986

Талғардағы қаңғыбас иттер балаларға шабуыл жасай бастады

Талғар қаласында тәулігіне 10 мен 20-ға дейін кезбе ит ауланады екен.
Фотография - Талғардағы қаңғыбас иттер балаларға шабуыл жасай бастады Көрнекі сурет

Қаңғыбас иттерден зәрезап болған Талғар қаласының тұрғындары үйлерінен шығудан қалған. Көпқабатты үйлердің иелері қараусыз қалған иттер жұрттың бәріне шабуылдайтынын жеткізді. Ал ветеринарлық станция мамандары жағдайды ескермейді деп қынжылады. Бұл туралы КТК арнасы хабарлады, деп жазады Today.kz.

"Ит аяғымды тістеді де қашып кетті. Мені үйге бір аға апарып тастады", – дейді зардап шегуші Қымбат Елемес.

1 апта бұрын қызын ит қапқан Алина Әбілдаева соңғы кезде балаларын далаға жалғыз жіберуге қорқады. Тұңғышы Қымбаттың үрейі ұшқан. Әлі емдетіп жүр. Айтуынша, үй мен мектептің арасында қаңғыған, аш-арық ит көп. Өз бетіне жүрсе бір сәрі, адамға тап беріп, талап тастауға әзір. 

"Азанда мен балаларды мектепке әкеп тастап үйге қайтарда алдымнан 20 шақты ит шығып жан-жағымнан жабылды. Менің қызымның аяғын да тістеп алды. Мен қызымды емдетіп жатырмын. Әлі 5 күн алады укол", – дейді зардап шегуші Қ.Елеместің анасы Алина Әбілдаева. 

Жамбыл Жабаев атындағы №6 орта мектепте балалары оқитын ата-аналар алаңдаулы. Себебі, білім ошағының маңы қаңғыбас иттердің ордасына айналған. Бастауыш сынып оқушылары кезбе иттердің күшіктерімен ойнап жүр

"Екі балам мектепке барады. Мектептің қасына тиіп тұр үйім. Бірақ мен балаларымды таңертең және түсте күтіп аламын. Өйткені, жабайы иттерден қатты қорқады балаларым", – дейді Талғар қаласының тұрғыны Әсем Әбдіманапова. 

 Ал, ветеринарлар иесіз қалған иттерге шағымданушылар әсіресе қыста көбейетінін айтады. Жаз бен көктемде төртаяқтылар көбіне саяжайларды паналаса, суық түскен соң тамақ іздеп, қала көшелеріне шығады екен. 

"Былтыр 1000-нан астам адамды қапты. Былтыр 4 мың иттей ауланды. Біз итті 3 күн ұстаймыз. 3 күннен кейін екпе салып кейін өртеп жібереміз", – дейді Талғар ауданының ветеринариялық станциясы директорының орынбасары Жанат Байқанов. 

Талғар қаласында тәулігіне 10 мен 20-ға дейін кезбе ит ауланады екен

Шаһардан бөлек ауданға қарасты 10 округтегі жағдайды бақылау ветеринарлық станцияның міндеті. Өткен жылы төртаяқты хайуандардан зардап шеккендер саны 600-ге жуықтаған. Дәрігерлер құтыру індеті тіркелмесе де сақ болуды ескертеді. 

"Апта сайын қабылдау бөліміне ит қапқан 11-15 адамды тексеріп, көмек көрсетеміз. Ал айына 60-тан астам тұрғын жүгінеді. Қала мен маңындағы халық санының өсуі де бұған әсер етіп отыр. Ит шапқан жағдайда дереу тексеріліп, тиісті екпені алу міндетті", – дейді Талғар аудандық орталық ауруханасы директорының емдеу ісі жөніндегі орынбасары Қайрат Исабаев.  

Қаңғыбас иттердің көбейгені соншалық аудан ортасында орналасқан әкімдіктің ғимаратының алдында емін-еркін жүр. Кейбірі қожайынның жауапсыздығынан қаңғырады. Қайсыбірі адасып жүр, ал мүлдем иесіз кеткені қоқыстан талғажау іздейді. Талғар аудандық ветеринарлық станциясының мамандары қаңғыбас иттермен күресу үшін кешенді түрде жұмыс жүргізіп жатқанын айтып ақталды. Дегенмен тұрғындардың бұған көңілі толмай отыр. Олай дейтін себебіміз, аулаларды топ-тобымен кезіп жүрген төртаяқты хайуандар тұрғындардың өздеріне шабуыл жасай бастаған. Былтыр қаңғыбас, кезбе иттермен күресу үшін қазынадан 8 миллион 480 миың теңге бөлініпті. Биыл бұл сома көлемі тағы еселеніп отыр. Яғни 11 миллион теңгеге жуықтайды. Дегенмен, тиісті қаражат бөлінгенше тұрғындардың өздеріне амалдай тұрудан басқа жол жоқ.