1558

Тараздағы жарылысты үкімет комиссиясы тергейді

Комиссия мемлекет басшысының тапсырмасымен құрылды.
Фотография - Тараздағы жарылысты үкімет комиссиясы тергейді Сурет: instagram /@zellotaraz

Тараз қаласындағы төтенше жағдай туралы ҚР Премьер-Министрі Асқар Мамин шұғыл түрде Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа баяндады, деп хабарлайды Today.kz ҚР Премьер-Министрінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап. 

Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Ж. Қасымбектің төрағалығымен үкімет комиссиясы құрылды. Комиссия мүшелері Тараз қаласына оқиға орнына ұшып кетті.

Апат болған үйдің тұрғындары осы үйге жақын маңдағы №41 мектепке орналастырылды, ыстық тамақпен қамтылды, уақытша тұруға қажетті жағдайлар жасалды. Олармен медицина қызметкерлері мен психологтар жұмыс істеуде. 

ҚР ІІМ ТЖК алдын-ала мәліметі бойынша, жарылыс газ жабдығын абайсыз пайдаланудан орын алған.

ҚР ІІМ ТЖК күшімен қажетті мамандар мен техника саны жұмылдырылды, үйдің барлық тұрғындары толық көшірілді. Үйінділер астынан 8 адам шығарылды, оның 2-уі қаза тапқан. Зардап шеккендердің халі — орташа ауыр.

Жедел штаб құрылды, +7- 7262 - 513575 нөмірі бойынша жедел желі жұмыс істейді.

Бұрын хабарланғандай, 27 ақпанда Тараздағы көп қабатты тұрғын үйде жарылыс болды.