1169

Алматыда ашық аспан астында Оркестрлер Фестивалі өтеді

Мерекенің алғашқы күні классикалық музыка әуесқойларына "Күйден классикаға дейін" атты тамаша музыкалық бағдарлама ұсынылады.
Фотография - Алматыда ашық аспан астында Оркестрлер Фестивалі өтеді Сурет: Алматы қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі

Алматыда ашық аспан астында жыл сайынғы  IX-ші музыка фестивалі өтеді, деп хабарлайды Today.kz қала әкімдігіне сілтеме жасап.

Алматыда Қала күнін мерекелеу аясында 12-13 қыркүйекте қала өміріндегі маңызды оқиға – ашық аспан астында жыл сайынғы IX Оркестрлер Фестивалі өтеді. Оңтүстік астанада танымал шығармашылық ұжымдардың орындауында әрі музыка аспаптарында ойнайтын солистер мен вокал  өнері шеберлерінің қатысуымен екі күн бойына оркестрлік музыка әуеге қалықтайтын болады.

Сахна төрінде Құрманғазы атындағы Қазақ Мемлекеттік академиялық халық аспаптары оркестрі,  Н.Тілендиев атындағы "Отырар сазы" академиялық фольклорлық -этнографиялық оркестрі, Алматы қаласы әкімінің эстрадалық –симфониялық оркестрі және Қазақстан Республикасының Мемлекеттік үрлемелі оркестрі өнер көрсетеді.

Мерекенің алғашқы күні классикалық музыка әуесқойларына "Күйден классикаға дейін" атты тамаша музыкалық бағдарлама ұсынылады, оған қазақтың аспаптық және әндік  классикасының жауһарлары, халық шығармашылығының үздіктері, орыс және европалық авторлардың классикалық әуендері, заманауи  сазгерлердің шығармалары, кинофильмдердің саундтректері енген. Оркестрмен бірге сахнада қазақ фольклорының жұлдыздары, эстрадалық орындаушылар, вокал  өнерінің шеберлері концерт қояды, олардың арасында Зарина Алтынбаева, Жәмилә Серкебаева, Ұлту Қабаева, Бахыт Тұрманова, Фархат Кубиев, Данияр Байжұманов, Нұрсұлтан Шатырханұлы, "satzhan project", "ifly" топтары және басқалары бар. 

Фестивалдің екінші күні мегаполиске арналған "Менің қалам" бағдарламасы ұсынылады. Оның репертуарына өткен жылдар мен қазіргі кезеңнің Алматы туралы әндері енген. Мұнда эстрада және классикалық әндерді орындаушы танымал әншілер өнер көрсетеді, олардың арасында Береке Еңкебаева, Алексей Тимофеев, Бауыржан Мусин, Кентал, Венера Сағи, Нұрсұлтан Шатырханұлы және басқалары бар.

Загрузка...