4083

Қытай түрмесінде жатқан Ақжарқын Тұрлыбай әке-шешесіне хат жазды

Хатында бойжеткен отбасын сағынып жүргенін айтқан.
Фотография - Қытай түрмесінде жатқан Ақжарқын Тұрлыбай әке-шешесіне хат жазды Сурет ашық дереккөзден алынды

Есірткі тасымалдады деген айыппен Қытай түрмесінде жатқан қазақстандық Ақжарқын Тұрлыбай абақтыдан әке-шешесіне хат жолдады, деп хабарлайды Today.kz. Бұл туралы қыздың адвокаты Сұңқар Нұрмағамбетов айтты. 

Ол хаттың қытай тілінен аударылғанын, қосымша пікір алу үшін өзін де, қыздың отбасын да мазаламау керектігін жеткізді. 

Хатында Ақжарқын әке-шешесін сағынып жүргенін, қатты есейіп, спортпен шұғылданып жүргенін жазған. Анасынан уайымға салынбауды сұрайды. 

"Құрметті әке-ана! Сәлеметсіздер ме? Төрт жылдың ішінде сіздерге бірінші рет хат жазып отырмын. Қатты сағынып жүрмін! Құрметті анашым, мені мүлде уайымдама, денсаулығыңды сақтауың керек, біз бір отбасымыз ғой. Менің денсаулығым тамаша, күн сайын спортпен шұғылданамын. Көп нәрсе үйрендім. Кішкентай қыз есейді. 

Шынымен басқа адамдар, басқа мәдениет, білім беру деңгейі де басқа. Көп нәрсе түсіндім. Сіздердің суреттеріңізді алдым, оған қарадым. Үйде бәрі қатты өзгеріп кетіпті, сіңлім өзгеріпті, әдемі болып кетіпті, інім өсіпті. 

Өтінемін, сабырмен күтіңіздер! Қазір өте мықтымын, соңына дейін аяғымда нық тұра аламын, өтінемін үміттеріңізді сөндіре көрмеңіздерші. Мені үнемі қолдайтындарыңызды, артқа шегінуіме жол бермейтіндеріңізді білемін

Әр туған күнім, торт, бәліш, мейрамдардағы әр сыйлық – бәрі есімде. Сіздерге рақмет!", – деп жазды Ақжарқын Тұрлыбай әке-шешесіне. 

Естеріңізге салайық, Ақжарқын Тұрлыбай 2014 жылдың наурызында есірткі тасымалдады деген күдікпен Гуанчжоу қаласының әуежайында ұсталған болатын. 2015 жылдың маусымында Қытай соты оны өмір бойына бас бостандығынан айырды. Сотта Ақжарқын шетелдік досы алдап кеткенін айтып, кінәсін мойындаған жоқ.

Апелляциялық инстанция соты өмір бойына бас бостандығынан айыру туралы үкімнің күшін жойды.
Загрузка...