Астанада лаңкестікке қатысы бар деген күдікпен 6 адам сот алдында жауап беріп жатыр

Фотография - Астанада лаңкестікке қатысы бар деген күдікпен 6 адам сот алдында жауап беріп жатыр

Астанада лаңкестікке қатысы бар деген күдікпен 6 адам сот алдында жауап беріп жатыр. Жат ағымның жетегінде жүрген жігіттер Елордадағы Бейбітшілік және келісім сарайы, Опера және балет театры мен қалалық Ұлттық қауіпсіздік департаментінің ғимаратында жойқын жарылыс жасап, лауазымды тұлғаларды өлтірмек болды деп айыпталуда. Жоспарларын іске асыру үшін қару-жарағын сайлап, тіпті лаңкестердің бірі кәмелет жасына толмаған келіншегін жанкешті ретінде дайындапты.

204 0

Астанада лаңкестікке қатысы бар деген күдікпен 6 адам сот алдында жауап беріп жатыр. Жат ағымның жетегінде жүрген жігіттер Елордадағы Бейбітшілік және келісім сарайы, Опера және балет театры мен қалалық Ұлттық қауіпсіздік департаментінің ғимаратында жойқын жарылыс жасап, лауазымды тұлғаларды өлтірмек болды деп айыпталуда. Жоспарларын іске асыру үшін қару-жарағын сайлап, тіпті лаңкестердің бірі кәмелет жасына толмаған келіншегін жанкешті ретінде дайындапты.

Топтасып тұрған мына хиджапты келіншектер мен қаба сақал, шолақ балақты ерлер аса қауіпті қылмыскер деп айыпталып отырған алты азаматтың туған-туыстары. Ислам атын жамылып, лаңкестік шабуыл жасамақ болғандар бұл кісілердің бірінің баласы, енді бірінің жары. Жақындарымыз жерге қаратты деп мұңайып жүрген ешкім жоқ. Тіпті сот залындағы әйнектің ар жағынан телмірген күдіктілердің де көңіл-күйі көтеріңкі.

Бұл жігіттер Астанадағы «Бейбітшілік пен келісім сарайына» жарылғыш зат қойып, қалалық ұлттық қауіпсіздік департаментінің қызметкерлеріне шабуыл жасауды жоспарлаған деп айыпталуда. Тіпті жаңа опера және балет театрының ашылуы кезінде мерекелік кешке жиналған белгілі шенеуніктерді шетінен қырып салмақ болыпты.

Мәлика Шашдәулетова, прокурор:

- Лаңкестік топтың мүшесі Шәріпов Астанадағы опера және балет театрын жарып жіберу үшін кәмелет жасқа толмаған әйелін пайдаланбақ болған. Ол мәдени мекеменің ашылуына қонақтар жинала бергенде жұбайы өзін-өзі жарып жіберуге дайындаған.

Лаңкестік топты құрған Қошалақов деген Астана қаласының тұрғыны. 2009 жылдан бері досымен бірге жат ағымның жетегінде жүрген. Ел аумағында бірнеше лаңкестік әрекетті жоспарлаған екеу топ мүшелерін көбейту үшін былтыр Астанадағы мешіттердің бірінің қасынан асхана ашып, Алла үйіне келгендерді қатарына қосып отырыпты. Алайда, айыптылардың жақындары тергеу тобының бұл деректерімен мүлдем келіспей отыр.

Қайрат Садырбеков, күдіктінің туысы:

- Назам оқығанның бәрі лаңкес емес. Театрдың  кестесін таптық, болды балаларың лаңкес деп отыр. Бірақ оларда жарылғыш зат, қару-жарақ болған емес. Менің балам жиһаз жөндейді, қолынан бәрі келеді. Ал қасындағы жігіттермен мұсылман бауырлар ретінде араласатын.

Қауіпсіздік қызметкерлерін аяғынан тік тұрғызғандардың ісіне енді еліміздегі танымал саясаткерлер мен ірі қылмыскерлерге үкім шығарған белгілі судья Мейрам Жанғұттинов нүкте қояды. 

Жалпы, Астанадағы зәулім ғимараттардың күлін көкке ұшырып, азулы атқамінерлерге қастандық жасамақ болған күдіктілердің қатарында – алты адам бар. Олардың лаңкестік жоспары 15 томдық қылмыстық іске арқау болып отыр. Елордада өтіп жатқан сот процесі барысында 40 куәгер тыңдалмақ. Егер, айыптылардың шынында да лаңкестік әрекетке оқталғаны дәлелденсе, алтау да кемі 15 жылын темір торда өткізуі әбден мүмкін.


Тегтер:

полиция сот

Загрузка...

Пікір (0)

Input is not a number!
Input is not a email!
Input is not a number!