Ермегияев параға коттедж тұрғызып, элиталық баспана жалдаған

Фотография - Ермегияев параға коттедж тұрғызып, элиталық баспана жалдаған

Ермегияев пен 20-дан астам қатысушыға 10 миллиардқа жуық теңгені жымқырды деген айып тағылған.

570 0

Астанада Талғат Ермегияевтің атышулы ісіне қатысты сот процесі жалғасып жатыр. Ермегияев пен 20-дан астам қатысушыға 10 миллиардқа жуық теңгені жымқырды деген айып тағылған. Тергеудің нұсқасы бойынша, оның 4,2 млрд теңгесін Ермегияев иемденген, деп хабарлайды BNews.kz.

Айта кетейік, 14 айыпталушы өз кінәсін мойындады. Олардың қатарында құрылыс жұмыстары құнының асырылғанын мойындаған "Southfork ltd." ЖШС директоры Сейіт Сейітов те бар.

Сондай оқиғалардың бірі Астанада "ЭКСПО" көрмесі аумағынан коммуникациялық желілерді шығару болған.

"ЭКСПО" аумағынан желілерді шығару жоспарланып жатқанын білдім. Маманның көмегімен алдын ала сметасы жасалды. Оның есептеуінше шамамен 350 миллион теңгедей шықты. Мен үстінен тағы 200 миллиондай қостым. Салық төлеу, пара үшін қаражатты қолма-қол ақшаға айналдыру көзделді", - деп мойындады Сейітов.

Айтуынша, ол жауапты тұлғалардың әңгімесінен "Астана ЭКСПО-2017" ұлттық компаниясында 1 миллиард теңге қаражат артылатынын біліп, бағаны осылайша айтарлықтай арттыруға бел буған.

"Кейін шарттың сомасы 950 миллион болады деп айтты. Үстіне қосылған 50 миллионды тапсырыс беруші түрлі сараптамалар, авторлық, техникалық қадағалаулар жүргізуге арнаған болатын", - деп мәлімдеді күдікті.

Алайда, Сейітовке белгілі болғандай, желілерді шығару жұмыстарына қаражат бөлу жоспарланбапты, сол себепті ақша «Сембол» түрік компаниясынан тартылмақшы болған.

"Олармен кездестік. 2014 жылдың қазанына дейін қайтару шартымен қаражат бөлуге тиіс болды", – дейді Сейіт Сейітов.

Түрік компаниясының өкілдерімен кездесу барысында жағдай түсіндіріліп, шарт жасалып, "Southfork ltd." жұмысқа кіріскен. 2015 жылдың қаңтарында желілерді шығару үшін бір көзден сатып алу шарасы басталған.

"Сембол" бізге 950 миллионды берді. Тендер 731 миллионға жасалды. Қалған соманы алдағы келісімшарттар есебінен өтеуге уәде берді", - дейді айыпталушы.

Күдікті пара бойынша "міндеттемелерге" жеке тоқталды. Жұмыстар құнын асырудан түскен ақшалар параға кетіп отырған.

Атап айтқанда, 2014 жылдың 1 тамызында 106 миллион теңге аударылған. Бір аптадан соң, 8 тамызда – 100 миллион 900 мың теңге, 24 тамызда – тағы 60 миллион теңге аударылған.

"Қолма-қол ақшасыз аударымдарға" келер болсақ, "Southfork ltd." Ермегияевтің тапсырысымен Тельман кентінде (Астана аумағында) екі коттедж құрылысын жалғастырған. Сейітовтің айтуынша, оған 132 миллион теңге жұмсалыпты. Сондай-ақ Алматы облысының Кеген кентінде 145 миллион теңгеге аңшылық үйі құрылысы жалғасын тапқан.

Сонымен қатар 21 миллион теңгеге Астанада пәтерге косметикалық жөндеу жасалған. Бұған қоса, компания коттеджге 15 миллионға жөндеу жүргізіп, оның жалға алу қызметін төлеуді жалғастыра берген.

Сейітовтің айтуынша, осындай шығындардың салдарынан "Southfork ltd." ЖШС қазіргі сәтте "Сембол" компаниясы алдында 234 миллион теңге қарыз болып отыр. Қолма-қол ақшаға айналдырылған қаражаттардың барлығы параға беріліп отырған.

Сондай-ақ күдікті мердігерлік бойынша шарттардың жасалуына жеке тоқталды. Оның айтуынша, шарттардың барлығы Ермегияевтің өзімен келісілген.

Жалпы алғанда, сарапшылардың мәліметтері бойынша, желілерді шығару жұмыстарына 350 миллион теңге шығындалған. Қалған ақша Ермегияевтің коттедждері мен жаңа Мерседестеріне жұмсалған.

Естеріңізге сала кетейік, Астанада ірі көлемде бюджет қаражаттарын жымқырған Талғат Ермегияев пен тағы 22 қатысушыға қатысты атышулы іс қаралып жатыр. 2016 жылдың 4 сәуіріндегі бірінші сот отырысы барысында 14 сотталушы кінәларын мойындап, өкініштерін білдірген. 5 сәуірде кінәларын мойындаған жемқорлық ісіне қатысушылар Талғат Ермегияевке пара берілгенін растап, бірқатар заңсыз акті мен заңсыз ақшаны қолма-қолға айналдыру жүйесі туралы айтып берді.



Загрузка...

Пікір (0)

Input is not a number!
Input is not a email!
Input is not a number!