861

Қазақстандық балалар фильмі Бангладештегі халықаралық кинофестивальде жүлде алды

Фильмнің режиссері әрі сценарий авторы – Қазақстанның халық әртісі Талғат Теменов.
Фотография - Қазақстандық балалар фильмі Бангладештегі халықаралық кинофестивальде жүлде алды Сурет: inform.kz

Ш. Айманов атындағы "Қазақфильм" АҚ түсірген "Біздің қаланың ханзадасы" көркем фильмі  Бангладеште өткен халықаралық кинофестивальде жүлдеге ие болды, деп хабарлайды Today.kz ҚазАқпаратқа сілтеме жасап. 

Ағымдағы жылдың 9-18 қаңтары аралығында Дакке қаласында халықаралық кинофестиваль өткен болатын. Осы фестивальде Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің тапсырысы бойынша "Адигул продакшн" кинокомпаниясының қатысуымен Ш.Айманов атындағы "Қазақфильм" АҚ түсірген "Біздің қаланың ханзадасы"  туындысы "Ең үздік балалар фильмі" жүлдесін жеңіп алды. 

Айта кетейік,  "Біздің қаланың ханзадасы" көркем фильмі  жалғыздықтың күйін кешіп жүрген  балалар үйінің 6 жастағы тәрбиеленушісі мен қарттар үйінің ардагері арасындағы достығын баяндайды. Фильмнің режиссері әрі сценарий авторы – Қазақстанның халық әртісі Талғат Теменов. Басты рөлдерді Әнуар Төлеуғажы және Төлеубек Аралбай сомдады. 

Аталған кинотуынды қыркүйек айында Ресейде өткен ІІ Халықаралық "Еуразиялық көпір" кинофестивалінің негізгі бағдарламасы шеңберінде көрсетілген еді. Айта кетерлігі, фильмде басты рөлді сомдаған актер, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Төлеубек Аралбай Қытайда өткен кинофестивальде "Үздік ер адам рөлі" жүлдесімен марапатталған болатын.