрамбек, Қайрат Нұртас пен Дұғалованы "грантты сатып алды" деп айыптады

Мырзантай Жақыптың сөзінше, магистратураға жыл сайын 10-20 грант бөлінеді, оның кейбірі эстрада әншілеріне бұйырады.
Фотография - Доцент Мейрамбек, Қайрат Нұртас пен Дұғалованы "грантты сатып алды" деп айыптады Сурет ашық дереккөзден алынды

Лев Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің доценті Мырзантай Жақып бірнеше танымал отандық әртісті мемлекеттік грантты сатып алды деп айыптады. Бұл туралы BNews.kz сайты хабарлады, деп жазады Today.kz.

Мырзантай Жақыптың сөзінше, магистратураға жыл сайын 10-20 грант бөлінеді, оның кейбірі эстрада әншілеріне бұйырады. Ұстаздың сөзінше, бұл әділетсіз, өйткені эстрада жұлдыздары сабаққа келмейді. 

"Грантта оқығандар арасында бәрі жақсы көретін Мейрамбек Бесбаев, Қайрат Нұртас пен Жанар Дұғаловалар бар. Екі жылдың ішінде ешқайсысын дәрісімнен көрмедім. Әр мамандыққа магистратураға бөлінген орындар болады: 10 орын, 20 орын. Сонда әр бөлінген орындардың кемінде 30% пайызын сондай сырттан келген, сахнада жүрген, той-томалақта жүрген асабалар, әртүрлі арзанқол әншісымақтар деп айтар едім. Сондай адамдар алып кетеді. Осылай үздік бітірген бірнеше студентім магистратураға түсе алмай, далада қалды. Былтыр да болды. Алдыңғы жылы да болды. Ол жыл сайын қайталанады. Ол биыл да солай болады. Қанша адамға біз обал жасап жатырмыз. Алдын ала тізім жасап қоямыз. Мысалы 20 орын магистратураға орын бере ме? 20 орынға тізім жасап қойғанбыз. Ол біле ме ағылшын тілін, ол өте ме, өтпей ме, маңызды емес. Оларды өткізу керек. Бәріміз білеміз ғой, оларды тегіннен-тегін өткізіп отырған жоқ қой. Бақылауды күшейту керек. Керек болса тексеру керек, осыған дейін бітіргендерді", – деді Мырзантай Жақып КТК арнасына берген сұхбатында. 

Бұл сөзге Мейрамбек Бесбаев Instagram желісі арқылы жауап берді. 

Фото -

Сурет: qazaquni.kz

"Өкінішке орай, біздің арамызда қуанышқа ортақтаса алмайтын, іштарлығы бар адамдар да кездеседі. Өзі ұстаз, өзі журналист-ғалым Мырзантай Жақып деген ағамыз фейсбукте мені ғалым болып біреудің орнын тартып алғалы жүрген адамдай сипаттапты. Менің өнерде өз жолым бар. Ешкімнің жолына да, қызметіне де таласқан емеспін. Бала күнімнен музыка мектебінде оқыдым. Ұлттық консерваторияда білімімді жетілдіріп, Темірбек Жүргенов атындағы Театр және өнер академиясын бітірдім. Жаңа заман талабына сай сол оқыған білімімді дамыту үшін "Мәдениеттану" мамандығы бойынша магистратураны жалғастырдым. Экономика, заң, физика сияқты басқа саланы қуған жоқпын. Ел сөз қылмасын деп ашық диссертация қорғауға да келісім бердім. Келген адамдардың бәрі қорғаудың қалай өткенін көздерімен көрді. Түркияның, Әзербайжанның елшілігінен де арнайы өкілдер қатысып отырды. Өз салам бойынша білімімді жетілдіруге менің де құқым бар деп ойлаймын. Кейде осындай сәттерде кімнің дос, кімнің дұшпан екені де белгілі болып қалады. Мен ешкімге жамандық тілемеймін. Баршаңызға тек қуаныш тілеймін!" – деп жазды Мейрамбек Бесбаев. 

Жанар Дұғалованың менеджері Нұржауан да доценттің сөзін жоққа шығарды. 

"Жанар мүмкіндігі болғанда университетке барды, дипломын сатып алған жоқ", – деді ол HOLA News сайтына берген сұхбатында. 

Қайрат Нұртас болса, мүлдем пікір білдіруден бас тартты. Ол Лев Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің философия факультетінің магистратурасын "Мәдениеттану" мамандығы бойынша тәмамдаған еді. 

Фото -

Сурет: Instagram/@kair_n

Загрузка...