Режиссер Жәнібековке қатысты бұлтартпау шарасын өзгеріссіз қалдырды

Фотография - Режиссер Жәнібековке қатысты бұлтартпау шарасын өзгеріссіз қалдырды

Сурет: today.kz

Тергеу 23 қаңтарға дейін ұзартылды.

349 0

Алматы қалалық соты «Феникс» фильмінің режиссері Талғат Жәнібековті қамау мерзімін ұзартты деп, хабарлайды Today.kz тілшісі. Ұсталған режиссердің адвокаты Серік Айтбаевтың айтуынша, судья шағымнан бас тартуға шешім қабылдаған.

Қорғаушының айтуынша, тергеу 23 қаңтарға дейін ұзартылды.

«Біз бағалау туралы есептің түпнұсқасын ұсындық. Кепілдегі мүлік ауыртпалығының жоқ екендігі туралы түзету, кепіл берушінің жазбаша келісімі, ауыл әкімінің жазбаша мінездемесі, ауыл тұрғындарынан мінездеме. Судья бұл құжаттардың барлығы істі жеңілдетеді деп отыр. Олар ақылдаса келе, шағымнан бас тартуға шешім қабылдады. Оның себебін бізге хабарлаған жоқ. Бес жұмыс күнінің ішінде қаулының шығатындығын айтты. Бірақ, санкцияланған қамау екі айға дейін күшінде қалады. Бізге әкім мінездеме берді. Осы уақытқа дейін ешқандай күдікті мұндай анықтама әкелген жоқ. Бұл адам ауылда бұрыннан бері тұрады. Ол үш бала тәрбиелеп отыр. Төрт айлық баласы және кәрі шешесі бар. Егер ол тергеуден қашықысы келсе, баяғыда-ақ кедергі келтіріп, кетіп қалар еді. Күніне екі рет тергеуге барып жүрді. Оның қамауға не үшін алынғанын білмеймін. Ресми себебі – тергеуге кедергі келтірген. Бүгін тергеудің 23 қаңтарға дейін ұзартылғаны белгілі болды»,-деді Серік Айтбаев.

Талғат Жәнібековтің ұсталуы

28 желтоқсанда, ұсталған Талғат Жәнібеков аса ірі мөлшерде мемлекет мүлкін жымқырды деген күдікпен айыпталып отыр. Тергеудің ақпараты бойынша, Алматы қаласының Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросы департаментінің қызметкерлерімен Талғат Жәнібеков ҚР ҚК-нің  189 бабының 4-бөлігі 2-тармағы бойынша (сеніп тапсырған аса ірі көлемдегі бөтен мүлікті қылмыстық топпен иемденіп алу немесе жымқыру) кінәлі деп танылып, қылмыс үстінде ұсталды. 29 желтоқсанда белгілі болғандай, Талғат Жәнібеков 28 ақпанға дейін қамауға алынды.

Режиссерді айыптау

Естеріңізге салайық, «Феникс» фильміне байланысты жағдай соттың талқылауына түскен болатын. Атап айтқанда, Астана қаласының Сарыарқа аудандық сотында ҚР мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлыны ақша бопсалады деп кінәлаған Талғат Жәнібековке қатысты қылмыстық іс қаралған. Режиссердың айтуынша, министрдің кесірінен «Феникс» атты фантастикалық фильмін түсіру жұмыстары тоқтап қалған.

Today.kz редакциясына берген эксклюзивті сұхбатында А. Мұхамедиұлы шиеленісіп жатқан жағдайды оның беделін түсіру арқылы лауазымынан айыруға бағытталып ұйымдастырылған кампаниямен байланыстырды. Министрдің пікірінше, айыптылар тарапынан көтерілген байбалам – бюджеттік қаражатты ұрлағандары үшін жауапкершіліктен құтылудың амалы.

Министрдің адвокаты Ескендір Әлімбаевтің айтуынша, Т. Жәнібековтің айыптары шындыққа жанаспайды. Заңгер «Феникс» фильмін қоюшының министрге тағып отырған айып-шағымдары күмәнді мәліметтерге сүйенгендігінен, сотта дәлелденбей, теріске шығарылып отырғандығын айтты.

Бұған дейін Ресей кинематографистері одағы төрағасының орынбасары Олег Иванов айып тағылған министрге араша түсті.

21 қазанда, осы күндері «Оскар» сыйлығының номинанты болып жүрген белгілі режиссер Ермек Тұрсынов та Арыстанбек Мұхамедиұлына қатысты оқиғалар бойынша өз пікірін білдірген. Ол «Феникс» фильмінің тизерін сараптай келе, оның ескілік жолмен түсіріліп, бұрынғыны қайталаған студенттің курстық жұмысы деңгейінде жасалған дүние деп, төмен баға берді. Режиссер түсірілген тизердің құны бөлінген қаражатқа сәйкес еместігі мен Мұхамедиұлына топ болып орынсыз айып тағуды қолдамайтынын айтты.  

24 қазанда Today.kz Тұңғышбай Жаманқұлов пен «Қазақфильм» киностудиясының бұрыңғы басшыларының бірі Гаухар Ысқақоваға қатысты сотқа дейінгі тергеудің жүргізіле бастағаны туралы хабарлаған.

25 қазан күні ҚР мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлыға жала тағу жөніндегі іс бойынша сот Талғат Жәнібековті айыпты деп тауып, оған ҚР Қылмыстық кодексінің 130 бабының 3 тармағына сәйкес 500 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл тақты. Сот шешімі бойынша пікір білдірген министр А. Мұхамедиұлы Т. Жәнібековке қатысты ауыр жазаның қолданылмауына қолынан келген бар амалдың қолданғанын атап өткен болатын. 

2 қарашада, Тұңғышбай Жаманқұлов 60 миллион теңге жымқырған деген күдікпен ұсталған болатын. Екі күн өткен соң, Жаманқұлов өзінің қорғаушысының қатысуымен, бюджеттік қаражатты ұрлағанын мойындап, келтірілген залалды өтеуге міндеттенді.

5 желтоқсанда, «Феникс» фильмін түсіруге бөлінген бюджеттік қаражаттың ұрлануына байланысты көтерілген іс бойынша, қаржыны өтеу шаралары басталды. Бұл туралы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросы Today.kz  редакциясының реми сауалына жауап берді.

 

 



Загрузка...

Пікір (0)

Input is not a number!
Input is not a email!
Input is not a number!