3083

Қылмыстық топ серкесі Еркін Ізбасар бір жыл бойы жуынбаған болуы мүмкін

Ол 1997 жылы жол апатына түсіп, І топ мүгедегі болып қалды. Ол арбаға таңылған.
Фотография - Қылмыстық топ серкесі Еркін Ізбасар бір жыл бойы жуынбаған болуы мүмкін Сурет: aktobenews.kz

Ақтөбеде "Ағайынды төртеу" лақап атымен белгілі Еркін Ізбасар және оның көмекшісі Қалиевке қатысты сот отырысы басталды. Сот отырысы кезінде Еркін Ізбасардың 1 жыл бойы далаға шықпағаны, жуынбағаны туралы айтылды, деп хабарлайды Today.kz Aktobenews.kz сайтына сілтеме жасап. 

"Ағайынды төртеу" лақап атымен белгілі болған Еркін Ізбасаров өткен жылдың қараша айында ұсталды. Арада бір жыл өткенде прокурорлар тергеу жұмысын аяқтап, істі сотқа жіберді. Алдын ала тыңдау кезінде сотталушылардың аты-жөндері мен тұрғылықты жері, отбасы туралы мәлімет анықталды. Көбі үйленген, балалары бар. Қылмыстық топ мүшелерінің басым бөлігі Ақтөбе облысының Байғанин ауданында тұрады. Барлығы 26 сотталушы, 12 жәбірленуші бар. Жәбірленушілердің көбі кәсіпкер, мұнай компаниясы. Сонымен қатар, Инвестиция және даму министрлігінің Геология және жер қойнауын пайдалану комитетінің өкілі жәбірленуші болып сотқа қатысып жатыр.

"Мен сотта ұлым Еркін Ізбасардың құқығын қорғаймын. Ол 1997 жылы жол апатына түсіп, І топ мүгедегі болып қалды. Ол арбаға таңылған. Өткен жылы қамауға алынып, денсаулығы нашарлап кетті. Қазір Теміржол ауруханасында жатыр. Ұсталғаннан бері жарық көрген жоқ, жуынбады. Бұл жерде Еркін Ізбасардың құқығы қорғалмай отыр", - деді Мейрамхан Ізбасар.

Іс материалына сүйенсек, қылмыстық топ 2014-2016 жылдары аралығында мұнай ұрлап, жалған құжат жасатып, сатумен айналысқан. Сонымен қатар, заңсыз қару сақтады, ұстады деп айыпталып жатыр. 

Басылымның мәліметінше, сотталушыларға Қылмыстық кодекстің "Жалған құжаттарды, мөртабандарды, мөрлердi, бланкілерді, мемлекеттiк пошта төлемі белгілерін, мемлекеттiк наградаларды қолдан жасау, дайындау немесе өткiзу", "Ұрлық", "Ұйымдасқан топ, қылмыстық ұйым құру және оларға басшылық ету, сол сияқты оларға қатысу", "Мұнайдың және мұнай өнiмдерiнің шығарылу заңдылығын растайтын құжаттарсыз оларды тасымалдау, иемдену, өткiзу, сақтау, сондай-ақ мұнайды қайта өңдеу" баптары бойынша айып тағылған.