553

Березовкада 10 оқушы дәрігерлерге жүгінді

Бүгін Батыс Қазақстан облысы Бөрілі ауданының Березовка ауылында 10 мектеп оқушысы улану белгілерімен дәрігерлік көмекке жүгінген.
Фотография - Березовкада 10 оқушы дәрігерлерге жүгінді

Бүгін Батыс Қазақстан облысы Бөрілі ауданының Березовка ауылында 10 мектеп оқушысы улану белгілерімен дәрігерлік көмекке жүгінген. Ауылдық мектеп директоры Нұрсұлу Қалиеваның Азаттық тілшісіне хабарлауынша, оқушылар сабақ үстінде өздерін нашар сезініп, ауылдық амбулаторияға жеткізілген.

Оқушылардың бірі - 17 жастағы Динара Ермекбаева есінен танып Ақсайдағы аудандық ауруханаға жатқызылған. Аудандық аурухана дәрігерлері оның жағдайы туралы әзірге ешқандай ақпарат бермей отыр.

Березовка тұрғындары улану белгісімен ауруханаға бірінші рет түсіп отырған жоқ. 2014 жылдың қарашасынан Березовкада бірнеше жаппай улану фактілері тіркелген. Осы уақыттан бері 1300 тұрғыны бар ауылдан 90 адам ауруханаға түскен. Ауыл тұрғындары бастары айналып, қысымдары көтеріліп, жүректері айнитындарын айтады.

Тұрғындар дәрігерлер себебін анықтай алмай отырған белгісіз ауруды ауылға жақын Қарашығанақ мұнай-газ кенішінен шығып жатқан қалдықтардан көріп, өздерін басқа жаққа көшіруді талап етеді.

Билік тұрғындарға жаппай улану себептерін тексеріп, қорытындысын қаңтардың 20-сына дейін жариялауға уәде берген. Осы аптада ауылға Батыс Қазақстан облысы әкімі Нұрлан Ноғаев пен энергетика министрінің орынбасары Ұзақбай Қарабалин барған. Олар қазір ауыл тұрғындарын көшіруге заңдық негіз жоқ деп, ауыл экологиялық жағдайда деп танылса не санитарлық қорғау аймағына жақын орналасқан болса ғана көшірілетінін айтқан.

azattyq.org

Загрузка...