Мектеп оқушылары абақтыда болып қайтты

Фотография - Мектеп оқушылары абақтыда болып қайтты

Қызылорда қаласында мектеп оқушылары облыстық ішкі істер департаменті ювеналды полиция бөлімшесінің ұйымдастыруымен ЗК-169/1 уақытша ұстау абақтысына экскурсияда болып қайтты

196 0

Қызылорда қаласында мектеп оқушылары облыстық ішкі істер департаменті ювеналды полиция бөлімшесінің ұйымдастыруымен ЗК-169/1 уақытша ұстау абақтысына экскурсияда болып қайтты.

Шара барысында оқушылар уақытша ұстау абақтысындағы камераларды аралап көрді. «Бұл шараны ұйымдастырудағы негізгі мақсат, жастар мен жасөспірімдердің арасындағы құқық бұзушылықтардың алдын алу болып табылады» дейді ювеналды полиция бөлімшесінің бастығы Манарбек Есжанов.

М.Есжановтың айтуынша, осындай профилактикалық іс-шаралардың нәтижесінде ағымдағы жылы кәмелеттік жасқа толмағандар арасындағы қылмыстар біршама азайған. Бүгінгі өткізіліп шарада балалар қылмыскерлер ұсталатын абақтыны көргенде қылмыс жасаудың жат қылық екенін ұғынатын болады, дейді мамандар.

Нақты мәліметтерге сүйенер болсақ, 2013 жылдың 8 айында кәмелетке толмағандармен жасалған қылмыстар -2,9 пайызға (102-ден 99-ға) азайған. Қылмысқа қатысқан кәмелеттік жасқа толмағандардың арасында оқушылар саны 48,6 пайызға (107-ден 55-ке) төмендеді.

Есепті мерзімде ішкі істер органдарына құқық бұзған 2601 жасөспірім жеткізіліп, олардың 191-і қаңғыбастықпен айналысқаны үшін кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталығына жатқызылса, 29-ы алкоголь ішімдігін ішіп, қоғамдық орындарда жүргені үшін ұсталды. Облыс көлемінде кәмелетке толмағандармен жасалатын құқық бұзушылықтың алдын алуда мүдделі органдармен бірлесе отырып, «Жасөспірім», «Түнгі қаладағы балалар», «Жазғы демалыс» атты жедел-профилактикалық іс-шаралар өткізілді.

Іс-шаралар барысында прокуратура, білім, балалардың құқығын қорғау басқармалармен және Нұр Отан жастар қанаты өкілдерімен бірлесіп, ойын-сауық орындары мен дүкендерге рейдтер ұйымдастырылды.

Нәтижесінде кәмелетке толмағандардың түнгі уақытта ойын-сауық мекемелерінде болуына жол берген 34 кәсіпкерге, кәмелеттік жасқа толмағандарға темекі сатқан 32 сатушыға, алкоголь өнімдерін сатқан 33 сатушыға әкімшілік шаралар қолданылды.

Қазіргі уақытта облыс көлемінде ішкі істер органдарында 347 кәмелетке толмаған, 301 қолайсыз отбасы есепте тұрады. Оларды үнемі тұрғылықты мекен-жайларынан тексеріліп, профилактикалық әңгімелер жүргізілуде - деп хабарлады  baq.kz

Жоғарыда аталған экскурсия қала мектептеріндегі 80-нен астам оқушыны қамтыған. Мұндай профилактикалық іс-шара алдағы уақытта да өз жалғасын таппақ.

 


Тегтер:

полиция сот

Загрузка...

Пікір (0)

Input is not a number!
Input is not a email!
Input is not a number!