Сотталушы 313 күнге «демалыс» алып, Ресейге ұшақпен барып тұрған

Фотография - Сотталушы 313 күнге «демалыс» алып, Ресейге ұшақпен барып тұрған

 Бұл өрескел фактіні «Нұр Отан» ХДП-нің Жемқорлықпен күрес жөніндегі Республикалық қоғамдық кеңесінің сарапшылары анықтады

332 0

Қарақшылық және адам өміріне қастандық жасағаны үшін 18 жылға бас бостандығынан айырылған сотталушы 313 күнге «демалыс» алып, Ресейге ұшақпен барып тұрған.

Бұл өрескел фактіні «Нұр Отан» ХДП-нің Жемқорлықпен күрес жөніндегі Республикалық қоғамдық кеңесінің сарапшылары анықтады.

«ҚР ІІМ Қылмыстық-атқару жүйесіндегі жағдайды талдау жемқорлық фактілерінің азайғанына қарамастан, бұл жүйеде жемқорлықпен күрестің тиімділігі соңғы үш жылда аса төмен екендігін көрсетіп отыр. Заңбұзушылықтар негізінен сотталушыларды мерзімінен бұрын босату немесе жазаны жеңілдету саласында орын алуда», - деді кеңес отырысында сараптау комиссиясының жетекшісі, Мәжіліс депутаты Қайырбек Сүлейменов.

«Мысалы, 18 жылға бас бостандығынан айырылған сотталушыға 10 есе көп демалыс уақытын беру сынды аса өрескел заңбұзушылықты айта кеткен жөн. Оны еш кедергісіз Ресейге де аттандырған, бұған қоса ұшақ арқылы. Нәтижесінде оған 313 күнге «демалыс» берген. Бұл аталмыш жүйедегі жемқорлық байланыстардың ұйымдастырушылық сипат алып кеткендігін көрсетеді», - деп атап өтті ол.

Өз кезегінде кеңес отырысына қатысқан ҚР ІІМ Қылмыстық-атқару жүйесі комитеті төрағасының міндетін атқарушы Жанат Кешубаев, аталған факті бойынша жауаптылар қылмыстық тергеуге алынғандығын хабарлады.

«Бандитизм және адам өміріне қастандық жасау қылмысы бойынша 18 жылға сотталған Блинов 2010 жылдың тамыз айынан бастап Ресей Федерациясына бірнеше рет барған. Аталмыш факт бойынша Қылмыстық-атқару жүйесі комитетінің лауазымды қызметкерлеріне қатысты қылмыстық іс қозғалды. Ол Қаржы полициясы органдарына жолданды», - деп түсіндірді Ж.Кешубаев.


Загрузка...

Пікір (0)

Input is not a number!
Input is not a email!
Input is not a number!