1084

Жезқазған қаласында 300-ге жуық шахтер наразылық шарасына шықты

Агенттікпен әңгімелесушінің айтуынша, наразылық акциясына 300-ге жуық шахтер қатысуда.
Фотография - Жезқазған қаласында 300-ге жуық шахтер наразылық шарасына шықты Сурет: facebook.com/esenbekjh

Қарағанды облысының Жезқазған қаласында "Қазақмыс" корпорациясының шахтерлері басшыларына талап қойып, наразылық шарасын ұйымдастырды. Бұл туралы "Интерфакс-Қазақстан" жазды. 

"Бүгін түнгі сағат 12-лерде түнгі ауысымның жұмысшылары шахтадан жердің бетіне шығуы тиіс болған. Оңтүстік-Жезқазғандық кен орны шахталарының бірінің шахтерлері шахтадан көтерілуден бас тартып, "Қазақмыс" компаниясының әкімшілігіне талаптарын айтып, өкілдерін жіберген", - деп хабарлады бейсенбі күні "Интерфакс-Қазақстан" агенттігіне наразылық білдірушілердің өкілі Берік Жағыпаров.

Агенттікпен әңгімелесушінің айтуынша, наразылық акциясына 300-ге жуық шахтер қатысуда. Жұмысшылардың тағы бір бөлігі Оңтүстік-Жезқазғандық кен орнының әкімшілігі ғимаратының алдында жиналған.

Жұмысшылар жалақыны 70%-ға көтеруді, 20 жылдық еңбек өтілі бар шахтерлерге зейнетақыны орташа жалақы мөлшерінен 30%-ға көтеруді және жылына бір рет компенсация төлеуді талап етуде. Бұдан бөлек, олар корпорация жұмысшыларын санаторийлерде тегін демалуды қамтамасыз етіп, жұмыс орындарын жасақтауды, еңбекақыны жоспарлы бағалау жүйесі арқылы есептеуді алып тастауды талап етіп жатыр.

Қазіргі уақытта "Интерфакс-Қазақстан" агенттігінде "Қазақмыс" корпорациясының басшылары тарапынан ресми мәлімдеме жоқ.

Кейінірек, Қарағанды облысы әкімінің баспасөз қызметі "30 қарашада Оңтүстік-Жезқазғандық кен орнының жұмысшылары мен "Қазақмыс корпорациясы" ЖШС арасында еңбек дауы туындағаны" туралы ақпарат таратты.

"Облыс әкімдігінің, Сәтбаев қаласы әкімдігінің өкілдері мен "Қазақмыс" компаниясының басшылары оқиға орнында. Келіссөздер жүргізіліп жатыр. Жағдай бақылауда", - деп атап өтті баспасөз қызметіндегілер. Олар келіссөздер аяқталған соң ресми мәлімдеме жасайтынын айтып, уәде берді.