15 қазанда Қазақстанның Ресей Федерациясындағы елшілігінде қазіргі қазақ поэзиясы мен прозасы антологиясының орыс тіліндегі нұсқасының тұсаукесер рәсімі өтті, деп хабарлайды Today.kz тілшісі.
Қазақ әдебиеті жинағының орыс тіліне аудармасы мен басылымын көркем аударма саласындағы тәжірибелі ресейлік мамандардың қатысуымен Ресей жазушылар одағының Мәскеу қалалық бөлімшесі мен Мәскеу мемлекеттік университетінің баспасы орындады. Антологияларға алғысөзді Ресейдің академиялық қоғамдастығының көрнекті өкілдері жазды. Проза антологиясына Мәскеу мемлекеттік университеті филология факультетінің президенті, филология ғылымдарының докторы Марина Ремнёва алғысөз арнаса, қазіргі қазақ поэзиясының жинағына алғысөзді – А.М. Горький атындағы Әлем әдебиеті институтының директоры, филология ғылымдарының докторы Вадим Полонский жазды.
Мәскеу мемлекеттік университеті баспасынан жарық көрген қазақ прозасы мен поэзиясының жинақтары орыс тілінде сөйлейтін 14 мемлекеттің 3,5 мыңнан аса кітапханасына, университеттері мен ғылыми орталықтарына жеткізіледі. Таныстырылымға Ресей Федерациясы Президентінің аймақаралық және мәдени байланыстар басқармасының басшысы Владимир Чернов, Ресей жазушылар одағының басшылығы, сондай-ақ аудармашылар, әдеби редакторлар, сыншылар мен шолушылар қатысты. Қазақстан тарапынан шараға ҚР Президентінің көмекшісі, "Рухани жаңғыру" бағдарламасын жүзеге асыру бойынша Ұлттық комиссия хатшысы Аида Балаева, ҚР Ресей Федерациясындағы Төтенше және өкілетті елшісі Иманғали Тасмағамбетов, Ұлттық аударма бюросының атқарушы директоры Рауан Кенжеханұлы, Қазақстан Жазушылар одағы төрағасының орынбасары Ақберен Елгезек қатысты.
Заманауи қазақ әдебиетінің үздік үлгілерінің БҰҰ 6 тіліне аудармасы "Жаһандағы замануи қазақстандық мәдениет" жобасы аясында жүзеге асып отырғаны мәлім.
Таныстырылым салтанатында сөз сөйлеген Аида Балаева жобаның 2017 жылы сәуір айында Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаев ұсынған "Рухани жаңғыру" бағдарламасының аясында жүзеге асып жатқанын жеткізді. Әр антологияның көлемі – шамамен 500 беттей, әрқайсысына 30 қазақстандық автордың таңдамалы шығармасы енді.
Комментарии
{{ comment.comment_author }}
{{comment.datetime}}
{{comment.text}} Ответить
{{ comment.comment_author }}
{{comment.datetime}}
{{comment.text}} Ответить
Отправить