Оралда дүлей боран соғып тұр

Фотография - Оралда дүлей боран соғып тұр

Оралда наурыз айының ортасында жойқын боран соқты.

358 0

Бұл туралы egemen.kz тілшісі хабарлады.

Наурыз айы ортаң белінен асқан кезде батысқазақстандықтар аяқ астынан көзді аштырмайтын ақтүтек боран соғады деп ойламаған еді. Ышқына соққан желдің екпіні де атан түйені жығардай тым қатты болды. Ұйытқи соққан желмен жарысып жауған қар Орал өңірінің қаласын да, даласын да бір демде ақ көрпеге орады да тастады. Боран кезіндегі жойқын желдің әсерінен Орал қаласында және облыстың бірқатар жерінде электр желілері үзіліп, көше бойларындағы билбордтардың мата тектес материалдары быт-шыт болып жыртылып жатты. 15 наурыз күні кешкі сағат 21:00-дің шамасында басталған боран таң ата бір-ақ саябырлады.

Әдетте төтеншеліктер қатты боранның болатынын, желдің жылдамдығы күшейетінін алдын ала хабарлаушы еді. Сірә, аталған қызмет өкілдері мен ауа райын анықтаушылар бұл жолы күтпеген жерден, өткен қыс айларының өзінде болмаған боранның басталып кететінін болжай алмай қалған секілді, дейді Орал қаласының тұрғындары. Шалғайдағы Қазталов және Бөкей Ордасы аудандарынан жеткен хабарларға қарағанда, алағай да былағай қатты жел, боран кезінде көктен түскен қарды үрлеп, үптеп, елді мекендердің іргесіне тықсырып, үйіп тастаған. Қардың үйлер мен әкімшілік ғимараттардың есік, терезелерін басып қалғаны соншалық,таңертең сыртқа шығатын есіктерді ашудың өзі қиынға түскен. Ал ішіне емес, сыртқа қарай ашылатын есіктерді ашу тіпті мүмкін болмады, деп хабарлады Қазталов ауданындағы әріптесіміз Серік Жұмағалиев.

Міне, сөйтіп, кешегі күні наурыздың ақшақары Ақжайық атырабын белуардан келетін ақ көрпеге орады да тастады. 14 наурыз күні республиканың батыс өңірінде көрісу айт мерекесі басталып, наурыз келді, көктем келді, деп ел-жұрт қуанысып жүргенде, бейне бір қыс мезгілі қайта келгендей көрініс орын алды. Дегенмен, кеше боранның беті қайтып, күн қайтадан жылынып, қар ери бастады. Қалай болғанда да ылғалдың мол түскені жақсы. Көктемде ылғалдың мол болуы болашақ ырыс көзі. Әрі бұл құбылыс жылдың жақсы болатынының бір хабаршысы, деп жатты өңірдегі көнекөз қариялар.



Загрузка...

Пікір (0)

Input is not a number!
Input is not a email!
Input is not a number!