756

Қарағандыда ресейлік баланы анестезия егіп өлтіріп алған стоматология жабылды

Бала – Ресей азаматшасы, Омск облысының тұрғыны. Ата-анасы келісімшарт бойынша Қазақстанда жұмыс істейді.
Фотография - Қарағандыда ресейлік баланы анестезия егіп өлтіріп алған стоматология жабылды Көрнекі сурет

Ресейлік балаға анестезия егіп, оны о дүниеге аттандырған Tiny Dent жеке стоматологиялық клиникасы жабылып қалды, деп хабарлайды Today.kz.

Клиника енді науқастарды қабылдамайды. 

"Бүгін 28 ақпанда біз "Медси" ЖШС-нан хабарлама алдық, хабарламада клиника иесінің стоматологиялық қызметтің барлық түрін тоқтатуға шешім қабылдағаны айтылған. Бір күн бұрын, 27 ақпанда ЖШС стоматологиялық көмектің тек анестезиология-реаниматология қызметін ғана тоқтатқандарын айтқан еді", – деді Қарағанды облысы қоғамдық денсаулықты қорғау департаменті басшысының орынбасары Ольга Смирнова. 

Ольга Смирнова клиниканың жабылу туралы шешіміне өз көзқарасын білдірді. 

"Бұл – болған оқиғаны сараптаған соң қабылданған парасатты шешім. Комиссия әлі де жұмыс істеп жатыр, қылмыстық іс бойынша тергеу жалғасуда. Стоматологиялық клиниканың басшылығы жазбаша түрде екі апта бұрын жұмысқа қабылданған анестезиологтың екі жыл бұрын басқа стоматологияда болған қыздың өліміне қатысы бар екенін білмегендерін түсіндірді. Барлық түсініктеме тексеру материалдарына тіркелді. Комиссияның жұмысы жалғасып жатыр", – деді Ольга Смирнова. 

Естеріңізге салайық, 22 ақпанда Қарағандыдағы жеке стоматологиялық клиникасында анестезия салынған бір жас, алты айлық баланың жүрегі тоқтап қалған еді. Жедел жәрдеммен клиникаға жеткен дәрігерлер жүректің жұмысын қалпына келтіргенімен, 14 сағаттан өткен соң, 23 ақпанда ауруханада бала миы ісініп, қайтыс болды. 

Бала – Ресей азаматшасы, Омск облысының тұрғыны. Ата-анасы келісімшарт бойынша Қазақстанда жұмыс істейді. 

ҚР ҚК бойынша қылмыстық іс қозғалды.