2182

Апатқа ұшыраған "Союз МС-10" кемесінің ғарышкерлері дін-аман

Ғарышкерлер дін-аман, жағдайлары жақсы, медициналық көмекке жүгінген жоқ.
Фотография - Апатқа ұшыраған "Союз МС-10" кемесінің ғарышкерлері дін-аман Сурет: видеодан скриншот

Апатқа ұшыраған "Союз МС-10" кемесінің ғарышкерлері дін-аман. Бұл туралы бүгін ҚР ІІМ Төтенше жағдайлар комитетінің төрағасы Владимир Беккер айтты, деп xабарлайды Today.kz ҚазАқпаратқа сілтеме жасап. 

"Зымыран ұшырылғаннан кейін шамамен он бірінші секундында бірінші  сатысы ажырағаннан соң штаттан тыс жағдай орын алды. Соның салдарынан экипаж ғарыш кемесінен капсуламен бөлініп шығу туралы шешім қабылданған. Капсула Жезқазған қаласына шамамен 25 шақырым жерге штаттық режимде қонды", - деді ол. 

Оның айтуынша, ғарышкерлер дін-аман, жағдайлары жақсы, медициналық көмекке жүгінген жоқ. Қазіргі уақытта оларды іздеу тобы тауып, олар Байқоңыр ғарыш айлағына бет алған.   

Айта кетейік, бүгін 14 сағат 40 минут 15 секундта Байқоңыр ғарыш айлағының Гагарин старт алаңынан орбитаға басқарылатын көліктік "Союз МС-10" кемесін алып шығуы тиіс "Союз ФГ" зымыран тасығышы ұшырылды. Бірақ старт берілген соң бірнеше минуттан кейін Роскосмос сайтындағы тікелей көрсетілім үзіліп, диктор "зымыран тасығыштың апатқа ұшырағанын" хабарлаған.   

"Союз МС-10" кемесінің бортында Роскосмос ғарышкері Алексей Овчинин мен NASA ғарышкері Ник Хейг бар.

 Сәл кейінірек апатқа ұшыраған зымыранның видеосы жарияланды.


Загрузка...