673

8 жастағы қазақстандық актриса Шанхай кинофестивалінде жүлдеге ие болды

Жеткіншек Қазақстан мен Қытай бірлесіп түсірген "Композитор" фильмінде Бақытжан Байқадамовтың жиенінің рөлін сомдаған болатын.
Фотография - 8 жастағы қазақстандық актриса Шанхай кинофестивалінде жүлдеге ие болды Сурет: inform.kz

8 жастағы қазақстандық актриса Дильназ Нұрсейіт 22-ші Шанхай кинофестивалінде "Үздік жаңа есім" аталымында CCTV-6 телеарнасының сыйлығына ие болды, деп хабарлайды Today.kz ҚазАқпаратқа сілтеме жасап. 

Жеткіншек Қазақстан мен Қытай бірлесіп түсірген "Композитор" фильмінде Бақытжан Байқадамовтың жиенінің рөлін сомдаған болатын. Сондай-ақ, "Композитор" фильмінің продюсерлік тобы да ұйымдастыру комитетінің құрметті сыйлығын алды. 

Қазақстан мен Қытай режиссерлері бірге түсірген "Композитор" көркем фильмі мамыр айында прокатқа шыққан болатын. Көркем лента қытайлық композитор Сянь Синхайдың Совет одағына, оның ішінде Алматыға эвакуацияланған кезі мен танымал қазақ композиторы Бақытжан Байқадамовпен достығы туралы баяндайды. Фильмді Ш.Айманов атындағы "Қазақфильм" киностудиясы және қытайлық "Shineworks Pictures", "China film coproduction corporation" компаниялары бірге түсірген.   

Сянь Синхайдың қазақ жерінде жазған танымал шығармаларының бірі - "Түркі әні" (1942 жылдың желтоқсанында жазылған). Гуанчжоудағы консерватория мен концерт залы және Алматыдағы бір көше Сянь Синхайдың есімін иеленген. 2005 жылы 100 жылдық мерейтойына орай Макаода композиторға үш метрлік ескерткіш орнатылды. Ал сазгердің Алматыдағы ескерткіші 1999 жылы тұрғызылған. Оның ашылу салтанатына ҚХР сол кездегі төрағасы Цзян Цзэминь мен ҚР Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев қатысқан болатын.