526

Өскемен әкімінің орынбасары Расул Манапов пара алды деген күдікке ілінді

Бұған дейін Расул Манаповтың қазан айындағы демалыс күндерінің бірінде қызметтік көлігімен демалғаны әшекере болған еді.
Фотография - Өскемен әкімінің орынбасары Расул Манапов пара алды деген күдікке ілінді Сурет: Өскемен әкімдігінің баспасөз қызметі

Өскемен әкімінің орынбасары Расул Манапов пара алды деген күдікке ілінді. Шығыс Қазақстан облысы бойынша сыбайлас жемқорлыққа қарсы Ұлттық бюро бөлімшесі тергеу жүргізіп жатыр. Бұл туралы жергілікті БАҚ хабарлады, деп жазады Today.kz.

Cыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет лауазымды тұлғаға қатысты пара алу ісіне Манаповтың қатысы бар-жоғын анықтап жатыр. 

Қала билігі тергеудің Манаповтың Өскемен әкімдігіндегі жұмысына қатысты емес екенін мәлімдеді. 

"Расул Манаповқа қатысты жүріп жатқан сыбайлас жемқорлыққа қарсы тергеу Өскемен әкімдігіндегі жұмысына байланысты емес. Сондықтан ол бұрынғыдай штатта, қызметінен босатылған жоқ. Манаповтың әрекетіне қатысты тергеу оның бұрынғы мемлекеттік қызметтеріне байланысты болуы мүмкін", - деді қала әкімдігінің баспасөз қызметі. 

Айта кетейік, бұған дейін Расул Манаповтың қазан айындағы демалыс күндерінің бірінде қызметтік көлігімен демалғаны әшекере болды. Оған қатаң сөгіс жарияланды. Өскемен әкімі Қуат Тұмабаев қызметтік көлікті екі ай бойы, яғни 2018 жылдың 1 қаңтарына дейін қолдануға тыйым салды. 

Расул Манапов мемлекетке келтірілген шығынды толық өтеп, жиырма сағат бойы қоғамдық жұмысты орындауға өз еркімен сұранды.