2091

Денис Тенді өлтірген жоқпыз – Үш күдікті де кінәларын мойындамады

Күдіктілер отырысқа кешіктіріліп жеткізілді, сондықтан сот кешірек басталды.
Фотография - Денис Тенді өлтірген жоқпыз – Үш күдікті де кінәларын мойындамады Сурет ашық дереккөзден алынды

Алматыда қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотта қазақстандық мәнерлеп сырғанаушы Денис Теннің өліміне қатысты сот отырысы өтіп жатыр, деп хабарлайды Today.kz  сайтына сілтеме жасап. 

Күдіктілер отырысқа кешіктіріліп жеткізілді, сондықтан сот кешірек басталды. 

Судья журналистерге залда отыруға рұқсат бермеді. БАҚ өкілдері үшін басқа бөлмеде тікелей трансляция ұйымдастырылды. 

Отырыста сотталушы Арман Құдайбергенов ұрлық жасағанын мойындады, бірақ ол Денис Тенді өлтіруді жоспарламағанын алға тартты. 

"Мен ұрлық жасағанымды мойындаймын. Қарақшылық пен адам өлтіру қылмысын жасау ойымда болған жоқ. Жаңқабаев пен Шəмшиевтің, Теннің айнасын алғанымды мойындаймын",- деді Құдайбергенов. 

Қиясов өз қылмысын мойындаған жоқ. 

"Мен айыпты мойындамаймын, өлтірген жоқпын, ұрлаған жоқпын", — деді Қиясов.

Ал үшінші күдікті Жанар Толыбаева өзіне айып тағылып отырған баптарды ауыстыруды өтінді. Оның айтуынша, қылмысқа бара жатқанын білмеген. 

"434-бапты да мойындамаймын. Себебі, мен пышақ салып жатқанын көрген жоқпын",- деді Толыбаева.

Денис Теннің өліміне қатысты іс бойынша алғашқы сот отырысы 25 желтоқсанда өткен еді. Сот алдына үш адам келді — Нұралы Қиясов, Арман Құдайбергенов және Жанар Толыбаева. Отырыста күдікті әйелдің аяғы ауыр екені белгілі болды.

Отырыста жәбірленуші тараптың адвокаты Нұрлан Өстеміров Денис Тен тапсырыспен өлтірілді деп мәлімдеп, соттан істі қосымша тергеуге жіберуді сұраған болатын. Бірақ судья істі қайта тергеуге жіберудің қажеті жоқ деп шешті. 

Бұдан бөлек, Теннің отбасының қорғаушысы спортшының өліміне себеп болған айна ұрланған сәтті екі полицейдің көруі мүмкін екенін айтты.

Загрузка...