1290

Атырауда сәбилерінен айырылған әйелдер облыстық перзентхананы тексеруді сұрады

Атырауда құрсақтарын жарып шыққан құлыншақтарынан айрылған аналар шағымын жеткізді.
Фотография - Атырауда сәбилерінен айырылған әйелдер облыстық перзентхананы тексеруді сұрады Көрнекі сурет

Атырауда құрсақтарын жарып шыққан құлыншақтарынан айрылған аналар шағымын жеткізді. Бірі айы-күні жетіп, енді бірі мерзімінен бұрын облыстық перзентханада босанған олардың сәбилері дүниеге келгеннен кейін он күнге де жетпей шетінеп кеткен. Аналардың айтқанына сенсек, барлығы да қан құйылғаннан кейін күрт нашарлап, өліп кететін көрінеді. Бұл туралы КТК арнасы хабарлады, деп жазады Today.kz.

Өткен жылдың соңында Атырау облыстық перзентханасында босанып, артынша-ақ баласынан айырылған көп ананың бір бөлігі дау көтерді. Бірі көптен күткен тұңғышынан, енді бірі егізінен айырылыпты. Олардың айтуынша, шақалақтары дүниеге шыр етіп, аман келгенімен, көп ұзамай шетінеп кеткен.  

"Өзім босандым, екі егізімді. Босанған соң дереу реанимацияға алып кетті, екеуін де, сегізінші күні балаға қан құямыз деді. Қан құйғаннан кейін дәреті жүрмей қалды, ер баламда бірінші, содан кейін денесі ісе бастады. Аузынан қан құсты, қыз тірі қалады деп айтты, қыз да дәл солай, ер балам сияқты кетті артынан", – дейді Атырау қаласының тұрғыны Альбина Ермекова.

Жағымсыз жайттың бәрі медициналық мекеме ішінде, дәрігерлердің көз алдында болған. Қан немесе плазма құйылғаннан кейін дәл осындай белгілермен көз жұмған нәрестелер біреу-екеу ғана емес, - дейді  келіншектер. 

"Бәріне әйелдерге айтатыны бір диагноз – инфекция дейді. Бәрінде ондай болуы мүмкін емес қой", – дейді Атырау қаласының тұрғыны Гүлайна Серікбаева. 

Осылай дүдәмал күйде жүрген аналар сәбилерін жер қойнына беріп, ес жиып, өз-өздеріне келген соң жағдайды түсіндіріп беруді талап етіп, перзентхана басшылығына кірген. Бірақ бас дәрігер, ештеңе айтпастан, бұларды қуып шықты. Айтқандарынан қайтпасқа бекінген ашулы аналардан құтылмасын сезді ме, араға он шақты күн салып, арызданушылардың өкпесіне құлақ түрді. Онда да әңгіме жұмыс кабинетінде емес, есік алдында өрбіді. Оған қарағанда, аналар арызданбас үшін әуелі бас дәрігермен ақылдасу керек екен. 

"Сіз қолыңызда ешқандай дәлеліңіз жоқ, ешқандай шағым түсірмедіңіздер. Халық арасында шындап келгенде дүрбелең тудырып отырсыздар. Денсаулықтау басқармасына, Ішкі істер басқармасына облздравқа жаздыңыздар ма?  Сіздің қолыңызға  дәрігерлері кінәлі деген анықтама берді ме?  Сіздер шағым түсіру үшін ойлану керексіз ғой", – деді Атырау облыстық перзентханасының бас дәрігері Қуаныш Нысанбаев.

Осынау сөздерден кейін аналар құқық қорғау орындары мен медициналық және фармацевтикалық қызметті бақылау комитетінің жергілікті департаментіне арыз түсірді. Бірақ перзентханадағы нақты бала өлімі дерегі туралы ақпарат әзірге белгісіз. Бұл мәліметті облыстық денсаулық сақтау департаменті ресми түрде сәл кейін беруге уәде етті. 

Ал қалалық жұмыспен қамту, әлеуметтік бағдарламалар және азаматтық xал актілерін тіркеу бөлімінің мәліметінше, өткен жылы Атырауда түрлі жағдайда 1 жасқа дейінгі 1865 бала шетінеп кеткен.

Загрузка...